Banner

About Us

We must explain to you how all seds this mistakens idea off denouncing pleasures and praising pain was born and I will give you a completed accounts of the system and expound.

Contact Info

123/A, Miranda City Likaoli Prikano, Dope United States

+0989 7876 9865 9

info@example.com

Z буынның сот алдындағы сөзі

“Наразылығым бар”, деген дауыс саңқ етті аға буын сот алқасындағы айыпталушы жақтан. «Артылған бүкіл айыптаулармен келісе тұрып, сізді және залдағы барша қауымды ойлануға шақырамын». Зал жақтырмай күбір, жыбыр еткенде, сот төрағасы гүр етті:

— Айта беріңіз.

Бұл сөз, шағым беруші ретінде отырған ата-аналарға ескерту тәрізді еді. Жас буын сөзін сабақтады:

— Бізге ашуландыңыздар. Істеген әр ісіміз үшін бізді айыптадыңыздар. Иә, біздің дәлелденген үлкен қателіктеріміз бар. Расында естеріңізде жоқ па, қолымыздан түспейтін ана телефондарды сіздер алдыңыздар. Теледидарды төрге шығарып, үйге интернет орнатқан да сіздер. Апта соңында сауда орталықтарына, мереке күндері демалысқа апардыңыздар.

Бізге уақытты арандай жұтатын сауда орталықтарының орнына адамның жан дүниесін сергітетін орманның, бес жұлдызды қонақ үйдің орнына мың жұлдызды ауыл үйінің табиғилығын, болмысын көрсетіп, үйретпедіңіздер. Мерекелерде шаңдатып ауылға бармай, арнайы демалыс орындарына бет алуды әуелі сіздер бастадыңыздар.

Бақшадан жиған көкөністің, күн көзінде кептірілген жеміс-жидектің жылтырақ қағазға оралған не екені белгісіз тағам түрлерінен мың есе дәмді екенін білуімізге жол бермеген де сіздер. Үсті-басың бүлінеді деп саябаққа жібермедіңіз, бірақ көңілің бұзылады демей цифрлы әлемнің ортасына жалғыз тастап жүре бердіңіздер.

Маңдай термен табылған бес теңгенің аяр жолмен келген он теңгеден әлдеқайда бағалы екенін, беру қалтаға емес, жүрекке қатысты екенін, ең қымбат нәрселердің ақшаға сатылмайтынын үйретпедіңіздер.

Мынадайларды қайдан тапқан, үлгі тұтар басқа тұлға қалмаған ба? Мына экрандағы фондары немене дедіңіздер.

Айыпқа бұйырмаңыздар, бірақ, сол біз үлгі алар тұлға іздеген шақта бізді кімге табыстадыңыздар? Экранға ма? Түрлі кино, сериалдарға ма?

Бәрін сатып алу жағында болдыңыздар. Расында бір жыртық жамап көрдіңіздер ме? Кішкене сөгілген жерді бірге отырып тігіп те көрмеппіз. “Көнерді, жаңасын аламыз” деп ылғи тастай салмаушы ма едіңіздер? Таза киініп, күлімдеп жүрудің кез келген бренд, маркадан құны артық екенін де білуші ме едіңіздер?

Аяқкиімді жаңалап бояуды, сөгілген жерін тігуді үйрене алмадық. Басты нәрсенің киім-кешек емес, ішкі дүниеміз екенін білмей есейдік. Бұдан бізді жапа шегеді деп ойламадыңыздар ма? Рас, не керектің бәрін алдымызға тостыңыздар, қарнымызды тойдырып, жып-жылы бөлмеде ұйықтадық. Ал дүниенің басқа бір жағында жұрттың ақ қар, көк мұзда бір бума отын не бір жұтым су таппай қиналғанын неге айтпадыңыздар? Қазір қадірін білмейсіңдер деу оңай. Онсыз да мұны көрген соңғы буын өздеріңіз емес пе? Солай ғой?

Бізді үлде мен бүлдеге орап өсірдіңіздер, сәніміз де келісті, сөйтіп мына ошаған қаптаған дүниеде бізден қалай табыс күтпексіздер? Мәселен, бізге жақсылар секілді жамандардың да бар екенін үйретулеріңізге болар еді.

Сенімі мол ат төбеліндей ғана қауымның дүниені жақсылықпен қайта құра алатынын, маңыздысы қолдағы диплом, құлақ тұндырған қолпаш емес, бір жанның жүрегіне, көңіліне әсер ету екенін үйрете алар едіңіздер.

Неліктен адам болуымызға, сүрінгенге демеу болып, әлдекімнің қайғысына ортақтасуымызға, асымызбен бөлісіп, бір балаға Құран кәрім үйретуімізге, тегімізді ұмытқан текті ұлттың ұрпағы екенімізді жұртқа жеткізуімізге мүмкіншілік бермедіңіздер?

Ең тәуір мектепте, ең атақты оқу орнында оқыса, ең қажет білімге қол жеткізеді дегенді қайдан шығардыңыздар?

Жақсы көрген жандармен барымызбен шынай бөлісудің әлеуметтің желілердегі бөлісуден әлдеқайда артық екенін неге еш уақытта айтпадыңыздар? Намыс, ар-ұят дегендерге де сонда көбірек ие болар ма едік?

Бізді неліктен мыңдаған жылдық тарихымызды, дұрыс сенімге бет бұрған жүрек пен көңілді елеп-ескермейтін әлдимен өсіргенсіздер? Бірыңғай мансап жолын ғана жоспарлап, моральдік азғындық қалыпты жайға айналса да үнсіз қалған да сіздер болатынсыздар.

Сонымен, құрметті ата-аналар!

Жасанды құнармен тыңайтып, төрт мезгіл суарып, танымал әдіспен өсірген жас өркендеріңіз сіздің жаныңызды тыныштыққа бөлейтін сая бола ала ма? Мол өнім алу былай тұрсын, одан жақсы тұқым шығара аласыз ба?

Көзі мен көңілін, бауы мен бақшасын, дәурені мен өмірінің жалғасын тек сол көз тартар дүнияуи нәрселер үшін көлеңкелеп, қуартып алған жоқсыздар ма? Жоқ дегендерге айтарымыз жоқ. Бірақ көпшілігіңіз айнала түгел сондай ғой деген желеумен жайбарақат қалыптан жаңылмайсыздар, сәл жарықтан мезі боласыздар… Көлеңкелі тұсыңызға жарық түсіріп, арыңызды жауапқа тартқандарға жаулық ойлаудан да тартынбайсыздар. Жалпы, сот мырза, кінәліні баулыған, қылмыстың негізін салған, тәнімізді тойдырып, қалтамызды толтырған, ал жан дүниемізді, рухымызды өлердей аш қалдырған жұрттың бәрі бірінші дәрежеде кінәлі.

Залда қысқа, бірақ әсері зор, ерекше үнсіздік орнады. Сосын соттың таныс даусы гүр етті.

— Әркім өз ар-ожданының алдында ақталсын. Іс тоқтатылды.

Добавить комментарий