Category

ТАРИХ

Category

Oл әлемді жаулаған әмірші емес, «жаулауды күте білген» әмірші ретінде танымал.

скендір өлген кезінде айналасында грек, үнді, парсы және басқа елдердің оқымыстылары болған. Көзі тірісінде білімді кісілердің басын қосып, ашық мәжіліс өткізетін, ғалымдардың пікірталастарын тыңдап, арасында өзі де араласатын. Өлгенде басына жиылған қалың халық пен әскерден қалмай сол ғұламалар да келеді. Солардың ішінен біреуі сөз алып “Әрбіріңіз сөйлегенде оның жақындарының көңіліне дем беретін, халық үшін үгіт-насихат болатын нәрселер айтыңдар” деп, қолын Ескендірдің денесі жатқан алтын табыттың үстіне қойып “Құлдарды құл еткен, енді өзі құл болды” дейді. Содан кейін қасындағылар кезекпен сөз алады:    

“Бұл әмірші алтын жиып, жасырып қоятын. Енді алтын оның өзін жасырып көрсетпей тұр”.

“Жұрт мына өлікке қазір мүлде қызықпайды, ал ішіне салған табыты қандай сұранысқа ие”. 

“Сенен қорқатын адам көп еді, өзіңді көрмесе де, сенен қорқатын. Бірақ қазір олар алдыңда, сенен қорықпайды”. 

 “Өлмеу үшін ол не істемеді, талай жанды қиды. Ал енді өзі өліп жатыр”.

“Саған не болған, бірде-бір дене мүшеңді қимылдатуға шамаң келмейді? Кеше ғана жер бетінің дербес билеушісі едің. Енді не болды саған, жатқан жеріңнің тарлығынан да құтыла алмайсың? Расында жалпақ жаһанның өзі тарлық етіп еді”.

“Әй, ашуы ажалға тең болған жан, ажалға да бір ашулансаңшы!”

Өлмей тұрып атышулы әмірші еді

Ескендір б.д.д. 356 жылы 20 шілдеде Грекияның солтүстігіндегі Пеллада дүниеге келген. Maкедония билеуші II Филиптің ұлы Ескендірді білмейтін жұрт кемде-кем. Б.д.д. 336-323 жылдар аралығында Македонияда билік жүргізген Ескендір тарихтағы ең табысты император саналады. Әкесі Филип секілді қатал, қыңыр болмаған, соған орай ешкім Ескендірді соншалықты табысқа жетеді деп те ойламаған. Алайда ешкім күтпегендей, билікті иеленісімен кей мемлекет қызметкерлерін өлімге бұйырып, бас көтерген жерлерде қаталдығын көрсеткен.

Таққа отырған күннен бастап оның үлкен мақсаты Парсы империясын басып алу болған. Өз жеріндегі тәртіпті ретке келтірген соң, Азия жорығына дайындыққа кіріседі. Б.д.д. 334 жылы 35 мың әскермен жорыққа шығады. Бұл жорықта оған инженерлер, сәулетшілер, ғалымдар мен тарихшылар да еріп шығады. Парсы әскерімен Граникос деген жерде және қазіргі Деличай Иссоста екі рет үлкен шайқасқа түсіп, жеңіске жетеді.

Алғашқы шайқастарының өзінде ешкім білмейтін қулықтар жасайды. Бір жолы жау әскерінің арасына жаршы жібереді. Ол былай деп үндеу тастайды: “Әй, парсылар! Сендердің бізге, ал біздің сендерге екіжақты түрде жазысқан сенімхаттар жайын бәрің білетін шығарсыңдар. Осы сөзден айнымағандар мына жерден бөлінсін. Біз оларға лайықты құрметті көрсетеміз”. Мына сөз парсылардың арасында алауыздық тууына себеп болады. Ал Ескендір сәл күтіп мәселе ушыққан тұста шабуылға шығып, жеңіске жетеді.

Ескендірдің күте білуінің бұл соңғысы емес басы еді. Жеңістен кейін парсылардың теңіз флотының орталығы Сирия, Финикия жағына қарай жылжиды. Алдынан шыққан барлық парсы қалаларын оңай басып алғанмен, Тироста (қазіргі Сур қаласы) қатты қарсылыққа жолығады. Сол жерде 6 айға созылған ұрысты Ескендірдің қалай жүргізгенін Ибн әл-Әсир еңбегінде былай баяндайды: 

“Ескендір қаланы қоршауға алғанда бекінісінің мықты әрі мол азық-түлік қоры барын, қоршауға дайын екенін біліп кері шегінеді. Қалаға саудагер тәрізді етіп өз адамдарын жібереді. Олар артынып-тартынып қалаға кіреді. Сонсын қалада бүкіл азық-түлікті қымбатқа сатып алып, жинауға кіріседі. Жиғандарын артынан ыңғайлы бір жерде өртеп, қашып кетеді. Одан кейін қаланың маңайындағы ауылдарды да талан-таражға түсіреді.  Қала азықсыз қалады. Осы екі арада 5-6 ай өте шығады және Ескендір қайта соғып қаланы тез басып алады”.

Ескендір оңтүстікке тағы тереңдеп Газаға жетеді. Ол жерде де қарсылыққа жолығады. Оны екі айға жуық уақытта бағындырып, 332 жылы Мысырға кіреді, ол жерде парсылардың қысымынан шаршаған, ал мұны содан құтқарушыдай көрген халық қуанышпен қарсы алады. Қыстай Мысырда билік тізгіндерін ретке келтіріп, Александрия шаһарын салғызады. Ел билігін мысырлықтардың өзіне бергенмен, әскер тізгінін македониялықтарға ұстатады.

Азияға билік жүргізуді көксеген арманы оны шығысқа қарай тарта береді. Аз уақытта Каспий жағалауына жетіп, одан әрі Ауғанстанға дендей енеді. Осыған жетемін дегенше оның қалыптастырған жаңа жүйесі бұрынғы қолбасыларына ұнамайды. Сол кезде Ескендір қол астына қараған жерлерден сарбаздар жинақтап, жаңаша әскер жасақтайды. Жаңа құрған осы әскерімен Үндістанға бет алады. Үнді елінің әміршісі Ескендірдің алдынан пілдермен қарсы шыққанда, қулығы да, жеңіске жеткізер жолы да шегініп, күту болады. Күткенде де уақытты құр өткізбей, өз пайдасына жарата біледі.

Ескендір сарбаздарының аттары пілдерден үркіп қашады.  Айналып қайта шабуды жөн көрмей, кері қайтады. Сонан соң инженерлеріне темірден піл мүсінін жасатып, әскерінің арасына қосады. Аттардың біраздан соң піл мүсіндеріне бойлары үйренеді. Темір пілдердің ішіне мұнайдың қара майын толтырып қарсы жүреді. Ұрыс басталғанда қолдан жасаған пілдердің қасында Ескендірдің өз әскері жүреді. Біраздан соң ішіндегі мұнайға от қойып, оның қасынан алыстайды. Енді оның қасына Үнді әміршісінің пілдері жақындайды. Піл мүсіндерін айнала қоршап алған пілдер тұмсықтарын тигізіп көрмек болғанда, от тиіп, өртеніп, елдеріне қарай үдере қашады. Сөйтіп Ескендірдің жасанды пілдері шын пілдерден басым түсіп, жеңіске жетеді.

Б.д.д. 323 жылы небәрі 33 жасында көз жұмады. Ажалына «тамырдәрі» деп аталатын шөп себеп болған екен. Ескендір науқастанып қалғанда осы шөпті дәрі ретінде пайдалана бастайды, ал тезірек жазылу үшін көбірек ішіп, соның салдарынан ажал тапқан екен. Қашан да күте білген жиһангер әмірші өз денсаулығына келгенде күтуге шыдамай мерт болған.

Билік еткен 12 жыл ішінде империя аймағын Грекиядан Үндістанға дейін кеңейтеді. Ол өлген соң 200 жылдай өмір сүрген Maкедония патшалығы Риммен иық теңестіре алмаған. Б.д.д. 149 жылы Римнің бір провинциясына айналады. Ажал сағаты жақындағанда “Мынадай алып империяны кімге қалдырасың?” деп сұрағанда, Ескендір “Ең күштіңе” деп жауап берген екен.

Aристотельден жауларына не істеу керегін сұраған хаты

Ескендірдің ең ұзақ соғысы Иранмен болған. Иранды бағындырған соң елде қалған ұстазы Аристотельге хат жазады. “Парсылардың арасында озық ойлы, табанды, қажырлы, ержүрек, айбатты, текті кісілер бар. Oларға мемлекеттен үлес беріп, қолдан шығармай отырмын. Бірақ қазір өз еріктеріне қалдырып жорыққа шығудан қорқып тұрмын. Бәрінің көзін жою керек секілді”. Хатына мүлде күтпеген жауап алады.

“Сенің парсылар жайлы не айтқың келгенін түсіндім. Ал оларды өлтіру болса, ақыры жақсылық әкелмейтін, өзіңе сенімділік те бермейтін басбұзарлық, азғындық саналады. Егер оларды өлтірер болсаң, халық олардың орнына басқаларды шығарады және майдан алаңында өлтірмегендіктен бүкіл парсы саған да, сенен кейінгілерге де жау болады. Оларды әскер қатарынан шығарып тастасаң, өзіңе де, сарбаздарыңа да қауіп. Қазір мен саған оларды өлтіргеннен гөрі тиімділеу жолын айтайын. 

Әуелі әміршінің балалары мен билікке лайықтыларын шақыр. Oларды әртүрлі аймаққа басшы етіп тағайында. Және олардың әрбірін дербес билеуші етіп қой. Сөйтіп оларды ынтымақ, ауызбірліктен айырасың. Нәтижесінде олар бірімен-бірі қырқысып, өз орындарын сенің арқаңда иемдендік деп ойлайтындықтан, сені жақсы көріп, саған бойұсынуға мәжбүр болады”.

Расында да Ескендір ол аймақтан кеткен соң Иран мен төңірегінің ұзақ жылдар басы бірікпейді және бұл уақыт тарихта “Tауаиф мүлүк” (Аймақ басшылары) кезеңі деп аталады. Ескендірдің билік жайлы ұғымында әр ахуалдың тиімді шарасын табудың орны ерекше болды. Амал, шара дүниенің ана бұрышынан келетін, оған жетуге айлар, жылдар кететін болса да, ол соны күтіп, сабыр етуші еді. 

Ескендірдің күту шеберлігінің 5 түрлі ерекшелігі

1. Oның күту, ақырын тосу шеберлігі сабыр мен төзімді талап етеді. Батыс рационализмі мен шығыстың рухани ұстаздары арқылы  ол күтудің «алтын ережелерін» үйренген. 

2. Күту керегін терең оймен пайымдап, ақырына зор сеніммен дайындық жасайды. Қашан да күту керек сәтті құр жібермейді және күтуді құр уақыт жоғалту деп те санамайды.

3. Oл күтуді жақсы үйренген және айналасындағы адамдар да мұны жақсы білген. Ол асығып-абдырап қателік жасағанда Аристотель тәрізді ақырын тосуды үйрететін кісілер болды. 

4. Күту табиғаттың бір заңдылығы. Ескендір осыны жете түсінген. Toпыраққа еккен ұрықтың жетілу уағы бар. Алынбас қамалдың да құлайтын кезі болады. Бүліктің ұрығы болса да, егіп, ақырын тосады. 

5. Oл дүниеге үстемдік еткен билеуші емес, “үстем болуды күте білген” әмірші ретінде танылған. Бұл тұрғыдағы жалғыз қателігі ауырып қалғанда күтуге кеңес беретін дәрігерінің болмауы. Міне, осы оның түбіне жеткен.

Баласағұнда бастаған кітабын аз уақытта (18 айда) Қашқарда тәмамдап Қарахан мемлекетінің сол кездегі әмірі Бұғра ханға сыйға тарту етеді.…

Еліміздің мыңдаған жылдық тарихы бар. Қазақ даласының ежелден мәдениет пен өркениетке бесік болып келгендігі тарихи ақиқат. Ұлы Жібек жолының…

Тарихи кезеңдерде әрбір сала қарыштай дамып отырды, ғылым мен технологияда үлкен жетістіктер орын алды. Әсіресе электрдің жаңалық болып енуі,…

Жұмыр жер шыр көбелек айналып, дүбірлі дүние жаралғалы фәниге кімдер келіп, бақиға кімдер кетпеді. Солардан уақытпен бірге жасап келе…

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0