Category

САЛТ-ДӘСТҮР

Category

Кие тұтып, төріне шығарған… Бесіктегі баласының басына жастатып, бағасын асырған… Бәйгеге шапса атының арыны, жауға шапса жүрегінің жалыны бола білген…

Жүйрік ат ер жігіттің сенім артар бір серігі болса, кез-келген қысылтаяң сәтте қолынан табылатын қарудың бірі – қамшы. Бұл көшпенді қазақ тұрмысындағы ең көп қолданылатын дүние болғанымен, қазір музейде ғана тұратын аса құнды мәдени мұраға айналып бара жатқандай. Өйткені, қазанаттың орнын теміркөлік басты. Десек те, атадан қалған мұраны жаңғыртып жүрген қолөнер шеберлері қазір де баршылық. Солардың бірі – Ақсу қаласына қарасты Жамбыл орта мектебінің мұғалімі Жиенхан Қаманайұлы. Ол 2004 жылы өзі жұмыс істейтін мектепте арнайы үйірме ашып, балаларға қамшыны қалай өру және қалай саптау керектігін үйретуде.

Ассалаумағалейкум, Жиенхан аға! Сіздің көптен бері қазақ тарихындағы киіз үйдің ерекшелігі, ер қаруының бірі – қамшының қажеттілігі және асық ойыны сынды тақырыптарды мектепте насихаттап жүргеніңізді білеміз. Соның арқасында ұмыт болуға сәл қалған кейбір дүниелеріміз жас ұрпақ жадында жаңғыруда…

– Әлейкумассалам, балам! Иә, әр адам артында болашақ ұрпақтың керегіне жарап, игілігіне иілер бір дүние қалдыруды армандайды. Менің мақсатым – қазақ халқының көшпенді дәуірде тұтынған дүниелерін кейінгі ұрпаққа насихаттау. Соның бірі – қамшы. Қамшы о замандарда қазақ өмірінің, қазақ тұрмысының қажеттілігіне орай пайда болған. Бұл – біздің ұлттық төлқұжатымыз іспетті. Әрбір қазақ азаматының басында үйі, қорасында малы болмаса да, астында бір аты және қолында қамшысы болған. Жалпы, көшпенді қазақ қоғамындағы қамшының маңызы өте жоғары еді. Ата-бабаларымыз оны қастерлеп ұстап, малға барса да, дауға барса да, жауға барса да қолынан тастамаған. Сол құнды мұраның бүгін қадірі қашқандай көрінеді. Тақымымызға темір тұлпар тигелі көшпенді өмір тіршілігіміздің бір тармағына айналған ат әбзелдерінен көз жазып қалдық. 

– Оныңыз рас енді. Жалпы, қамшының қанша түрі бар деп ойлайсыз?

– Мен қамшы туралы көп зерттедім. Осы мақсатта көпті көрген ақсақалдармен әңгімелестім, әдебиетті ақтардым, қолөнер саласына үңілдім. Содан аңғарғаным, қамшының жиырмаға жуық түрі бар екен. Әрқайсысының қолданылу мақсат-міндеті, ережесі және тәртібі бар. Мысалы асау қамшы – асау жылқыны үйретуге арналған. Сабы жуан, қолға ұстауға ыңғайлы болады. Қызқуар қамшы – басы мен сабының ортасында айналып тұратын шығыршығы бар, оны ұлттық ойынымыз қыз қуу кезінде ұстайды. Көкпар қамшы – бүлдіргесі ұзын, сабы жіңішке, ауызға тістей салуға ыңғайлы сапталған. Дырау қамшы – өрмесі өткір, сабы жуан болады. Сол секілді дода қамшыны да ер азаматтар ұрыс-керіс, төбелес кезінде ұстаған. Яғни, қорғануға, қарсыласын ұрып жығуға арналған. Өзегінің бір қарыс жерінде қорғасын болады. Бақсы қамшы – адамдарды емдеуге, зікір салып, жын шығару кезінде қолданады. Бозбала қамшы – арнайы шашақталған, шашағына мыс, жез, темір тағып әшекейлеп жасалады. Оны жастар сән үшін ұстайды. Бәйге қамшы – жүйрік атқа арналған қамшы, қамшылаған кезде қатты батпауы тиіс. Өрмесі 4 жіңішке таспадан өріледі, сабы да жіңішке әрі жеңіл келеді. Дүре қамшы – ел ішіндегі тентектер мен бұзақыларды жазалауға арналған. Сарыала қамшы – бұл сән үшін ғана қолданылады. Мұндай қамшылар көбінесе төрге ілінеді.  Жылан бауыр қамшы – үсті жұмыр, асты жалпақ жылан сияқты өрмесіне байланысты аталған. Сондай-ақ, қасиетті қамшы, бала қамшы, ақ қамшы, қанжар қамшы, киелі қамшы деп бөлінеді. Қамшының өрімін төрт, алты, сегіз, он екі, он төрт, он алты таспадан өруге болады.

– Енді қамшыны қай кезде қалай ұстап, қалай қолданатынын айтсаңыз…

– Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың ережелері, тәртібі бар және оның тәрбиелік мәні де жоғары. Мұны да білген жөн. Негізі оң қолға екі бүктеп ұстау керек. Қамшы өрімін салбыратып ұстау – әдепсіздіктің белгісі болып саналған. Сондай-ақ, бұрынғылар біреуге жол көрсеткенде оны қолмен емес, қамшының ұшымен нұсқаған. Егер біреуге сыйға беретін болсаңыз, қолына тура ұстатпай жерге тастаудың мәні бар. Бұл – сол үйдің құт-берекесі бірге кетпесін, ұшығы  жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегенді білдіреді. Қазақ қамшы ұрлаған адамды үлкен қылмыскер санайды. Ал, бұрынғылар үйіне келген қонақтың қандай мақсатпен келгенін қамшысынан-ақ байқаған. Мысалы, жолаушы босағаға іліп кіретін болса оның асығыс жүргенін, яғни жеңіл-желпі тамақтану үшін немесе шөлін қандыру үшін келгенін білдіреді. Егер, қамшыны етігінің қонышына, шапанының белбеуіне қыстырып, не болмаса қолына ұстап келсе, онда сол үйдің адамдарынан бұрын кеткен кегін қайтару мақсатында, яғни ұрыс-керіс шығару үшін келгені. Ал, үй сыртына белдеуге іліп кірген қонақты асықпай, ас ішуге келді деп білген. Егер, қонағыңыз қолына ұстаған қамшысын үйіңізге қалдырып кететін болса, сол үйден қыз сұрап келген, бірақ ешнәрсе батып айта алмай кетті деген сөз. Қыз жағы бұл ұсынысты құптамаса, қамшыны жігіттің ауылына қайтарады. Ел сөзін сөйлер жөн білетін үлкендер қандай да бір даулы жиындарда төрелік айтар кезде қамшысын екі бүктеп ұстап, жоғары көтереді. Мұны түсінген ел де бірден тыныштық сақтайтын болған. Немесе қандай бір жарыс, сайыс кезінде оның шешіміне келіспеген адам ортаға қамшы тастаған. Сонымен қатар, даудан немесе сөзден жеңілгенін мойындаған даугер де осылай істейді. Қазақ хандығы тұсында хан сарайына мәжіліске келген батырлар мен билер өзімен бірге екі құралын алып кіреді екен. Оның бірі – бәкі, екіншісі қамшы. Егер, сарай алдындағы уәзірлері бірінің бәкісін алып қалса, ол адам сол жерде тамақ жеу құқығынан айырылады. Ал, егер қамшысын алып қалса, мәжіліс үстінде сөз сөйлей алмайды. Бұдан басқа қамшы туралы ырым-тыйымдар да бар. Мысалы, қамшы сабының сынуын біздің халық жамандыққа балаған. Ал оны сыйлы адамыңызға кәдесый ретінде беруіңізге әбден болады, бұл сол адамға көрсеткен шексіз ықыласты, үлкен құрметті білдіреді. Міне, қамшыны бұрынғы ата-бабаларымыз біріншіден қару ретінде қолданса, екіншіден философиялық мәні бар тәрбие құралы ретінде кәдеге жаратқан.  

– Қамшының сабына қандай ағашты таңдаған?

– Жалпы, шеберлер оның сабына ерекше көңіл бөлген. Яғни, тобылғыдан, ырғайдан, қамыстан және еліктің, киіктің сирағы мен мүйізінен,  таутекенің мүйізінен саптауға болады. Мұндай қамшының күшімен астыңа мінген ат қана емес, алдыңа салып айдаған атан түйе мен азбан өгіз де жүріп кетеді. Ал, бәйге қамшыны тобылғыдан саптаған дұрыс, өйткені ол жеңіл болады. Қамшыгерлік өнері туралы да көп нәрсе айтуға болады.  Қамшының көмегімен неше түрлі өнер көрсететіндер болған. Мысалы, төрт жаққа керілген өгіздің терісін қамшымен бір тартып, тіліп түсіретін адамдар болады. Бұған да өнер керек. Сондай-ақ, жаугершілік заманда қарсы тараптың келісімін қамшымен сатып алғандар болған. Ал, астында жүйрік аты, қолында ұзын қамшысы бар адамның алдынан арлан қасқыр да оңай құтылмайды. Дегенмен, мұндай ерлік кез келген адамның қолынан келмейді. Сондықтан, бұл қамшыгердің абыройын арттыра түсетін нағыз батырлық. Қамшы құрылымына қарай жиырмадай бөлікке бөлінеді. Мысалы, өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек. 

– Қамшыны қандай қайыстан өреді?

– Жалпы, қамшы жасау өнері кез-келген адамның қолынан келмейді. Бұрынғылар оның өрімін көбінесе, сиыр мен жылқының қабырға не болмаса шап терісінен илеген қайыстан өрген екен. Себебі, жон және мойын жерінің терісі қалың болады да, әдемі шықпайды. Ал, түйенің терісі бұған жарамайды екен. Қайысты ең алдымен иін қандырып илеп, кейін таспаны сымдай жіңішке етіп тілесіз. Егер таспаңыз біркелкі болмаса өрімі де дұрыс шықпайды. Тері бұйымының хас шеберлері оны жұмыр және төрт, алты сегіз қырлы етіп өрген. 

– Қазақ халқы қамшыны ерекше қасиет тұтқан ғой. Мысалы, бақсы-балгерлер айықпас дертке шалдыққан талай адамды қамшымен ұрып, ауруынан айықтырып, бойындағы жынын шығарған екен…

– Дұрыс айтасың, Тілеуберді. Қамшымен әсіресе, ауыр науқасқа шалдыққан айелдер мен бала көтермеген жас келіншектерді емдеген екен. Ал, бұрынғылар алыс сапарға атпен жолға шыққан кезде діттеген жеріне сол күні жете алмаса тастың түбін, зираттардың ішін паналап қона береді. Міне, сондай кезде далаға ұйықтаған адам ер-тоқымын басына жастаса, қамшыны қасына қояды. Бұл – бірінші далада жатқан адамнан бәле-жала аулақ болады десе, екіншіден адамның үстіне құрт-құмырысқа үймелемейді. Себебі, ондай ұсақ жәндіктер ащщы құртқа илеген қайстың исінен қашатын көрінеді. Қамшының адамның бойына күш-жігер беріп, рухтандыратын қасиеті де бар. Мысалы, көкпардың шабандоздарын қарап отырсаңыз, алапат айқас кезінде қамшыларын ауыздарына тістеп жүреді. Бұл – көкпаршының жеңіске деген құштарлығын арттыра түседі.

– Өзіңіз білесіз, қазір қамшыны кәдесый ретінде кішкентай түрін жасап сатып жүргендер бар. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Менің ойымша мұндай «ойыншықтар» қамшының орнын ешқашан бас алмайды. Өйткені, оны ешкім табиғи қайыстан өріп, ағашқа саптамайды. Жасанды матадан, полимерлік материалдардан дайындап, пластмасқа байлап қояды. Бұл біреуге сыйға беруге де, үйге сән ретінде ілуге де жарамайтын дүние. Ал, баланың қолына ойыншық ретінде ұстатуға болатын шығар…

– Сіздің мектептерде қамшы өру үйірмесін жүргізетініңізді білеміз. Қазіргі жастардың қызығушылығы қандай? Мұның бізге не керегі бар дейтіндер жоқ па?

– Қамшы өру үйірмесін 2004 жылы Ақсу қаласына қарасты М.Омаров ауылындағы Жамбыл орта мектебінде аштым. Ол кезде тобымда 20-дай бала болған. Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары болды. Себебі, бұл біздің қанымызда бар дүние ғой. Заман ағымына байланысты қолданыстан шығып қалды дегеннің өзінде, сән ретінде қолданатындар көп. Бірінің ағасының үйінде болса, енді бірінің атасының үйінде бар деген секілді. Содан кейін қаланың балаларына үйретуді қолға алдым. Бастапқыда нәтижесі қалай болар екен деген ой мазалайтын. Дегенмен жоспар жүзеге асты. Үйірмеге қатысушылардың бәріне қамшының қайысын дайындау тәсілін, одан кейін өруді және саптауды үйреттім. Бір оқушым қамшы туралы ғылыми жұмыс жазып, облыстық олимпиадалардың бірінде үшінші орын иеленді. Бұл – қамшы өру үйірмесінің нәтижесінде жеткен алғашқы жетістігім болатын. Өткен жылы жазда Баянауыл ауданында болған бір жиында бірнеше шәкіртіммен бірге барып, қамшы өруге байланысты шеберлік сыныбын өткіздім. Ұлттық өнер жанашырларының барлығы жиналып, жоғары бағасын берді. Өкінішке қарай сол жиында тері бұйымымен шұғылданатын бізден басқа адам болмады. Бірақ халықтың қызығушылығы өте жоғары екенін байқадым, балаларды айтпағанда үлкендердің өзі қалай өріп, қалай саптауды білмейді. Сондықтан әр ауылда, әр мектепте осындай үйірме ашылса, ұлт мұрасын бұдан да жоғары деңгейге көтерер едік. 

-Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет, еңбегіңіздің жемісін көріңіз, аға!

 

Сұхбаттасқан: Тілеуберді САХАБА

 

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0