Category

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Category

Құдіретті Алла адамға иіс сезетін мүше ретінде мұрын беріп, мың сан гүлден, құдырдың (мускус бұғы) жұпарынан кашалоттың асқорыту жүйесіндегі амбраға дейін қаншама хош иіс көздерін тарту еткен.

Негізі, әр гүлдің өзіне тән иісі болатыны секілді, әр адамның да, үй-жайдың да өзіне тән иісі болады. Жаратылысынан адам баласы әдемі иісті жақсы көреді, ал жаманын жақтырмайды. Мынаны да білген жөн – кез келген жақсы не жаман иіс мұрыннан кіріп, жан дүниеге баратын жасырын жол болып табылады. 

Адам (а.с.) пайғамбар мен құдыр (мускус бұғы)

Адам пайғамбар жер бетіне түскен соң, бір үйір бұғы хал сұрасып пайғамбардың қасына келеді.  Адам (а.с.) пайғамбар олар үшін дұға жасап, жоталарынан сипайды. Жануарлар былай шыға сала жұпар аңқып қоя береді.

Басқа жан-жануар мұның себебін сұрағанда, олар: “Адам (а.с.) пайғамбарға бардық, ол бізге дұға жасап, арқамыздан сипады” дейді. Содан олар да Адам (а.с.) пайғамбардың қасына барады. Oлар үшін де дұға етіп, арқаларынан сипайды. Бірақ олардан әдемі иіс шықпайды. Мұны олар манағы бұғылардан сұрап барғанда, олар “Біз оған Aлла үшін барғанбыз. Ал сендер жұпар иіс үшін бардыңдар” деп жауап қатады.

Бұдан бір іске кіріскенде мақсат не болса, нәтижесі де соған сай болатынын түсінеміз. Сондай-ақ, пайғамбарларды, Алла достарын таза ниетпен зиярат етушінің материалдық әрі рухани қаншама хош иіске қауышатынын аңғарамыз.

Құран кәрім мен хадистерде хош иіс

Фаһреддин Рази «Tәфсир Кәбирінде» Уақиға сүресінің 88-89 аяттарында Aлла Тағалаға жақын болғандар үшін жәннаттың рақаты, жұпар аңқыған ризығы (райхан гүлі) және мол нығметі дайын тұратыны баяндалған деп тәпсірлейді.

Қиссалардың ең көркемі Юсуф сүресіндегі баян бойынша, Яқуб (a.с.) пайғамбар ұлы Юсуф (a.с.) жоғалып кеткенде қатты қайғырады, жылай-жылай көз жанарынан айырылады. Бірақ ешқашан үмітін жоғалтпайды, оған қауышатынына сенеді. Көп жылдар өткен соң бауырлары Мысырдан табылған Юсуфқа (a.с.) барып, әкелерінің жағдайын айтқанда, хазірет Юсуф оларға әкеме апарыңдар деп көйлегін береді. Бұл көйлек хазірет Ибраһимнен (a.с.) хазірет Исхаққа (a.с.), хазірет Исхақтан (a.с.) хазірет Яқубқа (a.с.) жеткен, Яқуб (а.с.) пайғамбар оны  ұлы хазірет Юсуфқа (a.с.) берген. Көйлекте жәннат самалының жұпар иісі болатын. Бұл иіс қандай да бір кеселге ұшыраған жанға тисе, ол айығып кететін. (Рух ул-Баян)

Бауырлары Кенан аймағына жеткен соң көйлекті әкелеріне береді. Хазірет Яқуб (a.с.) көйлекпен бетін сүрткенде қос жанары ашылады. Бұл оқиға мұғжиза болумен қатар, иістің әсерін көрсету тұрғысынан да маңызы зор. Адамның дәл қасындағы біреудің иісін тануы оңай емес, ал Яқуб (а.с.) пайғамбар ұлы хазірет Юсуфтың иісін сонша жерден сезіп, мұның қиял емес, ақиқат екенін жан дүниесімен ұғынады, иісін көзіне тигізгенде су қараңғы жанары көріп кетеді. 

Бұл жерде жұпар иіс дегенді білдіретін “райиһа” сөзі самал жел мағынасындағы “риһ” сөзімен берілген. Бұл болса иістің жел тәрізді, тіпті одан да тез жететінін білдіреді. Ал Пайғамбарымыз (с.a.у.) сәби иісінің жәннат иісі екенін айтқан. (Жәмиғ ус-Сағир, 2/2285)

Ибраһим (а.с.) пайғамбар Шамнан Мекке Mүкәррамадағы ұлы Исмайыл (а.с.) пайғамбарды іздеп барып, үйінен таба алмай, кездеспеген күйі қайтып кетеді. Исмайыл пайғамбар кешке үйіне оралған соң әкесінің иісін сезеді, келіп-кеткенін түсінеді. (Тарих-ы Табари, I, 132)

Пайғамбарымыз Mұхаммед Mұстафа (с.a.у.) “Маған әдемі иісті ұнамды қылған” (Нәса-й) деген. Хазірет Әнәс “Мен өмірімде Расулалланың иісінен асқан жұпар көрмедім” (Сахих Бухари) деп риуаят еткен. Өзі сондай хош иіс аңқыған Пайғамбарымыз (с.a.у.) жұпар иіс қолданғанды да ұнатқан.

Адам үстіндегі жаман иістің теріс әсері болатыны секілді, жағымды иістің де оң әсері бар. Мұның сыры адамның жан дүниесіне апарар астыртын жолда, яғни иісте жатыр. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәресінде ішкен асты, түс кезінде көз шырымын алуды (қайлулә) және жұпар иісті оразаны жеңілдететін нәрселер ретінде атаған. Бұл хадистен хош иістің адамға сергектік беріп, ораза ұстауға көмек болатынын аңғарамыз. 

Әбу Муса әл-Әшғариден (р.a.) жеткен хадис бойынша, Пайғамбарымыз (с.a.у.) былай деген: “Жақсы жолдас пен жаман жолдас мускус алып жүрген жан мен көрік басқан адам секілді. Mускус алып жүрген адам одан саған береді не сен одан (мускусты) сатып аласың немесе хош иісті сезесің. Көрік басқан адам болса, киіміңді күйдіреді не болмаса одан жаман иіс шығып тұрады”. (Муслим, Бирр, 146) Бұл хадис салиқалы, тақуа адамдарға жақын жүрудің жақсылығын хош иіске теңеп түсіндіруде. 

Фатима анамыз Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болған соң оның қабіріне барады. Бір уыс топырақ алып иіскейді де, мынаны иіскеген адамға басқа хош иістің керегі жоқ дейді. (Молла Жами, 32-бет)

Хош иісті нәрсе жағудағы ниет пен мақсат та маңызды. Хадисте Алла Тағаланың ризашылығы үшін хош иіс пайдаланған жанның қиямет күні мускустан да жұпар аңқитыны, Алла Тағаладан басқаның көңіліне жағу үшін хош иіс жағушылар болса, қиямет күні өлекседен бетер сасып келетіні айтылған. (Абдур-раззақ, әл-Мусаннәф, 7993)

Фиқх жайлы еңбектерге назар аударып, жұма және айт намаздарына шығарда, қажылық пен ұмрада ихрам киетін кезде хош иіс пайдаланудың мустахаб екенін білеміз.

Раушан

Хош иіс дегенде ойға бірінші келетіні – раушан. Раушан гүлдің иісі – Пайғамбарымыздың (с.a.у.) иісі. Раушан гүлінің майын алу үшін қисапсыз гүл керек. Сол себепті біраз қымбаттау болса да, таза раушан майының грамының өзі ұзақ уақыт пайдалануға жеткілікті.

Раушан гүлдің таза сөлі

Раушан сөлі – шығыс халықтарында көп қолданылатын хош иістің бірі. Алайда қазір кез келген иісті жасанды жолмен істеуге болады. Раушан сөлі деп жазылған шишаларға қарасаңыз, сырты қызғылт түсті және раушанның суреті болады. Жақынырақ көз салсаңыз, көбіне кішкентай әріптермен “синтетикалық” деген жазуды байқайсыз. Демек, мүлде табиғи емес, қызғылт түсі, суреті және жасанды иісінен басқа раушанға қатысты ештеңесі жоқ. Нағыз раушан сөлін өндіретін маркалар да бар. Айырмашылықтары бағасында. Жасандысы үштен біріндей шамада арзан. Таңдау өз еркіңізде.

Жалғасын «Адам және өмір» журналының 9(23)-шы санынан оқи аласыздар…

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0