Category

МЕДИА

Category

Күн сайын дамып келе жатқан технология, әсіресе ақпараттық технологиялар бүгінгі таңда адамның күнделікті өмір салтына еніп, тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айланды. Түрлі технологиялардың, әсіресе, ақпараттық технологиялардың адамзатқа берер пайдалары мол. Ең маңызды пайдасы – жылдамдық пен қолайлылық. Ауырды жеңіл етіп, алысты жақындатып, қол жетпесті жетімді қылып жатқан тұстары баршылық. 

Ақпараттық технология әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғаны тек естіртіп қана қоймай, айдан анық қылып көрсетіп те береді. Аса құнды, сирек кездесетін кітаптар мен жәдігерлер, үлкен кітапханалар мен құнды мұрағаттар – қалтаңызда. Тіпті, мұражайларға барудың да қажеті қалмады, отырған жеріңнен «сиқырлы айнаға» қарап тамашалай бер. Қандай керемет! 

Көне шығыстың кейбір дана ақындары өз шығармаларында «Жам-ы Жәмшид» (Жәмшид кесесі) деп атаған «сиқырлы айна» туралы сыр шертеді. Парсының ұлы патшасы Жәмшид осы «сиқырлы айнаға» қарап, дүниеде болып жатқан оқиғаларды тамашалайды екен. Ал, қазір сол «сиқырлы айнаның» түр-түрін әрбір үйден табуға болады. 

Ақпараттық технология өнімдер жайлы айта отырып, бұлардың бәрі толықтай пайдалы деп айтудан аулақпыз. Не нәрсенің де екі жағы болатындай, бұл өнімдердің де пайдасымен қатар, айтарлықтай кесірі мен зияны аз емес. 

Бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық-діни құндылықтарды сақтап қалу, келешек ұрпаққа сол қалпында жеткізу – көптеген ойшылдарды мазалап келе жатқан мәселенің бірі. 

Осы мәселеде ең үлкен кедергінің бірі – ақпараттық технологияның өзегі интернет арқылы жайылып жатқан, жалпы адами құндылықтардан мақұрым түрлі-түсті аудио, бейне, жазба мәліметтер екендігі рас. Шет-шекарасы жоқ бұл ақпараттардың, жас мөлшеріне қарамай, кез-келген жанға қолжетімді болып жатқаны адамды еріксіз ойға салады. Келешегіміз – жас ұрпаққа «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса, зұлымдық пен зомбылықты, зинақорлық пен маскүнемдікті, жауыздық мен қорқынышты үгіттейтін жаңағыдай мәліметтер торына түспеуіне кім кепіл бола алады? Осыған орай, бүгінгі таңда тәрбиенің өзектілігі өзінің қашанғы маңызынан тағы бір рет асып түсіп отыр. 

Осы зиян-зарардан сақ болу үшін әуелі ақпараттық технологияларды пайдалану мәдениетін қалыптастырумыз керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, бізге ғаламтор арқылы ұсынылып жатқан түрлі-түсті мәліметтердің артында не жасырынып жатқанын аңғара алуымыз керек. Осыларға қарсы бізде иммунитет қалыптасуы керек. Бұл иммунитеттің қалыптасуы үшін адамның бойында; алдымен жалпы адами құндылықтар, діни-ұлттық дүниетаным, ата-баба салт-дәстүрі мен тарихқа деген құштарлық пен сүйіспеншілік дарыған болу керек.

Ақпараттық технология өнімдері туралы тағы бір маңызды мәселе: жоғарыда да атап өткеніміздей, технологияның дамуымен бірге жазба мәлімет алмасу, бөлісу және оларға қолжетімділік те қарқынды дамуда. Көптеген құнды кітаптар мен жазба көне жәдігерлердің электрондық нұсқалары жасалып жатыр. Әрине бұл – оңай және ыңғайлы, жылдам әрі арзан. Бүгін ғаламторда көптеген кітаптың электрондық нұсқалары тегін немесе төмен бағада нарыққа шығарылып отыр. Мерзімді басылымдардың электрондық үлгілері де солай, әлемнің қай түпкірінде болсаңыз да, электрондық мекен-жайыңызды жазсаңыз болғаны, басылым қарсы алдыңызға жарқ етіп шыға келеді. Мыңдаған газет, журнал бүгінгі күнде өз ақпараттарын, міне, осындай жолмен оқырмандарына ұсынып отыр. Электрондық кітап, газет, журнал басылымы дамып келе жатыр. Электрондық басылымдар үшін әлемге әйгілі фирмалар мен компаниялар арнайы құрылғылар өндіре бастағалы да біраз уақыт болды. 

Ал, енді рухани өміріміз бен жалпы дүниетанымымызға тікелей әсер ететін, білім мен мәдениетіміздің жетілуіне ықпал ететін кітаптар мен газет-журналдарды, бүгінде кеңінен қолданылып жатқан электрондық нұсқадан оқу қаншалықты пайдалы? Әлде, баяғыдай қолымызға ұстап, парақтап оқығанымыз жақсырақ па? Қазірше бұл сұрақтың төңірегінде көптеген талас-тартыс, түрлі пікірлер бар.  

Кейбіреулер электронды басылымдардың артықшылығы мен жеңілдіктерін санап шықса, ал енді кейбіреулер қолға алып, ұстап оқылатын басылымдардың орнын еш нәрсе толтыра алмайтынын алға тартуда. 

Кей адамдарды кітап оқуға, газет пен әлеуметтік, танымдық журналдарға жазылуға үгіттесең: «Әй, қазір кітап, газет, журнал дегендердің уақыты өтті ғой. Барлық нәрсе интернетте бар ғой. Қайтемін журналға жазылып» – деушілер аз емес. Шынында да солай ма? Баспа өнімдері жойылудың алдында тұр ма? Жо-жоқ, олай бола қоймас.

Орта ғасырларда шығыста кітап басу, сол кездерде дамыған салалардың бірі болғандығы мәлім. Бір ғана кітап басылымы үшін бірнеше сала өкілдері еңбек еткен. Бір кітаптың дүниеге келуі үшін алдымен қағаз өндірушілер мен қағаз дайындаушылар, бояу дайындаушылар, «мұқабашылар» (кітаптың тысын даярлаушылар), «хаттаттар» (жазушылар), «мүһәззибтер» (кітапты сурет және түрлі өрнектермен безендірушілер) сияқты көптеген адамның еңбегі сіңеді. Осындай үлкен еңбектің артынан рухани өмір азығы – кітап дүниеге келеді. Сондықтан шығыста кітап рухани байлық ретінде аса қадірленіп, қастерленетін. Сол кездерде дүниеге келген миллиондаған құнды еңбектер, бүгінде әлем кітапханаларын сәндеп тұр. 

Сол ата-баба мұрасы – көне кітаптарды қолыңа алғанда, бұл рухани қазына осы күнге дейін қаншама жол басып өтті, қаншама ақыл-ой иелерінің өміріне шырақ болды екен деген ойға қаласың. Көне тарих көз алдыңда жанданып, бабалардан қалған мирасты мақтан етесің. Ешнәрсе баспа өнімдерінің орнын толтыра алмайтынына көз жеткізесің. 

Біз де қадірлі оқырманға, рухани азығымыз кітаптар мен ғылыми, әлеуметтік-танымдық басылымдардан қол үзбей, оқуларын ұсынамыз.

 

Зерттеушілер электронды және баспа өнімдері арасында талдау жасап, баспа өнімдерінің артықшылықтарын санап шыққан. Төменде осы ерекшіліктердің кейбіреуі назарларыңызға ұсынылып отыр:

  • Оқырман жаңа кітапты қолға алып, парақтаған кездегі қуанышын ешқандай электрондық басылым бере алмайды.
  • Кітап пен журналды қолмен ұстауға, парақтауға, өнімнің сапасын бағалауға болады. Ал, электрондық басылымда тек э-құрылғымен ғана мақтана аласыз.
  • Басылған кітаптардың дизайны мен өрнектеріне айрықша мән беріледі. Ал, э-басылымдарда болса соншалықты емес. 
  • Э-басылымды құрылғыдан оқыған кезде, ең қызықты жерге келгенде қуаты бітіп, ашуыңды келтіру мүмкін. Ал кітаптар олай емес.
  • Э-басылымдар – оқушысын кітапханаларға жетелеп алып барып, ол жерде кітап әлеміне саяхат жасау мүмкіндігін бере алмайды. 
  • Басылымды кітаптар мен журналдарды кітап сөрелеріне әдемілеп реттеп қою үйге сән береді.
  • Э-кітаптардың саны артып келе жатқанымен, басылған кітаптар санынан арта қойған жоқ. 
  • Э-басылымдардың сапасы қолданылған құрылғыға байланысты. Ал құрылғының сапасы қалтаға байланысты. 
  • Кітап пен журналды жақындарыңа, достарыңа сыйлық ретінде бере аласың. Кітаптан артық сыйлық болмаса керек. 
  • Басылған кітап пен журналдар, электрондық құрылғы секілді адамды жалықтырмайды.

Интернет, әлеумметтік желілер, цифрлы технология қауіпті болуы мүмкін бе? Ешкім менің қасымда қарап отырған жоқ деп цифрлы желіні ретсіз…

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0