Category

ДІН ЖӘНЕ ӨМІР

Category

«Тасаууф» (араб. التصوف) – ежелден қазақтың діні мен дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым. Ол діни термин ретінде Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді»

Қазақ даласына Ислам дінінің таралуы – көшпенді халықтардың мәдени-рухани дүниетанымына үлкен ықпал еткендігі мәлім. Ислам дінінің халық санасына терең орнығып, елдің күнделікті өмір салтына айналуында сопылық ілімінің ықпалы күшті болғанын ғалымдар дәлелдеп отыр. 

Ұлы далада Ислам дінінің даму кезеңінің біріңғай қалыптасуында, дала халқының жаңа мәдени-әлеуметтік, діни-рухани басқышқа көтерілуі мен жалпы халықтық өркениеттің дамуында сопылық ілімінің орны ерекше. 

Ғасырлар жалғасында қоғамның рухани нәр алатын тағлымы ретінде сопылық ардақталып, қастерленіп келді. Салт-дәстүрімізбен біте-қайнасқаны соншалық, қазақ елінің тарихы мен әдебиетінде, салт-дәстүрінде, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде сопылықтың іздерін байқауға болады.

Ал, енді сопылық деген не? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Сопылық туралы ғасырлардан бері көптеген ережелер мен анықтамалар жасалып келді. Бұл анықтамалардың сөздері әртүрлі болғанымен, түпкі мәні бірдей немесе бір-біріне ұқсас. Сопылық туралы жазылған алғашқы әдебиеттерде ғұламалар сопылық жайлы: «Сопылық – күллі жақсы мінезді бойға жиып, барлық нашар мінезді тәрк ету», – десе, тағы бір анықтамада – «Нәпсіге еруден бас тартып, бүкіл іс-әрекетте Алланың ризалығын көздеу, шынайы ықыласпен ғибадат жасау, дүниеқұмарлықты жүрекпен тәрк ету», – делінген. 

«Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша 20 сұрақ-жауап» (Астана 2016) атты кітапта сопылық жайлы: «Сопылық» немесе «тасаууф» (араб. التصوف) – ежелден қазақтың діні мен дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым. Ол діни термин ретінде Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді», – деп баяндалған.

Сопылық туралы айтылған бұл анықтамалардан мынадай қорытынды жасауға болады: Сопылық ілімі – Жаратушыны әр уақытта жадында сақтау, рухани әлемі жетік, терең ақыл-ой, көркем ахлақ иесі болу, жамандық атаулыдан қашық болу. Нәтижеде халыққа, қоғамға пайдасы тиетін «кәміл адам» болу. 

Сонымен қатар сопылық ілімі –  білімді болуға, ғылым мен терең философиялық мағыналарды ұғуға шақырады. Осы жайлы қазақтың атақты ақыны  Әбубәкір Боранқұлұлы Кердері (1861-1903) былай дейді: 

«Сопылық жолы ауыр жол, 

Ұстап көрсең тәуір жол, 

Сопылықты ұстансаң, 

Оқығаны, көп ғалым бол».

Сопылық – ішкі жан дүниеге, кісінің рухани халіне мән береді. Сопылық ұғымы қалыптасқан қоғамда, кең дүниетаным мен терең ой қалыптасады. Тарихқа назар аударар болсақ, хандар мен сұлтандар, билер мен ақындар, жалпы көпшілік сопылық жолмен жүрген. Осылайша ел-жұртты аман сақтап, өркениет жолына бастап отырған. 

Алтын Орда ханы Берке ханның Бұхарада сопы-ойшыл Сейфуддин Бахарзидың құзырында иманға келуі, қазақ хандарынан Тәуекел мен Есім хандардың сопы- пірлерге жүгінуі, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі маңында көптеген хандар мен билердің, сол кездегі құрметті азаматтардың жерленуі, жоғарыда айтылған пікірлерге дәлел бола алады. 

Қазақ даласында негізінен сопылықтың екі бағыты қалыптасқан. Алғашқы кезеңде Қожа Ахмет Ясауидан бастау алған «Ясауия» сопылық жолы болса, кейінірек бұхаралық Баһауддин Нақшыбендтің атымен байланысты «Нақшыбәндия» жолы кеңінен таралды. Әр екі жолдың методологиясы әртүрлі болғанымен негізі, бастау алған бұлағы, ниет-мақсаты – бір. Ол – «кәміл адам» тәрбиелеу. Осы екі бағыт арасында қарама-қайшылық немесе өзара бәсеке болмаған. Кезінде Баһауддин Шаһ Нақшыбенд «Ясауия» пірлерінен тәлім алғандығын, «Хажаган-Нақшыбәндия» бағытының негізін салушы сопы Юсуф Хамадани Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болғанын ескеру керек.

«Ясауия» сопылық жолында «зікір жаһри» (тілмен, дауыстап зікір салу) кеңінен қолданылса, «Нақшыбәндия» бағыты «зікір хафи» (іштей, жүрекпен зікір салу) методологиясын қолданды. Қолданылған тәсілдер өзгеше болғанымен мақсаты мен нәтижесі бір. Зікір  – Алланы еске алу деген сөз. 

Сопылық жолдың мақсаты – адамның рухы мен нәпсісінің үйлесім табуы, жүрегін тазартуы, әдептілігі мен мінез-құлқын көркейтуі және ақыл-парасатын кеңейтуі арқылы «кәміл адам» дәрежесіне жету. Сопылық жолын ұстанған адам айналасындағы қоғамға көркем мінез танытып, Алланы тану арқылы оған жақындай түседі.

Ата-бабаларымыз тарихта осындай бұлақтардан рухани күш алып, тағдырдың қаншама ауыр сынақтарын басынан өткерсе де, осынау ұлттық-діни құндылықтарды ұстанып келді, сақтап отырды және келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырды. 

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0