Санаты

БАЛА ТӘРБИЕСІ

Санаты

Көшеде біреуге мынадай сауалдар қойып көрелік: “Атыңыз кім? Жасыңыз нешеде? Туған жеріңіз, ең жақын достарыңыз кім? Үйленгенсіз бе, бойдақсыз ба? Неше балаңыз бар? Балаларыңыздың аттары кім? Қандай дін ұстанасыз? Ең соңғы оқыған кітабыңыз? Демалысқа қашан шығасыз?”

Бұрын үлкендер көшені, даланы қауіпті санайтын, “Балам, жалғыз өзің көшеге шығушы болма!” дейтін. Иә, ол кезде солай болатын. Ал, қазір қауіп-қатер үйдің ішінде, бөлмелерге кіріп алған. Балалар үшін енді қатер тек көшеде ғана емес; қарсы алдарында, қол созым жерде. Нағыз қауіптің ошағы ғаламтор мен әлеуметтік желі екендігін түсініп отырған шығарсыз.

Ғаламтор мен әлеуметтік желінің төндірер қатері күн санап артып келеді. Соған қарамастан, оның шырмауына оралып жатқан адам саны да күн санап көбею үстінде. Үлкендердің өздерін көрсетіп, жұрт көңілінен шығуға тырысатыны т.с.с. сол күйінде балаларына да жұғады. “Ағашқа шыққан ешкінің бұтақ баққан лағы болар” демекші, әлеуметтік желіде отыратын ата-аналардың “бұтаққа өрмелеуге” бейім балалары болады, әрине. Өкініштісі сол, ол ағаштың жемісін жеуге де, көлеңкесін сая қылуға да келмейді.  

Тәрбие отбасынан басталады, бұл айтпаса да түсінікті. Ата-ана тиісті шара қолданбаса, өздері де, балалары да тым кеш қалатыны анық. Артынан өзегің күйіп өкінсең де, ештеңе өзгермейді, бұрынғыдай болмайды.  

Әлеуметтік желіде балалардың өзіндік позиция иеленуге деген ұмтылысы көңілге үлкен алаң салатындай жағдайда. Англиядағы  телекоммуникациялық компаниялардың қызметін реттеуші орган Ofcom жүргізген зерттеу бойынша:

• 8 бен 11 жас аралығындағы балалардың 25 %-ы жас шектеуіне қарамастан, жеке бас мәліметтерін ұсақ-түйегіне дейін фейсбук арқылы миллиондаған адаммен бөліседі. 

• Балаларының ғаламторда неше түрлі суреттерімен бөлісіп жүргендерін көп отбасы мүлде білмейді де. Жұрт көңілінен шығып, пікірін алу жолындағы жарыстың жылдамдығы балалардың шектен тыс еркіндігін көрсетеді.

• Фейсбук, Инстаграм, Ютуб және Снапчат деп аталатын әлеуметтік желілерді балалардың тым жиі қолданатындығы бірден байқалады. 

Елімізде де бұдан көп айырмашылығы жоқ:

• 5-15 жас аралығындағы балалардың 60 %-ның смартфоны бар. Жартысына жуығы планшет пен компьютер пайдаланады. 

• 3-4 жастағы балалардың 29 %-ы смартфон ұстайды, 65 %-ының планшетпен ойнайтындығы анықталған.

• Балалардың 41 %-ның әлеуметтік желіде аккаунты бар. Олардың 85 %-ы ВКонтакте желісін пайдаланады.

• Aта-аналардың жартысынан көбі балаларының әлеуметтік желідегі аккаунтын бақылап, кіммен қатынасатындығын қадағалаймыз дегенмен, мәселенің толық бақылауда емес екендігі аңғарылады.

• Балалар әлеуметтік желіні жалпы алғанда қызық үшін пайдаланады. Достарымен хабарласып, видео қарап, сурет, видео бөлісіп, ойын ойнау бірінші кезекте. 

Қоғамдық бақылаушы қажет

Әлеуметтік желіге тіркелу үшін бала 13-ке келу керек. Ата-ана бақылауында екендігі дәлелденсе, кей платформалар тіркелуіне рұқсат ете алады. Дегенмен, бұл теориялық тұрғыда тым жақсы қағидадай көрінгенмен, іс жүзінде тіптен де олай емес. 

Мамандардың ортақ пікірі 13 жасқа келмеген баланың әлеуметтік желіні пайдалы түрде қолдана алмайды дегенге саяды. Ата-аналардың өзінің қолынан келмей жатқанда, баладан бірдеңе күту әбестік болса керек. 

Қарбалас жұмыс, жанталас тірлік деп жүрген ата-ананың балаларын қалт жібермей бақылауы тіпті де мүмкін емес. Ал, балалар өкінішке қарай, ескегі жоқ қайық секілді әлеуметтік желі дариясында жал-жал толқынның қақпақылына айналып кетіп барады. Оларды толқынның қақпақылынан құтқару, тіпті, сол дарияға түспей тұрып бөгет болу, қалай десек те, айналып келгенде ата мен ананың міндеті. Ал, балалардан бұрын ол дарияға ата-ананың өзі түсіп, айналсоқтап шыға алмай жүрсе, балаларына қол ұшын бермек болуы құр далбасадан әріге бармайтыны анық. 

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0