Авторы

ЕРКІНБЕК АҚАНҰЛЫ

Browsing

Егіншілік саласында гені өзгерген организмдер мәселесінің төңірегінде 20 жылдан бері пікір қайшылығы толастар емес. ГМО өнімдері 15 жылдан жиналып келеді. Ғылыми жұмыстар жазылып, тәжірибе жасалып, нәтижесі халыққа жарияланып, ГМО-ның суретін сомдайтындай материал қордаланды.

ГМО-дан қашып құтылу мүмкін бе?

ГМО-дан қашып құтылу мүмкін бе, жоқ па, оны анықтау үшін ген егу ісінде бүгінге дейін нелер болғанын саралап көрейік. Бастапқыда гені өзгерген егін дақылдарын өсірудегі басты мақсат оны түрлі зиянкестерден қорғау болатын. Кейіннен дәмін, қоректік құндылығын, көрінісін және сөреде сақталу мерзімін, т.б. ерекшеліктері де ескеріліп, қолға алына бастады. 

Әлемде ГМО қосылған өнімдердің сату мақсатында егілуі алғаш рет 1996 жылы басталды. Ол кезде мұндай өнімдер 6 ел, 1,7 миллион гектар жерге егілді. Ал қазір бұл көрсеткіш 29 ел, 148 миллион гектар жерге жетті. ГМО қосылған өнімдер алғаш егіле бастағаннан бүгінге дейінгі 20 жылдық мерзімде ГМО қосылған өнімдердің егілетін аумағы бүкіл егістік жердің тек 3 %-ын құрайды. 

Гені өзгертіліп қазіргі күні егіліп жүрген “бірінші буын” өсімдік түрлері негізінен гербицидтерге (егінде арам шөппен күрес үшін қолданылатын химикат дәрілер) төзімділік, құрт-құмырсқа, ауру және қоршаған ортаның кері әсеріне шыдамдылық секілді ерекшелік берілген өнімдер. Өнімділік пен қоректік сапаны арттыру көзделгендіктен, “екінші буындағы” түрлері арқылы емдеуде пайдаланылатын өте қымбат екпе препараттары мен дәрі-дәрмек өндіру жоспарланған. Биоотындық қасиеті бар “үшінші буын” – гені өзгертілген өсімдік түрлері.

Ең көп өндірілетіні соя, одан кейін кезекпен жүгері, мақта, картоп, қызанақ және рапс келеді. Жүгері мен соя егетін жердің көлемі тез ұлғайып жатса, мақта мен рапс өндіруде бұл көрсеткіш өте шектеулі. Бұрыш, картоп, қызанақ, күріш, бидай, асқабақ, күнбағыс және жержаңғақ тәрізді өнімдердің де гені өзгеріске түседі. Мұндай жұмыстар әлі жүргізіліп жатқан өнімдер арасында банан, құлпынай, алша, қауын, қарбыз, таңқурай мен ананас бар.

Енді ГМО-ның жайы не болмақ? Бір жағында қатерге бас тігу, екінші жағында пайда бар. Жалпы наразылық тудырып отырған нелер және жақтаушылардың қауіпсіздігіне қатысты дәлелі не? Әуелі ГМО-ның қауіпті жағына көз жүгіртейік.

Үш нәрсеге байланысты ГМО егіншілігіне қарсы наразылық бар. Біріншісі, ГМО-дан төнуі мүмкін мәлім және беймәлім қатер. Екіншісі, ген егілген өнімдердің тиісті сынақтан дұрыс өткізілмеуі. Ал үшіншісі, мәселенің діни жағы.

Денсаулыққа қауіпті факторлар

Адам денсаулығына төндірер қауіпіне қатысты мұндай өнімдердің антибиотикке төзімділігі әлсірейтіні, вирусты гендерді тасымалдауы арқылы аллергияға және басқа кеселдерге түрткі болатыны, кейбір өнімдердің “тұтынар азыққа” айналуы арқылы пайда болатын қауіп-қатерлер аталады. ГМО-ның “тұтынар азыққа” айналуы жем-шөп ретінде өндірілген дақыл түрлерін рұқсатсыз халық тұтынушылығына шығару салдарынан орын алады. Жан-жануар үшін егілген ГМО жүгеріні адам жесе, оның қауіпті жағы болуы мүмкін. Өйткені өнімділікті арттыру үшін ген егілгенде малды ұрықсыздандыру көзделген болуы ғажап емес. Ондай өнімді пайдалану адамды да бедеулікке ұрындырады. Екіншісі, гербицидке төзімді ген егілген өсімдіктерге пайдаланатын дәрілердің өсімдікте дәрі қалдығы болып қалатындығы. Бұл қалдық асқорыту жүйесінде қалып қойса, жасушаларға дейін кіріп түрлі дертке себеп болуы мүмкін деген пікір бар.

ГМО-лы дәнді-дақылдардың көпке таныс қатері жан-жануарда антибиотик төзімділігін жоятындығы. Ал мұның себебі болса, ген егілген соң жасушалар бар жерде көп мөлшерде антибиотиктің қордалануы. Егер гендер қызметін тоқтатпаса, антибиотиктен зиян шекпейді. Ал гендер әрекетсіз қалса, жасушалар өледі. Бұл гендер әуелі бактерияларға одан әрі өнімді жеген жануарға өтуі мүмкін болғандықтан қауіпті болатын. Соңғы жылдары бұл тәсіл қолданыстан шықты, оның орнына қауіпсіз гендер қолданыла бастады және сынақтар көбейді.

Қоршаған ортаға төнер қауіп

Мәселеге осы тұрғыдан баға беретін болсақ, алдымыздан биологиялық ластану шығады. Мұнда үш мәселе бар. Егу кезінде басқа, көзделмеген геннің араласып кетуі және бұл геннің табиғи тозаңдану жолымен өз түрінен басқа өсімдікке жұғуы. Тозаңдануда қашықтық ұлғайған сайын бақылау қиындай түседі, сөйтіп биологиялық ластану артады. Мұндай кезде ген егілген түр басқалардан басым түсіп, оларды жойып жіберуі мүмкін.

Екіншісі, ген егілгенде негізгі жұмысты атқаратын (төзімділік, дәм, түс т.с.с.) генмен бірге осы генді белсенді күйге түсіретін “промоутер” деп аталатын ДНК тізбегі де жануарға (өсімдікке) беріледі. Қалыпты жағдайда ұйықтап жатқан гендер егілген соң бағдарламадан тыс бейуақ түрде белсенді күйге түсуі мүмкін. Керісінше де болуы ғажап емес, өзінің бағдарламаланған гендік қызметін атқармауы да мүмкін. Қызметін атқармаса жетіспеушілік орын алады, ал ұйықтап жатқан гендердің оянуы, бақылаудан тыс жағдайлардың қалыптасуына түрткі болуы мүмкін.

ГМО-ның қоршаған ортаға тигізуі мүмкін кесірлерінің бірі ретінде егілген микроорганизмдердің нысаннан басқа тіршілік иелеріне әсерін айтуға болады. Мәселен, егілген геннің өнімінен әлдебір ұсақ жәндік әсерленуі мүмкін.

Эволюциялық көзқарас басқа салаларға қарағанда биология мен генетика ғылымында басымдау. Өсімдіктен жәндікке берілген ген одан басқа жануарларға өтіп, бақылау мүмкін болмай құбыжыққа айналғаны жайлы хикая эволюциялық логикамен құрылған қиял жемісі. Алайда Алла Тағала тіршілік иелерінің басқа түрге айналуына рұқсат етпеген. Құдіретті Алла тіршілік иелерін тұрғылықты жеріне бейімделе алатындай қылып жаратқан. Мұның сыртында бір өнімнің өздігінен құбыжыққа айналатындай сатылық кезеңнен өтуі мүмкін емес. Ал зертханада жүргізілген жұмыстар мен қателіктер айтылып отырған мәселені айналып өтеді.

ГМО-ның пайдалы жағы

ГМО-дан пайданы тек дәнді-дақылдардан ғана күтпейді. Одан әлдеқайда ауқымды пайда көздейді. Ауруды анықтау мен емдеуден бастап, жаңа қорек көздерін табу, тұқымы жойылған жан-жануарларды қайта қалпына келтіруге дейін қамтылған. Әсіресе егін және мал шаруашылығы, медицина, азық-түлік, химия, энергия мен экология салалары болашақта ген технологиясы арқылы жаңаша келбет табады деген үміт бар. 

 Тоқтамға келетін жер 

Ауылшаруашылық технологиялары мен генетика технологиясындағы қарқын, егіншілікпен және тұтынушымен етене аралас. Сондықтан, егіншілікпен айналысатындардың 30 %-на, ал осы саланы кәсіп қылғандар мен тұтынушы мына бізге 100 % қатысы бар қарқынмен дамып келе жатқан нәрсе – ол ГМО.

Мәселе азық-түлікке келгенде, адам денсаулығы екінші кезекке түсіп қалуы ғажап емес. Жасалып шығару жолы адам жаратылысына қайшы болса да, тұз бен қанттың мол қоры – чипсы мен кола тәрізділерге тыйым салу мүмкін болмай отыр. Егер адам денсаулығын ойлап қарекет етілсе, автокөлікте қолдануға болмайтын мотор майлары тәрізді, қауіпті ГМО өнімдерімен қатар чипсы, кола секілді өнімдерге де, орасан зор қаржылық табысына қарамай, өндіруге тыйым салынар еді. Тыйым салынған арзанқол майлар көліктің тетіктеріне бірден зиян келтірмейді. Чипсы жеп, кола ішкен, қауіпті ГМО-лы өнім тұтынған адам да бірден ауру бола қалмайды. Өкінішке қарай, автокөлікке жасалған алдын-алу шаралары, адамдар үшін жасалмай отыр. Көліктің сақтандыру шарты бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізетін сақтандыру компаниялары бар күшін салып жатқанымен, адам денсаулығын қорғаушылар әлі асығар емес. 

 

Жалғасын «Адам және өмір» журналының 18-ші санынан оқыңыздар…

Мектепте, әрине, талай нәрсе бар. Ұстазы, шәкірті, әдіскері, партасы, үстелі, сыныбы, кітабы мен қаламы, жанды-жансыз бәрі мектеп ғимаратының ішінде. Жетістік, сәтсіздік, табель, диплом да мектеп есігінің артында. Ал “біреу бар ма?” деген сауал, мектеп ішіндегілердің мінсіз білімге қаншалықты жақын екендігін білу үшін қойылып отыр.

Оқу-білім жүйесінің әр түрлі сатысында қызмет ететін тәлімгерлердің оқушылардың әрі өміріне, әрі жан дүниесіне әсер еткен отызға жуық тәжірибесі талданды. Бастарынан кешкен қызықты үлгі аларлық оқиғалар, көп уақыт алса да, бастан-аяқ тыңдалды. Ұстаздармен бірге мінсіз білім мен шынайы білім арасындағы айырмашылыққа баға беріліп, нәтиже шығарудың жолдары қарастырылды.

Тәрбие-білім “ағашының” жемісі саналатын оқушыларға экономикалық өмірдің ең қиын кезеңдерінен жол таба білу әдістерін үйретуге бола ма? Оқушылардың бойындағы ұғым, түсініктер дауға айналып, жан-жақтан түрлі қыспаққа ұшыраған шақта өмірлік сыр бермес қабілет-қарым дарытуға мүмкіндік бар ма? Сахара шөлінің күйдірген күнінен де ыстық, тыныс тарылтар сан алуан пікір қақтығыстарының атойынан өздерін қорғай ала ма? Ең қиын сәтте дұрыс бағыт табуға болатын жерді тани алатындай білім беруге бола ма?

Бұл сауалдардың жауабы біз әзірлеген деректерде нақты берілмеген. Оқыған кезде кей жерлері тәлімгердің шағымы тәрізді көрінуі мүмкін. Алайда, сол жерлердің өзінде үлгі аларлық шешімдер кездеседі. Мәселеге қатысты жақсы ниетпен ой сараптау оқырманның қолында. Мархабат, енді ақырын бастайық:

Жылдар өтіп жүздеген бала білім ұстаханасында шыңдалады. Әр бала өз бетінше бір бағытқа бой түзейді. Ұстаз, тәлімгерлерден осы қым-қуытпен өткен жылда естерінде қалған жағымды яки жағымсыз нендей оқиғалар болғанын сұрадық.

Оқу жылын таразыға тарттырған жанжал

Бірнеше оқушым ұрыс-төбелеске араласты. Бір қарағанда, жай жанжал секілді көрінді. Алайда, менің жанымды жай таптырмаған жері бар. Мұндай кезде, “Апырай, мен қай жерде қателік жібердім? Нені дұрыс істемедім?” деп ойлайсың. Өйткені, мұғалімнің жұмысы тек сұрақ қойып немесе қойғызып, тест шештіріп яки тәжірибе жасатып емтиханға дайындау емес. Бұл да оның жұмысы. Дегенмен, мұғалімнің жұмысы негізінде ар-ожданды адам тәрбиелеу. Ал мынадай жайға кезіккенде, “Түу, нені дұрыс істемей бұған ұрындық екен”, деп ойланасың. (Шыңғыс)

Бір жылдың жайсыз  күнтізбесі

Өткен жылдан есімнен кетпес екі оқиға бар. Мұның бірі – ең үздік оқушымның әкесі (мемлекет қызметкері) ақша жеп ұсталды. Шәкіртім үшін қатты қапа болдым. Екіншісі – тағы бір үздік оқушым сыныпта екі рет жүйке дерті қозып талып қалды. Мұның бірі бітіру кешінде болып, салтанат кейінге қалдырылды. Екеуінде де жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткіздік. Бұл оқиғалар мен үшін биыл ең үлкен келеңсіздік болды. Былтырғы жылы бірінші сыныптан екіге көшетін бір оқушымда жазда обыр дерті анықталды. Бір бүйрегі мен ішегінің бір бөлігін алып тастады. Бір жыл үйіне барып сабақ бердім. Отбасы көп салмақ салмауымды өтінді. Тек деңгейінен төмендеп кетпеуіне, білгендерін ұмыттырмауға тырыстым. Қазір жазылды, бірақ, үлгерімі әлі оңалмай келеді. (Тұрар)

Мектептердің көбі бітірушілер күнінде жақсы жетістікке жеткен, атап көрсетер бұрынғы түлектерін шақырмайды. Шақырылғандар болса, негізінен ақпарат құралдары арқылы танымал болғандар. Ұстаздар балалардың өміріне араласуда бұқаралық ақпарат құралдарының алдын орай ала ма? Бірнеше мысал:

Балалардың өміріне араласқанымызды талап ететіндей құндылықтарды үйрететін дәрістер бар, дегенмен… 

Жыл сайын жетпіске жуық оқушы бітіреді. Оқу-білім, қоғамнан бөліп-жаруға келмейтін құбылыс. Ұстаз мектепте балаға қанша жерден әділдікті үйреткенмен, ол бала өмір бойы әділетсіздік көрумен жүрсе, оның қаншалықты әсері болуы мүмкін? Былтыр “Құндылықтарды тану” ашық сабағының үстінде бір оқушым “емтихан жүйесі үнемі өзгере береді. Не істеу керегін білмей далмыз”, деді. Оқушылар мектеп жасынан әділетсіздікпен бетпе-бет келетін болса,  ол баланың ойына, санасына мықтап орын тебеді. Құндылықтарды үйрету жобамызда қоршаған орта тазалығы, мейірім, сүйіспеншілік іспетті мәселелер қаралады. Мұндай сабақ өту қоғамды жәбірлеудей көрінеді маған. Тіпті, қоғамның жеткен пұшайман күйін көрсетсе керек. Біз қоғам болып балаларға осындай құндылықтарды үйрете алмаған соң, аталмыш жобаларға қажеттілік туындайды. Яғни, мәселе мәз емес, негізгі құндылықтарды мектептегі екі сағаттық дәрісте бере аламыз деп ойлаймыз. (Алуа)

Оқушыға ықпалымыз 10%-дан аспайды

Мен қызмет ететін мектепте бір жылда 100-150 шамасында оқушы ауысады. Орташа есеппен бүгінге дейін шамамен 4500-дей оқушым бітіріп шықты. Отыз кісілік сыныпта мұғалімнің ықпалы 5-10 % ғана. Басқаша айтқанда, отыз оқушының бесеуіне ғана мұғалім ықпал етеді. Ұстаздың арқасында сабаққа көбірек бет бұрып, ықыласы арта түседі. Мұғалімге байланысты сабаққа қарамай кеткен оқушы саны да орта есеппен алғанда осы шамалас. (Әріпжан)

Оқу-білім төрттаған (оқушы, мұғалім, жүйе, ата-ана) үстіне құрылған, осының төртіншісі  “ата-ана” үнемі назардан тыс қалады. Не ата-ана өзі шет қалады, не болмаса жүйе оларды ескермейді. Мұғалімдермен осы жайын сөз еттік.

Он бір сабақтан нашар болған оқушының сабағын қалай түзелттік?

9-шы сыныпта оқитын бір оқушым болған. Бірінші жарты жылдықтың бүкіл сабағы он екі еді. Ал жаңағы оқушымның  он бір сабағы нашар. Қысқасы, жағдай қыл үстінде болатын және жедел түрде бірдеңе істеу қажет еді. Оқушымның үлгерімі үшін үй ішін де тарттым. Өйткені, бірдеңеге қол жеткізу үшін оның өміріндегі барлық адаммен байланыс орнатуым керек болды. Оқушы жалпы жаңсақ ойдың жетегінен де шыға алмай жүрген. Үнемі өзінің қолынан ештеңе келмейтіндей тартыншақтайтын.

Әдемілеп жұмыс жоспарын құрдық. Жыл соңына жеткенде қуанышымыз қойнымызға сыймаған. Бірінші жарты жылдықтағы он бір нашардың тоғызы түзелді. Талап пен сабыр, отбасымен күш жұмылдыру өз жемісін берді. Ол баланы байқамағанымда немесе байқамағандай болсам, кім білсін не боларын. Оның бастапқыдағы шарасыз күйі, кейінірек көрсеткен ынта-жігері және ақырғы жетістігі маған қатты әсер етті. (Жолдасбек)

 

Жалғасын «Адам және өмір» журналының 10(12)-шы санынан оқыңыздар…

Жас өнертапқыш аядай ғана шеберханасында өзі құрастырған әуе көлігіне қарап ауыр күрсінді. Қанатты көлігін қолдайтын демеушіні іздеп табу – мәселенің бір жағы ғана. Әуе жолдары басқармасынан алынатын рұқсат қағаздары тағы бар.

Суретте, бір өнертапқыштың «тар жол, тайғақ кешкен» әуе көлігі. Ұшатын көлік тағдыры жайлы айтылып та, жазылып та жатқанына жүз жылдай уақыт болды. Иә, иә тура жүз жыл. Сонау бұрқыраған түтінімен, үш дөңгелекті, бір орындық көліктер шыға бастаған дәуірдің өзінде-ақ көрші шеберханада ұшатын көліктерді құрастыру жұмыстары басталып кеткен болатын.

Алғаш құрастырылған жылдардан бастап-ақ ұшатын автомобиль технологиясы ғылыми-фантастикалық басылымдардың басты тақырыптарына айналды. Жоба сәтсіздікке ұшыраған сайын адамдар мазасыздана түсті. «Шынымен жүзеге аса ма?», «Қанша уақыт күтеміз?», «Біз мұны көре алар ма екенбіз? Әй, қайдам… .»  сынды сұрақтар күні бүгінге дейін толастар емес. Ендеше осы саннан оқитындарыңыз, көлік кептелісі мен күн ұзаққа созылған сапарларда қиялдан кетпейтін ұшатын автомобильдердің өткені, бүгіні һәм жақын болашағы … .

Соңғы 15 жыл ішінде ұшатын автокөліктер туралы хабарлар көбейіп кетті. Аядай шеберханасында жан-тәнін беріп әуе көлігін құрастырып шыққан өнертапқыштар: «Демеуші табылып, әуе жолдары басқармасынан рұқсат алсам, сериялық өндіріске бастауға болады», деп жар салып жүр. Өкініштісі сол, олардың әуе «тұлпарларының» ешқайсысы әлі шынайы өмірге ене алмады. Алайда, бұл жолы өнертапқыштар шындап кіріскен сияқты. Соңғы екі жыл ішінде алпауыт компаниялар ұшатын автомобиль ісіне білек сыбана кірісе бастады. Ал біз мәселені әу бастан алайық.

Дөңгелек жерден ажыраған жылдар

Қарапайым автокөліктің өзі алғаш құрастырыла бастаған жылдардың өзінде-ақ ұшатын автокөлік идеясы бар еді. 1903 жылдары ағайынды Райттар бүгінгі ұшақтардың алғашқы нұсқаларын әлі армандап жүрген кезде, 1890 жылы Au Bon Marche компаниясы ұшатын автокөліктердің коммерциялық бейне баянын жариялап қойған болатын.

1890 жылы Au Bon Marche компаниясы жасаған әуе көлігінің қанаты бар. Бұл машинаны массалық өндіріс үшін емес, бір қызығушылық пен арманнан туған туынды деуге болады. Артқы жағындағы көбелек қанатты велосипедтегі адамның ұшып жүргеніне қарап, бұл сурет тек қиял әлемінің бейнеленген түрі деуден басқа ештеңе айта алмаймыз. Кейінгі жылдары осы тектес жарнамалардан әсер алған  Джон Эмори Гарриман және Вальдо Уотерман атты екі өнертапқыш, 1911 жылы алғашқы ұшатын автокөлік жобасын өмірге әкеліп, патенттерін алады. Алайда, олар өз жобаларын қаржыландыратын қолдаушы таба алмай, машиналарын сөреге ысырып қоюға мәжбүр болды.

Шындығына келер болсақ, жаңадан ойлап табылған еш нәрсе жоқ. Жасалған әрбір әуе машинасы өзінен бұрынғының жетілдірілген түрі. Ақылды өнертапқыштардың осы құлшыныстары, алты жылдан кейін 1917 жылы Глен Кертиске шабыт берді. Кертис бұл істі біраз жоғары сатыға көтеріп, ұшатын автокөлігін соңына дейін апара алды. Дегенмен, машинаның дөңгелегі жерден бірнеше рет көтерілгенімен, биікке самғай алмады.

Глен Кертистің алғашқы прототибі мен Au Bon Marche компаниясының жарнамалық афишасын салыстырсақ, арман мен ақиқат арасындағы эстетикалық алшақтық бірден көзге түседі. Иә, көрінісі тартымды болмағанымен, ұшатын осы алғашқы автокөлік, айға алғаш аяқ басқан астронавт Нил Амстронгтың сөзін еске түсіреді: «Бұл мен үшін кішігірім, бірақ адамзат үшін үлкен қадам болды».

Ұша алмаған жобалар

Ұшатын көлік жарнамалары мен дөңгелегі жерден ажыраған алғашқы жобалардан кейін, көптеген ұшатын автокөлік түрлері құрастырылды. Бірақ ешқайсысы айтарлықтай нәтиже бере алмады. Ұшуды толықтай еңсерген алғашқы автокөлік 1946 жылы Роберт Фултон тарапынан ойлап табылды. Үйінің маңындағы Ла-Гуардия әуежайынан ауаға қалықтап, Бродвей көшесін бойлап ұшқан оның автокөлігі «Лайф» журналының мұқабасында жарияланды. Осы әуе сапарында Фултон 100 шақырымдық жерді 25 минутта ұшып өтеді. Роберт Фултонның ұшатын автокөлігі моторлы планерлерге ұқсайтын. Бұл машина да басқалары сияқты өміршең болмағанымен, болашақ жобалар үшін үлгі болды.

Роберт Фултоннан кейін әртүрлі әуе автокөліктері бірінен соң бірі бой көрсетті. Бірақ, көзделген межеге ешкім жете алмады. Тіпті кейбіреуінің соңы адам өлімімен аяқталып жатты. 1960 жылы Молтон Тейлор шынайы нәтижеге қол жеткізеді. Ол көлікке тағылған қанатты алынып салынатындай етіп жасап, көлікті тас жолда да қолдануды көздеді. Тейлордың машинасы 1970 жылдарға дейін ең сенімді ұшатын автокөлік болды. 70-ші жылдары қылаң берген мұнай кризисі мен машинаның ұшып, қону кезіндегі қауіптілігі аэромобильдің сериялық өндірісіне кедергі келтірді. Молтон Тейлор әуе машинасының Фултонның әуе көлігінен айырмашылығы: бірден аспанға көтеріле алуы мен тас жолда да жүре алу ерекшелігі болатын. 

Жалғасын «Адам және өмір» журналаның 2(4)-ші санынан оқыңыздар…

Бүгін қандай жұмыстарды бітіруіңіз керектігіне қатысты тізіміңіз бар ма? Егер күндік, апталық немесе айлық жұмыстарыңызды білмесеңіз, сіз жоспарсыз адамсыз және өмірдің ағынымен жүзіп бара жатырсыз деген сөз. Жазған тізіміңіз бар, бірақ оның басым бөлігі өткен күннің жұмыстарымен толып тұрса, бұл сіздің жалқаулық шұңқырына түсіп кеткендігіңіздің белгісі болуы мүмкін. Өз жұмысыңызға қарағанда, басқа істермен көбірек айналысып, жұмысыңыздың нәтижесіне жете алмай жүрсеңіз, онда сіз «жасырын жалқау» адамдардың қатарындасыз.

Бұрын-соңды естімеген «жасырын жалқаулық» деген сөз тіркесі мен жалқаулықтың айырмашылығын бір мысалмен түсіндірейік.

Жақын арада бір ағаш отырғызу ниетіңіз бар деп ойлайық. Осы ниетіңізді жүзеге асыру үшін, қимылға көшуіңіз қажет. Алдымен ағаш отырғызатын жерді таңдап, сосын қандай ағаш отырғызатыныңызды шешіп, жұмысты бастауыңыз керек. Егер денеңіздің салмағы мақсатыңыздың салмағынан ауыр басып, бастай алмасаңыз, онда сіз «жалқаусыз» деген сөз.

Ал егер істі бастасаңыз, бірақ нәтижеге қол жеткізе алмасаңыз, онда сіз жалқау емес шығарсыз, бірақ еңбекқор адамның да қатарында емессіз. Әрекет ете бастау сізді жалқаулықтан құтқарғанымен, нәтижеге бара алмау да сізді еңбекқор ете алмайды. Сіздің жағдайыңыз, оқитын кітабын таңдап, оны барып сатып алып, оқи бастаған кісінің жағдайына ұқсайды. Бұл кісі кітапты алды және оқи бастады. Осы екі амал, оны жалқау деген аттан құтқарды. Бірақ, кітап айлап сөмкеде немесе үстел үстінде жатса, сөйтіп толық оқылмаса, ондай адамды табысты адам деп айта алмаймыз. Өйткені табысқа жетудің өлшемі саналатын «нәтиже» алынбады. Міне, осы топтағы адамдар «жасырын жалқаулардың» қатарына кіреді.

Біз осы мақаламызда өзін еңбекқор санайтын, бірақ жақсылап зер салғанда, өзінде жасырын жалқаулықтың белгілері бар адам жайлы сөз қозғаймыз. Басталған оншақты жұмысы болғанына қарамастан, ешбірінен толық нәтиже ала алмаған және топтың басқа мүшелері жұмыспен жүгіріп жүрген кезде, бір жерге «байланып» қалған жасырын жалқаулар жайлы айтпай тұрып, алдымен жалқаулықтың не екендігіне тоқтала кетейік.

Жалқаулық – әрекет етпеу

Қалаумен жасалған әрбір әрекет — білім, ерік-жігер және күшпен жүзеге асады. Кісіні қимыл-әрекетке көшіретін осы үш негізгі элементтің біріншісі — білім. Бір істі қалау үшін адамның алдымен сол іс жайлы білімі болуы керек. Адам не үшін ағаш отырғызу қажеттігін білмесе, оны отырғызуды қаламайтындығы белгілі. Ағаш отырғызудың пайдалы іс екенін аңғарған адамда, бірінші шарт, «білім» элементі бар деген сөз.

Екінші негізгі элемент — ерік-жігер. Адам пайдасын білетін ағаш отырғызу ісіне көңіл аударса, сол істі іштей қалап тұрса, екінші шарт саналатын ерік-жігер элементінің де бар болғаны. Ерік-жігер – мақсатына жету үшін қажет санайтын іске бар көңілін бұру.

Үшінші негізгі элемент – күш. «Күш» алғашқы екі элементке қарағанда маңыздырақ. Адамды әрекет еттіретін құдырет мағынасындағы күш – жалқаулық тақырыбының ең жанды жері. Өйткені ағаш отырғызу үшін, тек қана оның пайдалы екендігін білу жетпейді. Ағаш отырғызуды қалау да мәселені толық шеше алмайды. Ағаш отырғызуды қатты қалап, осы іске қызығушылығы артып тұрғанымен, мүмкіндіктерін қолдана алмай жүрген қанша адамдар бар. Сол үшін Алла Тағала күш-қуатты, мүмкіндіктерді және әрекет ететін ағзаларды жаратты. Бұл ағзалар күшпен әрекет ете бастағанда жұмыс басталды деген сөз. Міне сондықтан, еңбектенудің антонимі саналатын жалқаулық, күштің араға кіруімен кісінің бойынан жойылады.

Ал тақырыбымыздағы жасырын жалқаулықта кісі күшін қолданса да нәтижеге жете алмайды. Білім және қалауымен бір іске ден қойған кісі, басқа кедергі болмаса ерік-жігерін пайдаланып, сол іске кіріседі. Ерік-жігер арқылы ағзалар әрекетке көшеді. Әрекет басталған кезде адам жалқаулық сипатынан құтылады. Алайда қимылға көшкенімен, жұмыс істеп жатқан сияқты көрініп, нәтижеге жете алмаса, міне, жасырын жалқаулық сипатындағы адам дегеніміз осы.  

Жұмысбасты сияқты көріну – жасырын жалқаулық

Адамды қимыл-әрекетке көшіретін ерік-жігер, қалау және көңіл аудару, жасырын жалқауларда да бар. Мұндай адамдар көбінесе күшін қолданып іске кіріседі.Алайда жасырын жалқаулар, жұмысқа көңіл бөліп, ерік-жігерін қолданғанымен, нәтижеге қол жеткізе алмайды. 

Өз күшін қолданбайтын жалқаулар бос отырғандықтан, жұмыс істеп жатқандардан оңай ажыратылады. Ал жасырын жалқау күшін қолданып, әрекет еткені көрініп тұрғандықтан, бір қарағанда еңбекқор адамдардан айырмашылығы болмайды. Мұндай адамдарда білім мен ерік-жігер болғанымен, сол істі бітіруге қатысты сенімдері аз немесе талап етілгендей ниеттері жоқ. Кітап оқу жайлы айтқанымен, оны бастап, бірақ бітіре алмайды. Отырғызамын деп көшетті қолына алғанымен,  оны да аяқтай алмайды т.с.с.

Жалғасын «Адам және өмір» журналының

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0