ҒЫЛЫМ & БІЛІМ

Тоқ-тоқ, мектепте біреу бар ма?

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Мектепте, әрине, талай нәрсе бар. Ұстазы, шәкірті, әдіскері, партасы, үстелі, сыныбы, кітабы мен қаламы, жанды-жансыз бәрі мектеп ғимаратының ішінде. Жетістік, сәтсіздік, табель, диплом да мектеп есігінің артында. Ал “біреу бар ма?” деген сауал, мектеп ішіндегілердің мінсіз білімге қаншалықты жақын екендігін білу үшін қойылып отыр.

Оқу-білім жүйесінің әр түрлі сатысында қызмет ететін тәлімгерлердің оқушылардың әрі өміріне, әрі жан дүниесіне әсер еткен отызға жуық тәжірибесі талданды. Бастарынан кешкен қызықты үлгі аларлық оқиғалар, көп уақыт алса да, бастан-аяқ тыңдалды. Ұстаздармен бірге мінсіз білім мен шынайы білім арасындағы айырмашылыққа баға беріліп, нәтиже шығарудың жолдары қарастырылды.

Тәрбие-білім “ағашының” жемісі саналатын оқушыларға экономикалық өмірдің ең қиын кезеңдерінен жол таба білу әдістерін үйретуге бола ма? Оқушылардың бойындағы ұғым, түсініктер дауға айналып, жан-жақтан түрлі қыспаққа ұшыраған шақта өмірлік сыр бермес қабілет-қарым дарытуға мүмкіндік бар ма? Сахара шөлінің күйдірген күнінен де ыстық, тыныс тарылтар сан алуан пікір қақтығыстарының атойынан өздерін қорғай ала ма? Ең қиын сәтте дұрыс бағыт табуға болатын жерді тани алатындай білім беруге бола ма?

Бұл сауалдардың жауабы біз әзірлеген деректерде нақты берілмеген. Оқыған кезде кей жерлері тәлімгердің шағымы тәрізді көрінуі мүмкін. Алайда, сол жерлердің өзінде үлгі аларлық шешімдер кездеседі. Мәселеге қатысты жақсы ниетпен ой сараптау оқырманның қолында. Мархабат, енді ақырын бастайық:

Жылдар өтіп жүздеген бала білім ұстаханасында шыңдалады. Әр бала өз бетінше бір бағытқа бой түзейді. Ұстаз, тәлімгерлерден осы қым-қуытпен өткен жылда естерінде қалған жағымды яки жағымсыз нендей оқиғалар болғанын сұрадық.

Оқу жылын таразыға тарттырған жанжал

Бірнеше оқушым ұрыс-төбелеске араласты. Бір қарағанда, жай жанжал секілді көрінді. Алайда, менің жанымды жай таптырмаған жері бар. Мұндай кезде, “Апырай, мен қай жерде қателік жібердім? Нені дұрыс істемедім?” деп ойлайсың. Өйткені, мұғалімнің жұмысы тек сұрақ қойып немесе қойғызып, тест шештіріп яки тәжірибе жасатып емтиханға дайындау емес. Бұл да оның жұмысы. Дегенмен, мұғалімнің жұмысы негізінде ар-ожданды адам тәрбиелеу. Ал мынадай жайға кезіккенде, “Түу, нені дұрыс істемей бұған ұрындық екен”, деп ойланасың. (Шыңғыс)

Бір жылдың жайсыз  күнтізбесі

Өткен жылдан есімнен кетпес екі оқиға бар. Мұның бірі – ең үздік оқушымның әкесі (мемлекет қызметкері) ақша жеп ұсталды. Шәкіртім үшін қатты қапа болдым. Екіншісі – тағы бір үздік оқушым сыныпта екі рет жүйке дерті қозып талып қалды. Мұның бірі бітіру кешінде болып, салтанат кейінге қалдырылды. Екеуінде де жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткіздік. Бұл оқиғалар мен үшін биыл ең үлкен келеңсіздік болды. Былтырғы жылы бірінші сыныптан екіге көшетін бір оқушымда жазда обыр дерті анықталды. Бір бүйрегі мен ішегінің бір бөлігін алып тастады. Бір жыл үйіне барып сабақ бердім. Отбасы көп салмақ салмауымды өтінді. Тек деңгейінен төмендеп кетпеуіне, білгендерін ұмыттырмауға тырыстым. Қазір жазылды, бірақ, үлгерімі әлі оңалмай келеді. (Тұрар)

Мектептердің көбі бітірушілер күнінде жақсы жетістікке жеткен, атап көрсетер бұрынғы түлектерін шақырмайды. Шақырылғандар болса, негізінен ақпарат құралдары арқылы танымал болғандар. Ұстаздар балалардың өміріне араласуда бұқаралық ақпарат құралдарының алдын орай ала ма? Бірнеше мысал:

Балалардың өміріне араласқанымызды талап ететіндей құндылықтарды үйрететін дәрістер бар, дегенмен… 

Жыл сайын жетпіске жуық оқушы бітіреді. Оқу-білім, қоғамнан бөліп-жаруға келмейтін құбылыс. Ұстаз мектепте балаға қанша жерден әділдікті үйреткенмен, ол бала өмір бойы әділетсіздік көрумен жүрсе, оның қаншалықты әсері болуы мүмкін? Былтыр “Құндылықтарды тану” ашық сабағының үстінде бір оқушым “емтихан жүйесі үнемі өзгере береді. Не істеу керегін білмей далмыз”, деді. Оқушылар мектеп жасынан әділетсіздікпен бетпе-бет келетін болса,  ол баланың ойына, санасына мықтап орын тебеді. Құндылықтарды үйрету жобамызда қоршаған орта тазалығы, мейірім, сүйіспеншілік іспетті мәселелер қаралады. Мұндай сабақ өту қоғамды жәбірлеудей көрінеді маған. Тіпті, қоғамның жеткен пұшайман күйін көрсетсе керек. Біз қоғам болып балаларға осындай құндылықтарды үйрете алмаған соң, аталмыш жобаларға қажеттілік туындайды. Яғни, мәселе мәз емес, негізгі құндылықтарды мектептегі екі сағаттық дәрісте бере аламыз деп ойлаймыз. (Алуа)

Оқушыға ықпалымыз 10%-дан аспайды

Мен қызмет ететін мектепте бір жылда 100-150 шамасында оқушы ауысады. Орташа есеппен бүгінге дейін шамамен 4500-дей оқушым бітіріп шықты. Отыз кісілік сыныпта мұғалімнің ықпалы 5-10 % ғана. Басқаша айтқанда, отыз оқушының бесеуіне ғана мұғалім ықпал етеді. Ұстаздың арқасында сабаққа көбірек бет бұрып, ықыласы арта түседі. Мұғалімге байланысты сабаққа қарамай кеткен оқушы саны да орта есеппен алғанда осы шамалас. (Әріпжан)

Оқу-білім төрттаған (оқушы, мұғалім, жүйе, ата-ана) үстіне құрылған, осының төртіншісі  “ата-ана” үнемі назардан тыс қалады. Не ата-ана өзі шет қалады, не болмаса жүйе оларды ескермейді. Мұғалімдермен осы жайын сөз еттік.

Он бір сабақтан нашар болған оқушының сабағын қалай түзелттік?

9-шы сыныпта оқитын бір оқушым болған. Бірінші жарты жылдықтың бүкіл сабағы он екі еді. Ал жаңағы оқушымның  он бір сабағы нашар. Қысқасы, жағдай қыл үстінде болатын және жедел түрде бірдеңе істеу қажет еді. Оқушымның үлгерімі үшін үй ішін де тарттым. Өйткені, бірдеңеге қол жеткізу үшін оның өміріндегі барлық адаммен байланыс орнатуым керек болды. Оқушы жалпы жаңсақ ойдың жетегінен де шыға алмай жүрген. Үнемі өзінің қолынан ештеңе келмейтіндей тартыншақтайтын.

Әдемілеп жұмыс жоспарын құрдық. Жыл соңына жеткенде қуанышымыз қойнымызға сыймаған. Бірінші жарты жылдықтағы он бір нашардың тоғызы түзелді. Талап пен сабыр, отбасымен күш жұмылдыру өз жемісін берді. Ол баланы байқамағанымда немесе байқамағандай болсам, кім білсін не боларын. Оның бастапқыдағы шарасыз күйі, кейінірек көрсеткен ынта-жігері және ақырғы жетістігі маған қатты әсер етті. (Жолдасбек)

 

Жалғасын «Адам және өмір» журналының 10(12)-шы санынан оқыңыздар…

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0