ДІН ЖӘНЕ ӨМІР

Мұса пайғамбар (ғ.с.) Қызыр пайғамбарға (ғ.с.) неліктен шәкірт болды?

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Мұса пайғамбар (ғ.с.) мен Қызыр пайғамбар (ғ.с.) арасында болған оқиғада ұстаз-шәкірт қарым-қатынасы тұрғысынан үлкен өнеге бар.

Mұса пайғамбар (ғ.с.) өз қауымының  көңіл түкпірін жаулайтын әсерлі сұқбат үстінде біреу одан “Уа, Aлланың пайғамбары, жер бетінде сенен өткен дана адам бар ма?” деп сұрайды. Ал ол “жоқ” деп жібереді. “Мұның жайын Aлла жақсы біледі!” деп Aллаға тапсырмағаны үшін, Aлла Tағала оған “Сенен де білімді бар”, деп бұйырады. Ислам тарихы жайлы еңбектерде баяндалатын бұл көлемді қиссада бірнеше ғибратқа толы оқиға бар. Қысқасы, Мұса пайғамбар (ғ.с.)  өзінен де білімді кісімен жолыққысы келеді.

Тілегі қабыл болып, Қызыр пайғамбарды іздеуге кіріседі. Оны шапанының бір етегін аяғына орап, ал бір етегін басының астына жайып демалып жатқан жерінде табады.

Мұса пайғамбар “Сенде бір ілім бар екендігі жайлы хабар алдым. Сенімен дос болғым келеді. Саған мәлім кемел ақиқат жолды мен де үйренейін деп келдім”, дейді. Қызыр пайғамбар “Уа Mұса! Менде бір ілім бар, алайда, ол саған үйретуге лайық емес. Сенде де бір ілім бар, бірақ, оны үйрену маған лайық емес! Берілген хабарды ұқпасаң, астарын жете түсінбесең, көзіңе оғаш көрінсе,  оған қалай сабыр етпексің, қалай шыдамақсың?” дейді. 

Mұса пайғамбар “Иншалла, менің сабырым сыр бермес, саған ешбір ісіңде қарсы шықпаймын!” дейді. Қызыр пайғамбар “Егер тап осы айтқаныңдай  бағынатының рас болса, мен өзім айтып түсіндірмейінше сен ештеңе сұраушы болма!” дейді. 

Жол үстіндегі үш қисса

Қызыр пайғамбар мен Mұса пайғамбар сырттай жай сапарға, ал шын мәнісінде ілім саяхатына шығады. Әуелі кемеге мінеді. Қызыр пайғамбар кеменің бір тақтайын күшпен жұлып алып тастайды. Mұса пайғамбар “Мынауың қылмыс қой”, дейді. Қызыр пайғамбар “Менімен сапарлас болуға шыдамайсың дедім ғой”, дейді. Mұса пайғамбар әйтеуір оның келісімін алып, сапар жалғасады.

Жолда ойнап жүрген бір топ бала кезігеді. Қызыр пайғамбар солардың біреуін өлтіріп тастайды. Mұса пайғамбар мынаны көріп шошынып, зәресі ұшады. “Сен күнәсіз, пәк жанды себепсізден себепсіз өлтірдің ғой!?” дейді. Қызыр пайғамбар әдепкі қарсы шықпаймын дегенін тағы ескертеді. Дегенмен, тағдырға сай сапар одан әрі жалғасады. Ақырында, бір ауылға жетеді. Солардан ас-ауқат сұрайды. Олар қарайласпайды. Сол жерде қисайып, құлағалы  бір дуал тұрады. Қызыр пайғамбар соны жөндеп, түзетеді.

Мұса пайғамбар “Ең болмаса, мына еңбегің үшін ауыл халқынан ақы алуыңа болар еді ғой?” дегенде, Қызыр пайғамбар “Міне, бұл сен екеуміздің ажырауымыз!” дейді. 

Үш қиссаның хикметі (астары)

Қызыр пайғамбар ажырайтын кезде “Енді, шыдамаған, сабырың жетпеген нәрселердің астарын саған айтып берейін. Ана мен тескен кеме теңізден нәпақасын ажыратар жоқ-жітіктікі болатын.  Сол үшін мен оны ақаусыз болмасын дедім, өйткені, артынша бүтін кемелерді күшпен алуға әмірші келе жатқан. Кемені ақысыз тартып алатын әмірші келіп, оның тесік екенін көрген соң, алмай кетті. Сосын кеменің иелері әлгі тесікті тақтаймен бітеп жөндеп алды. Содан жұмыстарын жалғастыра берді.

Балаға келсек, ол жаралған күннен кәпір болмысты еді, яғни кәпірліктің мөрі басылған болатын. Ал оның ата-анасы мүмін кісілер. Ұлдары кәпір. Жаңағы ата-ана ұлдарын өте жақсы көретін. Егер бала ержетер болса, ата-анасын азғырып, оларды да күпіршілікке түсірер еді. Әке-шешесі балаларын өлердей жақсы көргендіктен діннен ажырар еді. Біз, Алла оның орнына қайырымды, ата-анасына жақынырақ, мейірімді басқа бала бергенін қаладық.

Ал дуал болса, ол дуал сол қаладағы екі жетім баланыкі еді, астында соларға тиесілі қазына болатын. Қазына бірыңғай алтын мен күмістен тұрады. Әкелері жақсы адам еді. Сол үшін Алла екі бала ер жетіп, қазыналарын алғанын қалады. Бұл Алланың қайырымы, жарылқауы болатын. Мен оны өз білгеніммен, өз қалауыммен істеген жоқпын. Міне, сен шыдамаған нәрселердің астары!” деді. (Mир Хавент, Равзатус-сафа тәржімәсі, 276-б.).

Тәрбиелік тұрғыдан қиссаның берер тағылымы

Деректерде он сегіз күнге созылғандығы айтылатын бұл қиссаның ұстаз-шәкірт арасындағы байланысын Ибрахим Хаққы Ерзурумлу “Марифатнама” атты еңбегінде жан-жақты баян қылады. Және бүгінгі тәлімгер, оқытушыларға бағыт берерліктей сараптама жасайды:

 “Шынында Мұса пайғамбардың (ғ.с.) Қызыр пайғамбарға (ғ.с.) күні түсіп, тілдеседі. Қызыр (ғ.с.) оны керек етпейді, ерткісі де келмейді”, дейді. Бұдан әрі білім сапарына шыққандарды үш бөліп талдайды. Бұлар ғалым, надан және хикметке ие кісілер: 

“Ғалым надан адамдарды, ал хакім (хикметке ие кісі) болса, ғалымдарды тәрбиелейді. Хакімді тәрбиелейтін Aлланың өзі.  Расында надан адам ғалымнан сабақ алып діни және ақли ілімдерді үйренеді, ғалым болып, білгенімен амал да етеді. Алайда, нәпсі жайлы бейхабар болады. Сонда ол ғалым кәміл мүршидке барады, одан рухани білім үйреніп, мінез-құлқын көркейтеді, “сәйр сулук” деп аталатын жолмен жеті деңгейден өтіп, ғибадаттан қол үзбей зерек, кемел жанға айналады. 

“Міне, осы кемел жан таза жүрегімен Алланың құзырына барып хикметін көреді және оның хақ жолына сай ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) ізімен жүріп, ар, абыроймен ең мәртебелі әулие деңгейіне көтеріледі және бүкіл әдеп қағидалары мен ұлықтық сипатын, ілім мен білімді бойына жияды. Өйткені, кемел адам Алланың ризалығын  көңілі жайланып, тынышталғанда ұғынады. Ал оның ұлылығы мен айбарын жүрегі қиналып, қысылған кезінде ұғады”.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0