ӨЗІН-ӨЗІ ДАМЫТУ

Күлімсіреңіз… Стресс шалып жықпасын

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Жер жүзіндегі жаңалық тек технология бойынша емес, медицина саласы да бұдан құр алақан қалып жатқан жоқ. Денсаулық сақтау саласы жетілген сайын, кесел түрлері де жаңарып, жаңа аурулар пайда болуда. Стресс соның бірі…

Расында стрестің бой көрсетуінде әрі материалдық, әрі рухани себептер бар. Заманымыз – материалдық құндылыққа негізделген, технология дәуірі. Ал адам – керісінше руханиятқа негізделген, биологиялық болмыс.

Стресс – ағзаның кез келген сақтандыру белгісіне жауап берген түрі. Қауіп төнгенде жүйке жүйесі жедел әрекет үшін ағзаға белгі беретін стресс гормондарын бөледі. Осы гормондардың әсерімен жүрек соғысы жылдамдап, бұлшық ет жиырылады, қан қысымы көтеріліп, сезім мүшелері күшейеді. Соның арқасында төзім, табандылық артып, адамның бойын жиюы, ойын, күшін бір нәрсеге жұмылдыруы жылдамдайды. Бұл «күш көрсет не қаш» деген белгіге саяды, қорғанудың жолы. Төтенше жағдайда басыңды аман алып қалады. Қиыншылықты жеңуге көмектеседі. Алайда дамылсыз стресс жағдайында болу ағзаға кесірін тигізеді, ауыр кеселге ұрындырады. Ағзамыз стресс алған сәтте өлім мен өмір шайқасына кіреді. Аман қалудың қамымен қарбаласады. Бірақ жүйке жүйесі күнделікті стресс факторлары мен өмірге қауіп төндіретін жайды ажырата алмайды, бәріне бірдей қарсылық көрсетеді. Мәселен, жол кептелісінде не болмаса жұмыстағы болмашы дауда бөлінген стресс гормондарының себебін ағза өмірлік қатер төнгендей көреді және соған сай әрекет етуге тырысады.

Ағзаның назары басқа жаққа ауады

Күнделікті тұрмыста үнемі стреске ұшырау ағзаны шаршатады және оның жаман салдары денсаулыққа тиеді. Стресс кезінде ағза аман қалуға тырысатындықтан, қан айналымы, тыныс алу тәрізді тіршілік үшін маңызды қызмет түрлерінің жұмысын қарқындатып, ал иммунитет және өсіп-өну секілді басқа жүйелер болса, қысымға түседі. Ағзаның қарсы тұруы бәсеңдейтіндіктен көптеген ауру түрі, стресс жағдайында пайда болады. Өйткені иммундық жүйе жұмысын доғарып, ағза микроптармен күреспейтін болған. Сондай-ақ, стресс кезінде әйелдердің етеккір циклының бұзылуы байқалған. Өйткені ағза “өсіп-өну уақыты емес” деп ойлап, тек аман қалуға тырысып жатқанда ұрықтың жетілуі кешеуілдейді.

Стресс көптеген кеселге себеп болуы мүмкін:

• Бас ауруы: Стресс жағдайында бас жиі ауырады. Сақина, бастың қысып, сырқырауы тәрізді ауру түрлерінің басты себебі стресс.

• Асқазан проблемалары: Шамадан тыс күйзеліс нәтижесінде асқазан жарасы, гастроэзофагеальды рефлюкс пайда болуы мүмкін.

• Ішек құрылымындағы проблема: Іш қату, диарея, іштің кебуі, газға толуы тәрізді келеңсіздік бой көрсетуі мүмкін.

• Тері аурулары: Теміреткі, есекжем, экзема, емге көнбейтін қышыма және аллергияның астарында күшті стресс жатқан болуы мүмкін. 

• Көздің тартылуы стресс кезінде жиі байқалады.

• Тұла-бойдың ауруы: Мойынның құрысуы, бел ауыруы, дененің сіресіп тұрғандай сезілуі мүмкін.

• Жүрек аурулары: Гипертония және жүрек ұстамасы көбіне күйзелісі көп адамдарда ұшырасады.

• Психологиялық проблемалар: Депрессия, уайым-қайғыға, үрейге берілу, байбаламға түсу күйзеліс, стресс салдарынан жиі болады.

• Артық салмақ немесе шектен тыс жүдеулік стреске түскен адамдарда көп кездеседі.

• Бала көтере алмау: Ешқандай физиологиялық кеселі болмаса да, стресс кесірінен бала көтере алмауы мүмкін. 

• Стресс қан қысымы, диабет ауруларын тудыруы мүмкін.

• Дененің әр жерінде ұю, жаны кету болуы мүмкін.

• Ұмытшақтық, ойдың шатасуы, ойды жинақтай алмау проблемалары пайда болады.

• Мидың қанауы негізінен стреске түскен адамдарда жиі байқалады.

Өтірік күлімсіреудің өзі гормондарға пайдалы

Қазіргі таңда өмірдің өзі стрестен аулақ болуға мүмкіндік бермеуге айналған. Солай болған соң, қолымыздан келері стресті бақылауда ұстауды үйрену. Көзімізге күн түскенде қабағымызды шытсақ та, ағзамыз бізді күйзелді деп есептеп стресс гормондарын бөледі. Міне, бұл күлімсіреудің маңызын көрсетеді. Жайсыз бірдеңеге тап болсақ та, күлімсіреу миымыздың бізді қуанышты деп санауына себеп болады. Одан бөлек, демалуға арналған түрлі жаттығулар жасауға болады. Соның бірі – сөз қайталау. Жүргізілген зерттеулер бір сөзді қайталап айта беру сана-сезімді басқа ойлардан арылтып, жадымызды күшейтіп, денсаулыққа оң әсер беретінін анықтаған.

Өзін-өзі тану

Стресті жеңе білу үшін ең бірінші адамның өзін жақсы танып, стреске себеп болған факторларды нақты білуі керек. Мұнымен қатар, міндетті түрде өзіңізге уақыт бөліңіз. Табиғат аясында қыдырыңыз. Ретімен, үйлесіммен тамақтаныңыз, ауыр ауқаттың орнына көкөніс, жеміс-жидек жеңіз. Айқай-шусыз, тыныш жерде болыңыз. Жанға жақын кісілермен уақыт өткізіңіз. Ең маңыздысы бәрін ұмытып, күлімсіреңіз.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0