ТАРИХ

Жүсіп Баласағұн

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Баласағұнда бастаған кітабын аз уақытта (18 айда) Қашқарда тәмамдап Қарахан мемлекетінің сол кездегі әмірі Бұғра ханға сыйға тарту етеді. Хан ойшыл, ғұламаның еңбегін жоғары бағалап, оған «Хас Қажыб» деген атақ беріп, өзінің бас кеңісшісі етіп тағайындайды. Сөйтіп, Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни деген атпен тарихта аты қалады.

Қазақ даласы көптеген өркениет пен мәдениеттің бесігі. Ұлы Жібек Жолының ортасынан ойып тұрып орын алған қазақ елі осы жолдан тасымалданған мәдениетті игере отырып, оған елеулі ықпал етіп келді. Ұлы далада білім мен ғылым, мәдениет пен өркениет қатар дамыды. Сауда-саттық, қол өнері, шаруашылық, әдебиет қатар өркендеді.

Халықтың рухани нәр алатын көзі, сусындайтын бұлағы ретінде әдебиеттің орны ерекше. Ұлы далада қашан да өнер мен әдебиеттің орны айрықша болған. Алдымен халық ауыз әдебиеті, кейіннен жазба әдебиеті халықтың рухани өмірінде өз орнын алды. Негізінде әдебиет – тыныштық дарыған, құт-берекелі, рухани биік қоғамда дамиды. Міне, сол әдебиеттің өсіп-өрбуіне байтақ далада барлық шарттар мен себептер бар еді. 

Жалпы Орта Азия, әсіресе, қазақ елін мекендеген халықтардың мәдени даму кезеңінде жарыққа шыққан, ислами-сопылық философиясы негізінде туындаған поэмалық шығармалар күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.

Алғаш исламды қабылдаған қарахандар Орта Азия аумағында саяси-экономикалық, әлеуметтік, діни-рухани салада ауқымды өзгерістер жасады. Сол кезде жазба әдебиетте де өзгерістер басталып, ислами-сопылық бағытта терең философиялық әдеби туындылар жарыққа шыға бастады. Сол кездегі әдеби мұралардың бір ерекшелігі – олардың ана тілі түркі тілінде жазылғандығы. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуан Хикметі», Махмұт Қашқаридың «Диуан Лұғат ат-Түрік», Ахмет Иүгінекинің «Һибат ул-Хақаиқ», Жүсіп Баласағұнның «Құтты біліктері»  сол заманнан бізге дейін жеткен құнды әдеби жәдігерлер.

Бүгін сіздермен бөліспекші болған тақырыбымыз – Жүсіп Баласағұн және оның «Құтты білік» атты кітабы туралы болмақ. 

Жүсіп Баласағұн 1010-1015 жылдар шамасында Шу өзені бойында бой көтерген тарихи Баласағұн шаһарында дүниеге келген. 

Осы жерде Баласағұн қаласы туралы бір ауыз сөз ата кетейік. Баласағұн мен Қашқар Қарахан мемлекетінің бас қалалары ретінде елдің батысы мен шығысындағы ірі орталықтар, қос астана екендігі тарихтан белгілі.

Баласағұн қаласының орны туралы кеңес дәуірінде кейбір тарихшы ғалымдар көрші Қырғыз елінің Тоқмақ қаласы маңынан алып барған археологиялық зерттеу нәтижесінде асығыстық жасап, «сенсация» жасау мақсатында ортағасырлық Ақбешім қаласын тарихи Баласағұн деп жариялап жіберген. 

Бірақ қазақстандық білікті ғалымдардың ұзақ уақыт жасаған зерттеу жұмыстары нәтижесінде Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ақтөбе қонысы нағыз тарихи Баласағұн қаласы екендігі дәлелденген.

Баласағұн атының этимологиясына тоқталатын болсақ; Махмұт Қашқари «Диуан Лұғат ат-Түрік» еңбегінде бұл туралы айтып кеткен. Баласағұн екі сөзден құралған; «Бала» және «Сағұн» сөздерінен. «Бала» – түркі тілінде дүниеге келген перзент, ұрпақ. Нәресте дүниеге келген сәтінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезең – бала болып есептеледі. «Сағұн» сөзі болса – Көне Қарлұқ тайпасында мықты, батырларға берілген лақап ат. Сонымен қоса «қаған, хан» деген ұғымдарды да береді. Осылайша, Баласағұн – “Бала батыр”, “Бала хан” деген мағыналарға келеді.

Жүсіп Баласағұнның өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Дегенмен, еңбектерінен оның білім мен ғылымды толық меңгерген ғұлама екендігі, ғылымның көптеген салаларында жетік маман екендігін көруге болады. Ол өзінің атын әлемге әйгілі еткен құнды еңбегін 54 жасында жазған (1069-1070). Баласағұнда бастаған кітабын аз уақытта (18 айда) Қашқарда тәмамдап, Қарахан мемлекетінің сол кездегі әмірі Бұғра ханға сыйға тарту етеді. Хан ойшыл, ғұламаның еңбегін жоғары бағалап, оған «Хас Қажыб» («Бас уәзір» немесе «Ұлы кеңесші») деген атақ беріп, өзінің бас кеңісшісі етіп тағайындайды. Сөйтіп Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни деген атпен тарихта аты қалады. 

«Құтты білік» – көне түркі тілінде жазылған тұңғыш дастан. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн бұл дастанында адами, имандылық құндылықтарды қарапайым тілмен жоғары деңгейде, ұтымды, түсінікті етіп жеткізеді. «Құтты білік» орта ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік жағдай, саяси-мемлекеттік басқару жүйесі туралы да мол мағлұмат береді. Дастан көне түркі өркениетінің жемісі – күллі адам баласына тән ізгі қасиеттерді ұлағат етіп ұсынады. Дастанның басты мақсаты – бақытты қоғам, құтты ел құру.

Жүсіп Баласағұн құнды шығармасында адам баласы үшін маңызды төрт ұлы ұғым, рухани байлықтан сыр шертеді. Бұл төрт ұғым әділет, дәулет, ақыл, қанағат. Осы қасиетті ұғымдарды бейнелі түрде баяндап оларға өздеріне тән ат береді. Әділетке – Күнтуды, дәулетке – Айтолды, ақылға – Өгдүлміш, қанағатқа – Одғұрмыш деп есім береді. Ғұлама өз пікірлерін, ой-толғауларын осы төртеуінің арасындағы әңгіме, сауал-жауаптар арқылы жеткізген. Міне, осы төрт ұғымның әрқайсысы қоғамда орнын тапса, әрбір қоғам мүшесі осы ұғымдарды бойына сіңіре алса, сол кезде ғана ол қоғам бақытты болып, тыныштық мен амандықта, құт-берекеде өмір сүреді.

Аталмыш дастан басқа түркі тілдес халықтармен бірге қазақтың да рухани алтын қазынасы. Оның қазақ әдебиетімен тамырластығы, осы даланың жемісі екендігі дау тудырмайтын тарихи шындық. 

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0