МЕДИА

Жалған ақпаршыдан ақиқат күтуге болмайды

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Ел мен әлемде болып жатқан жайларды мерзімді ақпарат көздері, радио және теледидар арқылы біліп отырамыз. Алайда соңғы жылдары интернетпен бірге балама ақпарат және мәлімет көздері пайда болды. Дайындалып таралатын хабарлармен қатар, негізгі қызметінен тыс, жеке мүмкіншіліктерін пайдаланып атқаратын “жеке журналистика” ұғымы шықты. Күнделікті өмірде мұның мысалдарын жиі ұшыратамыз. Тіпті көп адам хабар таратып жүргендерін өздері білмейді.

Дәстүрлі ақпарат көздері, заңды тұлға яки мекеме ретінде хабар таратушы, заң алдында жауапкершілігі және белгілі бір дәрежеде есеп беруге тиісті құрылымдар. Арнайы білімі мен тәжірибесі бар адамдар оқиғаларды хабар форматына келтіреді. Бұл сала өкілдері қазір хабарды барынша жедел тарату және хабарға бірінші болып қол жеткізу жолында бір-бірлерімен жан аяспай бәсекеге түскен.

Газет, журнал тәрізді баспалы хабар тарататындар сату және жарнама арқылы кірісін табады. Соңғы жылдары дәстүрлі ақпарат орталықтары тым көлемді, әрі иерархиялық құрылымдарына орай, балама хабар көздерінің жылдамдығына ілесе алмай, көздеген қалың көпшіліктің ықыласынан айырыла бастаған. Сату мен жарнама кірісі азайғандықтан көбі жабылуда немесе мұның алдын алу үшін ғаламтор сайттарын ашуда. Сөйтіп, әлеуметтік желі беттерінде де белсенділік танытып жаңа жол табуға тырысуда.

Хабардың көптігінен шындық пен жаңсақты ажырату қиындап барады

Ғаламтор байланысы және ұялы телефон камерасымен сюжет жасау мүмкіндігінің болуы, тек ғаламтордан хабар тарататын видео хабар арналары, тек ғаламтор арқылы хабар таратын жазбаша ақпарат сайттары секілді балама ақпараттық құрылымдар таралым жағынан кейде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан асып түседі. Белгілі бір мәлімет пен тәжірибелерін бөлісетін блогерлер осы тақырыпты қозғайтын газет яки журналдан әлдеқайда ықпалды болуы мүмкін.

Бүгінгі күні дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары осы бәсекеден құр қалмау үшін, журналистика қағидалары, сапалы хабар мен мазмұнға бас қатырмай-ақ, шапшаң әзірленген материалдармен қызмет көрсетуге мәжбүр.

Әдейі немесе ойланбай дайындалған негізсіз мәлімет түрлері әлеуметтік желілер арқылы көп, әрі тез тарауда. Дос-жарандар мен отбасылық жиын-тойлар да жалған ақпараттың таралуына ықпал етуде. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары да бұдан қалыспай, қалың әлеумет жаңсақ мәліметтердің астында қалуда. Бұл ахуал жайсыз нәтижеге апаруы да ғажап емес. Әдейілеп жалған хабар таратушы яки басқарып отырушы, бүгінгі күннің тілімен айтқанда троллинг адамдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мәліметтің ластануына жол ашуда.

Неліктен хабарлар бұрмаланады немесе жалған ақпар не үшін әзірленіп, таралады? Мұны қалай түсінуге болады? Осындай шым-шытырықтың арасынан мәлімет, ақпар іздегенде, ел мен әлемде болып жатқан оқиғаларды білгің келгенде қалай қылмақ керек? Бұл мәселелер мақаланың жалғасында баяндалады.

Жалған ақпар жасалып, оның шынайы хабарлармен араласып жүруі жаңадан шыққан мәселе емес. Байланыс пайда бола бастаған бағзы заманнан бері әр келкі үлгіде орын алып келеді. Сондықтан, XIV ғасырда өмір сүрген танымал ойшыл Ибн Халдунның анықтамалары мен ұсыныстарын пайдаланып сауалдарымызға жауап іздеп көрейік.

Ибн-и Халдунның айтуынша, жалған хабар таратудың алты түрлі себебі бар

Еліктеу: Ибн-и Халдун ақпар таратушыларды үш түрлі топқа бөледі. Бірінші топ – көргендерін жазып алып жеткізушілер. Екінші топ – осындай хабарға ойдан құрастырылған бірдеңелер қосып таратушы адамдар. Ал үшінші топ – өзіне жеткен хабардың рас, өтірігін тексеріп, анықтамай тарататындар. Еліктеушілер деп аталатын осы үшінші топтың зияны, екінші топтан кем емес.

Жақтас болу/қате түсінік: Қандай да бір пікірді жақтырмайтын немесе қате түсінетін хабар таратушы, өз ойына сай ақпар көрсе бірден шындыққа балайды, ал басқаларын елеп-ескермейді не теріске шығарады.

Хабар жеткізушіге шектен тыс сенім: Хабаршы хабар жеткізушіге деген шектен тыс сеніміне орай хабарды еш тексерместен шындық деп қабылдап, таратады.

Хабарға шектен тыс сенім: Ақпаратқа өтірік сөздің араласуының тағы бір себебі хабарға шектен тыс сену. Түрлі тәсілдер арқылы хабардың растығын тексермеу.

Ақпардағы негізгі ойды ұға алмау: Ибн Халдун сөз ететін тағы бір мәселе, жеткізуші адамның алған хабарды өзі ұғынып, хабардағы негізгі ой мен мақсатты түсіне білуі. Хабаршы білімі мен қабілеті арқылы оқиғаның көрінісі мен алған бірінші әсеріне алданбай, басқа жағынан қарай алуы, соған сай анықтама бере алуы.

Пендешілік: Ибн Халдун ақпарға өтірік араласауына адамдағы кей жағымсыз мінезінің қатысы барына назар аударады. Дүние-мүлік, билік, ақша, т.б. дүнияуи нәрселерге қол жеткізу үшін жасалған амал-әрекеттер соның қатарына жатады. Оның айтуынша, кез келген қоғамда дәулетті, беделді яки жоғары билік өкілдерімен қатар жағымпаз адамдар да болады. Мұндай кісілер лауазым иесінің, жоғары шенді адамның жаман жақтарын айта алмайды, оларды дәріптеп тек жақсы қырларын ғана сөз қылады. Сөйтіп ол да жалған ақпар таратушыға айналады.

Осы айтылған себептер арқылы ақпарға өтірік араласады. Хабарды дайындағанда немесе әлеуметтік желіде бөліскенде осы тұрғыдан тағы бір өлшеп-пішіп алудың пайдасы зор. Хабарды елге жайғанда үлкен жауапкершілік мойынға артылатынын ұмытпаған жөн.

Шындықты өтіріктен ажыратудың алты жолы

Хабар сипатындағы мәліметтің растығын анықтаудың әдістері бар. Бұл әдістер әрі хабарды дайындаушылар үшін, әрі таратушылар үшін және де ақпарды алушы біздер үшін де пайдалы.

1. Тексеру және сынау: Бұқаралық ақпарат құралдарынан тараған хабарларға сын көзбен қараған жөн, оқиғаларды белгілі әдіс-тәсілдер аясында елеп-екшеуден өткізу керек.

2. Бір ғана дереккөзбен шектелмей, жан-жақты нақтылау: Хабар маңызды болса, сенімді болу үшін жалғыз дереккөзге емес, бірнеше дерекке жүгінген дұрыс. Лепірме сөз бен қателіктен сақтану үшін осылай еткен жөн. Оқиғаларға дұрыс баға беру қабілетін жетілдіру үшін хронология, жағрапия, археология, әлеуметтану және антропология секілді қосымша салаларға да жетік болудың жолдарын қарастырған дұрыс.

3. Мәліметке мән беру: Кейде хабар әсіреленген немесе жай қауесет сөз болуы мүмкін. Бұған көбіне әсірелеуге құмар мінез-құлық пен адамның әуестігі себеп болады. Хабарды рас деп қабылдамас бұрын немесе таратпай тұрып, бұл тұрғыда ақиқат мәліметтердің бар-жоғын тексеріп алу қажет.

4. Салыстыру: Ақпардың растығын анықтаудың тағы бір жолы салыстыру. Басқа әдістермен қатар бұл тәсілмен де хабарды бағамдау керек.

5. Терең пайымдау: Хабарды ұғынып және терең пайымдай отырып талдау қажет. Бұған сыни көзбен оқу мен қабілет арқылы қол жеткізуге болады.

6. Сынау: Жалған ақпарды анықтаудың тағы бір жолы сынау әдісі. Адамның өзіне жеткен хабарды еш талғамай, ой елегіне салмай қабылдап,  біреуге жеткізу – жалған ақпардың таралуының басты себебі.

Ибн Халдунның анықтамасына кеңесіп ақылдасуды да қосуға болады. Қазіргі ақпарат құралдарын назарға алсақ, кеңесудің маңызын жақсырақ түсінуге болады. Біздің қол жеткізе алмаған мәлімет не дерекке қатысты кеңесіп, ақылдасуға болатын құзырлы кісілердің қол жеткізе алуы мүмкін ғой. Соның арқасында ақпардың шындығын барынша нақтылап алуға болады.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0