ТАҒАМ & САРАПТАМА

Ем болмайтын шәрбат

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

– Бізге аздап қант қосылған кофе, ал балаларға бірер жеміс шырынын әкеліңізші.

– Маған жеміс шырыны емес, кола, анашым.

– Жоқ, айтып едім ғой, кола зиян. Жеміс шырынын аласыңдар!

Бұндай әңгімеге талай куә болдық. Тіпті өз баламызбен арада да осындай кездер болған. Баласына газдалған сусынның орнына жеміс шырынын алдырған ана оның денсаулығына пайдалы нәрсе әпердім деп жаны жайланады. Тіпті көз алдынан “Құттықтаймыз, сіз керемет анасыз!” деген жазу көргендей болады. Aна ретінде баласына пайдалы нәрсе бергісі келетіндіктен, бұл қалыпты жағдай. 

Аналарымыздың көбі жеміс шырынын өте пайдалы деп ойлайды. Расында солай ма өзі? Бүгін жеміс шырынынан бастап денсаулыққа пайдалы болуға тиіс қаншама нәрсені ауру қоздырғышқа айналдыратын бір зат жайлы сөз етпекпіз. Фруктоза мөлшері көп жүгері шырыны. Басқаша атауы – глюкоза-фруктоза шәрбаты. 

Фруктоза негізінде глюкоза тәрізді көмірсулардың моносахариді.  Жеміс қанты десе де болады. Табиғи түрде жеміс-жидектерде, көкөністе және балда болады. Жемістің фруктоза мөлшері басқаларына қарағанда көбірек. Кәдімгі қант ретінде таныс сахароза да фруктоза мен глюкозаның қосындысынан тұрады. Былайша айтқанда, қант құрамының 50 % фруктоза, 50 % глюкоза. Фруктоза бүкіл табиғи көмірсулардың ішіндегі ең тәттісі. Сахарозаның тәттілік деңгейін 100 бірлік деп ойласақ, глюкозаныкі 70, фруктозаныкі 130 бірлікке жетеді екен. Адамдар фруктозаның осы қасиетін жасанды азық түрлерінің дәмін кіргізу үшін қолдануды ойлап табады.

1960 жылдарға дейін өндірісте тәтті дәм үшін жүгері шәрбатын қолданатын. Нарықта “декстроза /глюкоза шәрбаты” деген атпен таныс жүгері шәрбаты гидролизденген жүгері крахмалынан алынады. 1957 жылы ашылған изомераза ферменті глюкозаны фруктозаға айналдырып, фруктоза мөлшері көп жүгері шырынын алуға жол ашқан. Қазір 42 %-дық, 55 %-дық және 90 %-дық үш түрлі фруктоза мөлшері көп жүгері шырындары бар. Пайыздық көрсеткіш арасындағы тәттілік деңгейіне сай әртүрлі жерде қолданылады. Тым қатты тәтті емес 42 %-дық шәрбат басқа дәмдерді басып тастамайтындықтан, консервіленген, аспаздық өнімдерде, дайын тұздық және сорпа түрлерінде пайдаланылады. 55 %-дық шәрбат 1980 жылдардан бері әлемге танымал кола және басқа сусын өндіретін компаниялардың газдалған сусындары мен жеміс шырындарында іске асады. Кішкенесінің өзі тәтті дәм беруге жеткілікті болатын 90 %-дық шәрбат болса, диеталық өнімдерде қолданылады.

Қант деңгейі

Шайға салатын кәдімгі қант құрамы жағынан жартысы глюкоза, жартысы фруктоза дегенбіз. Жеміс-жидекте көп мөлшерде фруктоза және сонымен қатар глюкоза да болады. Дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдас өнімдердің құрамындағы көмірсулар да ағзада ақырында глюкозаға айналады. Ал балдың құрамында 47 % фруктоза, 35 % глюкоза және басқа саккариттер болады. Анықтап айтқанда, табиғи өнімдерде фруктоза мен глюкоза бірге және мөлшерлес болады. Соның арқасында ағзада метаболиздену үдерісі де белгілі бір деңгейде жүзеге асады. Глюкоза (қандағы қант) ұйқы безінің инсулин бөлуін шектесе, фруктоза шектемейді. Глюкоза мен фруктозаны бірге қабылдау инсулиннің бөлінуін және қан құрамындағы қанттың жүйелі түрде көбейіп-азаюын қамтамасыз етеді. Фруктозаның инсулинге әсер етпейтіндігі ғылым әлемінде қант диабеті үшін таптырмас нәрсе екенін көрсетті. Тіпті соның арқасында бал, құрма тәрізді тәтті болғанмен, фруктоза мен глюкоза деңгейі шамалас өнімдерді диабетпен ауыратын кісілер де белгілі мөлшерде тұтынуына болады деген пікір тудырды. Алайда қантты күнделікті қажетті мөлшерден артық тұтыну ұйқы безінің инсулин бөлу қызметін және ағзада реттегіш гормондардың (лептин, грелин, т.б.) жүйесін бұзады.

Жұмсалмаған энергия ағзада майлануға себеп болады. Тін бойындағы майдың артуы гормондардың тіндерге әсер етуін қамтамасыз етуші қабылдағыштардың қызметін бұзатындықтан, инсулин мен лептин (аштықты басатын гормон) бейтарап қалады. Бара-бара инсулинге төзімділік, қант диабеті, холестерин, бауырды май басу, атеросклероз секілді кеселдер бас көтереді. Метаболикалық синдром деп аталатын бұл кеселдің қайсысы да ақыры жақсылыққа апармайтын дерт түрлері. Бүгінгі таңда дайын тағамды көп қолданудың нәтижесінде мұндай ауруға ересектер ғана емес, балалар да көптеп шалдығуда.

Азы қарар, көбі зарар: Фруктоза

Не нәрсенің де артығы зиян.  Өкінішке орай, адамдар пайдалы азық мөлшерден асып кетсе, зиянды болуы мүмкін екенін ескере бермейді. Фруктоза табиғи өнімдерде болатын қант және қалыпты мөлшерде тұтынғанда пайдалы. Бірақ дайын тағамдар арқылы ортамызға келген глюкоза-фруктоза шәрбаты  фруктоза қабылдауды шамадан әлдеқайда асырып жібереді. Ғылыми зерттеулер фруктоза тұтыну басқа көмірсуларға қарағанда, обыр қатерін 5 %-ға арттыратынын көрсеткен. Зерттеулерге қарағанда, глюкоза-фруктоза шәрбаты арқылы алынатын фруктоза семіздік,  жүрек-қан тамыры, қант диабеті, бауырдың майлануы, гиперлипидемия және жоғары қан қысымы ауруларының қозуына себеп болады.

Тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде глюкоза-фруктоза шәрбаты  берілген тышқандардың жеуге зауқы көп соқпай, глюкоза-фруктоза шәрбаты  қосылған суға құмарларының арта түсетіндігі байқалған. Яғни фруктозаны көп қабылдау тышқандардың қалыпты азыққа ықыласын азайтып, бар ықылас-ынтасы глюкоза-фруктоза шәрбатына ауатын болған. Қазір аналар осы сықылды себептерге орай баласына кәдімгі тамақ ішкізе алмай әуреге түседі.

2002 жылы жүргізілген бір зерттеуде көп фруктоза қабылдайтын адамдарда ұйқы безі обырының қаупі басқа адамдарға қарағанда 57 % артық болатыны анықталған. Тағы бір зерттеуде бауырын май баспаған адамдарда күнделікті фруктоза тұтыну мөлшері 45 грамм (3 порциялық жеміс), май басу байқалған адамдарда бұл 90 грамм мөлшерінде болған. Бұл зерттеу фруктоза көп тұтынушылардың қан три-глицериті мен жағымсыз холестерин деңгейі жоғары болатынын көрсеткен. Басқа бір зерттеуде болса, адамға күніне әр килограмнан 3 грамм фруктоза берілгенде, 6 күндей аз ғана уақытта ағзада инсулинге төзімділіктің басталатыны байқалған.

Қабылдайтын фруктозамыздың мөлшері қанша?

Зерттеулердің мынадай нәтижелері, сонда фруктоза мөлшері қандай болуы тиіс дейтін сауалға жетелейтіні рас. Егер тым шектен тыс көп жеміс жеп, балға әбден тойып жүрмесеңіз, фруктозаның дерт қоздыратындай деңгейіне жету қиын. Бір мысал берейік: “Қантты қанша көп пайдалансаңыз да, бір кесе шайға 15 қасық қант сала аласыз ба?” Әрине, жоқ. Ал бір стакан жеміс шырыны яки кола ішкенде, ағзамызға түсетін қант мөлшері 12-15 шай қасығына тең келеді. Салқын шай, газдалған сусын, жемісті минарал су, жеміс шырыны, жемісті тәтті сүт немесе йогурт, шоколад, кекс, дайын тосап, тәтті тоқаштар, дайын консервіленген өнім, т.б. толып жатқан ұсақ-түйек дайын тағамдардың құрамында   глюкоза-фруктоза шәрбаты мол. Тіпті диеталық өнім деп алатындарымыз да сондай…

Қайтпек керек?

Мәселе қантқа тірелгенде, оның қайсысы да мақтай қоярлықтай емес. Дегенмен үйдегі күнделікті тұтынатын қантты дайын сусын түрлеріндегі глюкоза-фруктоза шәрбатынан гөрі тәуір деуге болады. Сахароза (шайға салатын қант) мен глюкоза-фруктоза шәрбатын салыстырған зерттеулер глюкоза-фруктоза шәрбатының сахарозаға қарағанда, гормондар тепе-теңдігін көбірек бұзатынын, қан құрамындағы майды, жағымсыз холестерол мен обыр қатерін, салмақты, дене салмағының индексін (ДСИ) және соған сай семіздікке ұрыну қаупін арттыратынын көрсеткен. Бұлардан алар сабақ – сыртында “фруктоза/глюкоза шәрбаты” деген жазуы бар өнімдерді мүмкіндігінше алмау, үйде дайындауға болатын тағамдардың дайын түрлеріне қызықпау керек. Қай жемісті де мезгілінде пайдаланып, тосап, компот дегендерді қант қосып жасап алуға болады. Ұмытпаңыз, дайын сусындардың ішінде жеміс шырынының зияны коладан кем емес!

 

Жұмсалмаған энергия ағзаның майлануына себеп болады. Тіндердің көбірек майлануы гормондардың тіндерге әсер етуін қамтамасыз ететін қабылдағыштардың қызметін бұзатындықтан, инсулин мен лептин (аштықты басатын гормон) бейтарап қалады. Бара-бара инсулинге төзімділік, қант диабеті, холестерин, бауырды май басу, атеросклероз секілді кеселдер бас көтереді. Метаболикалық синдром деп аталатын бұл кеселдің қайсысы да ақыры жақсылыққа апармайтын дерт түрлері. Бүгінгі таңда дайын тағамды көп қолданудың нәтижесінде мұндай ауруға ересектер ғана емес, балалар да көптеп шалдығуда.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0