Banner

About Us

We must explain to you how all seds this mistakens idea off denouncing pleasures and praising pain was born and I will give you a completed accounts of the system and expound.

Contact Info

123/A, Miranda City Likaoli Prikano, Dope United States

+0989 7876 9865 9

info@example.com

Біліп ал, тосап құлпынайдан

Қадыр ағаның немересі титімдей қолдарымен бұтағымнан ұстап қызарған жидегімді жұлып алғанда жер бетіндегі ең бақытты құлпынай ағашы мен болғам. Ағаш емеспін, әрине, бірақ балақай мені солай атайтын. Содан бері атым “Құлпынай ағашы” болды.

Сол күні Қадыр ағаның қызы “Әкетай, керемет ойластырғансыз, немереңіз мәз боп қалды. Бірақ мен мына көп қабат үйде бұл құлпынайға қалай қарамақпын? Қурап қалады ғой. Дұрысы, сіз мұны ауылға ала кетіңіз. Үйдің ауласына отырғызасыз. Жер де ыңғайлы. Осынша еңбегіңіз еш кетпесін. Әрі немереңіз барған сайын құлпынайын көріп, күтіп-баптайды, қалай қарайсыз?” деген. Қадыр аға мен Айсұлу апай бір-біріне әрі қуана, әрі таңырқай қарасқан. Ойларына мұндай ой келмеген де шығар. “Жақсы, солай болсын, қызым, құптаймыз. Өзіміз де әбден бауыр басып қалғанбыз бұған, немеремізден кем қарамадық. Солай етелік. Баққа тігейік, ал немерем жидегі піскен сайын келіп, жеп тұрсын” деді Қадыр аға.

Расында қатты бауыр басып қалған-ды. Немересіндей еміреніп, ықыласпен қарайтын маған. Мен де оларды жақсы көретінмін. Ажырамайтынымызға шын қуандым. Ертеңінде ауылға қайттық. Қадыр аға мені бақтағы ең әдемі жерге отырғызды. Емін-еркін бой түзеп өсуіме қажетті жер бөлді. Ол әлі менің бір жылда бірнеше рет өнім беретінімді білмейтін. Тұрған жерім құнарлы болғасын мен жыл бойы өнім беретін болдым. Содан бері 2 жыл өтті. Қадыр аға мен Айсұлу апайдың маған жақсы қарағаны сондай, 2 жылда біраз жерді жайладым. Ақыры сол жаздың басында гүлім қалың болып қаптап, Айсұлу апай тосап қайнатпақ болды.

— Іске сәт, Айсұлу, не істеп жатырсың?

— Мынаны қарашы, отағасы, төгіп тұрып беріпті жарықтық. Шірітпей жинап, тосап қайната қояйын деп едім.

— Ойың дұрыс, бірақ бәрін жинап алма, қалсын бірнешеуі. Біздің бала ертең келеді, білесің ғой, бұтағынан өзі алғанды жақсы көреді.

— Білем ғой, оған алаң болма.

Кешке қарай айналаға бұрқыраған жұпар иісінен түсіндім, Айсұлу апай тосап қайнатып жатыр. Бақ асүй жақта болған соң иісі ең бірінші маған келеді. Ертеңінде таңертең үйде мереке басталғандай еді. Балақай үйге келе салысымен бірден маған жетті. Екеуміз мауқымызды бастық. Айсұлу апай қалдырған жидектерімді бердім. Барынша қуанып, мені мәз қылды. Аулада таңғы астың дастарқаны жайылып жатқан. Сәлден соң бүкіл отбасы дастарқанға отырды. Айсұлу апайдың тосабы мен ірімшігіне тамсанбаған жан қалмады.

— Қызым, міне, мына тосапты әжең жасаған. Әрі сенің құлпынай ағашыңның жемістерінен. Дәмін көр, ұнай ма екен?

Анасы нанға жағып берген тосап дәмі таңдайына тигендегі түрін көрсең…

— Aaa, анашым, мынау керемет. Біздің үйде де құлпынай тосап бар, бірақ дәмі неге мұндай емес.

— Біз дүкеннен аламыз, үйде қолдан істеген нәрселерге жетпейді ғой.

— Олар дұрыстап істеуді білмейді ме, анашым?

Oсы кезде сөзге Қадыр аға араласты:

— Қызым, сендер тосапты дүкеннен аласыңдар ма?

— Мәжбүр аламыз, әке. Үйде жасауға былтыр жазда мүмкіншілік болмады.

— Oған не мүмкіншілік керек, қызым. 5 келі құлпынай алсаң, 1 жылға жетеді сендерге. Жуып, тазалап, қант қосасың. Сосын қайнатып банкаға құясың. Несі бар оның, — деді Айсұлу апай.

— Дұрыс айтасыз, анашым, жалқаулық қой баяғы, дүкенде бар деп, соны жеңіл көреміз ғой.

— Дүкендегі нәрселерге сене бермеңдер, қызым, — деді Қадыр аға. Олардың қоспайтын нәрселері жоқ қой…

— Ол рас, әкетай, онсыз да супермаркеттен көп ештеңе ала бермейміз. Бұл әйтеуір тосап қой, не қоса қояр дейсіз?

— Не қоспайды десейші одан да. Сен ойлап жүрсің бе, біз секілді жидекті қант қосып қайнатып тосап жасайды екен деп. Олар қолданатын қант – қант емес, жүгері сиробы. Банканың сыртына қара, глюкоза-фруктоза шәрбаты деп жазылады. Өткенде журналдан оқыдым, бұл жүгері шәрбаты деген нәрсе дәмдеуіш ретінде дайын тағамдардың бәріне қосылады екен. Әдеттегі қанттан басқаша болады екен. Фруктоза мөлшері тым көп болғандықтан ұйқы безінің балансын бұзатын көрінеді. Ондай нәрсені көп жеген адамда ұйқы безінің қатерлі ісігі жиі ұшырасады екен. Ал фруктоза  шамадан тыс қабылданса, басқа қант түрлеріне қарағанда, қатерлі ісік қаупі 5 %-ға арта түседі. Өзіміз білетін кәдімгі шайға салатын қантпен салыстырғанда, жүгері шәрбатының жаман холестерин мен қан майын көбейте түсетіндігі анықталған.

— Aлла сақтасын, оны қолданғанша кәдімгі қантты пайдаланса қайтеді.

— Оны қолданушы ма еді. 20 қасық қанттың дәмін азғантай ғана жүгері шәрбатынан алуға болады. Өте арзан, пайдасы мол. Фирмалар өз пайдасын ойлайды, біздің денсаулығымызды қайтсін олар? Қазіргі заманның адамы алған азығының бүлінбегенін қалайды. Шірімесін, бұзылмасын, иістенбесін, қатып қалмасын… Бұлар азық-түліктің табиғатына жат нәрселер. Содан оның табиғи қасиеті бүлінеді. Мәселен, тосап тоңазытқышта көп тұрса, қанты шығып, қатып қалады, ал дүкеннің тосаптарына ештеңе болмайды, әлгі жүгері шәрбатының арқасында.

— Естімеген елде көп деген?!

— Естімегенің әлі көп, айтайын. Одан басқа бояғыш дегендері бар. Қызым, іште үстелдің үстінде жасыл кітап бар, соны әкеп бере қойшы, — деді Қадыр аға немересіне қарап. Айтып аузын жиғанша немересі шапқылап барып, айтқан кітабын лезде алып келді.

— Мынау ма, ата?

— Е, осы, жарадың менің ақылды қызым.

Сосын кітап бетін тездете парақтай жөнелді.

— Міне, таптым. Мына жерде жан-жануардан алынатын тағамдық қоспа түрлері жайы баяндалған. Карминді естіген шығарсыңдар, лекция оқудың керегі жоқ болар. Кармин қолданылатындардың қатарында тосап та бар.  Бояғыш ретінде. Сосын, мысал үшін, тартразин деген бояғыш бар, оны да тосап түрлерінде пайдаланылатындығын өткенде бір оқығам. Мына кітапта татразинді баланың гипербелсенділігіне түрткі болатындығы сөз болады. Мұның бәрі ғылыми жұмыстар арқылы анықталған нәрселер. Бояғыштардың бәрі осы тектес әсер береді екен. Бір-екеуі зиян, қалғандары зиян емес деген әңгіме жоқ, былайша айтқанда.

— Құлағыма сенер емеспін! Неге қолданысына тыйым салынбайды онда, заңмен тыйым салу керек қой.

— Ой, тыйым салуын салады ғой, бірақ фабрикаға тұрақты күзет қойылмайынша, жылына бір-екі рет аудит жүргізіп бақылауда ұстау мүмкін емес. Және білуімше, бұл тағамдық бояғыштарды азықтардың ішінде осы тосапқа қосуға тыйым салынған. Бірақ бәрібір қолданылып жүргені зерттеу, тексеру нәтижелерінде анықталған. Көз бояу деген бар. Тыйым салынғанмен қолданыстан шықпағаны ғой.

— Қандай заманға тап келдік…

— Заманның жаманы жоқ, адамның жалқауы пайда болды деу керек. Әйтпесе заманымыздың көп кінәсі жоқ. Жемісті Алла Тағала жаратқан, бұрын да болған, қазір де бар. Ал да үйіңде тосап қайнат. Бұрын адамдар айранды үйде жасайтын, қазіргілер дайынын алады. Неге? Бұрын сүт болды да, қазір жоқ па? Әлде ұн жоқ па, нан сатып алатындай. Базарда лимон бітіп қалмаған шығар, лимонад жасайтын. Не нәрсенің де дайынының бары соны алу керек деген сөз емес қой.

— Дұрыс айтасың, әке, дайынға үйрендік, жалқаулық басым. Негізі қиын ештеңесі жоқ. Тек уақыт бөлу керек.

-Күніне 1 сағат телефон қарайтын адам бір жылдың 15 күнін телефон алдында өткізеді. Былайша айтқанда, әр жылдың кемінде 15 күні құр кетеді. Негізі бәріне уақыт табылады, тек сол уақытты құр өткізбесең болғаны…

— Дұрыс айтасың, әке. Жақсы болды айтқаныңыз. Биыл мен де жасайын, иншалла. Тіпті келіп тұрғанда базардан құлпынай алып, осында жасап алайық. Анам қанша керегін жақсы біледі. Жарай ма, анашым?

— Жарайды, әрине. Былтыр бір жерде ақ өрік тосабын көргенбіз, күшті еді, базардан тапсақ, содан алып істейік. Күзге қарай тағы бір келіп-кеткенде айва тосабын жасармыз.

— Жақсы, анашым. Мен бәрінен бұрын, әке, бұларды қайдан білесің, соған таң қалдым.

— Кітап бар, журнал оқимын дегендей, қызым. Сендер де оқыңдар. Мен қырықтан асқан соң оқи бастадым, оған дейінгі өміріме әлі күнге ішім күйеді. Өсіп-жетілуге пайдасы мол кітаптар бар. Міне, мына қолымдағы да солардың бірі. Оқыған сайын жұрттың  мыналарды білмей қалай өмір сүріп жүргеніне таң қалам.

Менен басталған әңгіме желісі кітаптарға, оқу жайына ауысып, одан әрі жалғасқан. Өзіме өзім риза болдым. 2 жасар құлпынай ағашы үшін бұл әулеттен қаншама нәрсе үйрендім. Әлі үйренерім алда. Қадыр аға кейде қасымдағы ағаштың түбіне отырып, кітаптарын құдды бір сабақ түсіндіріп жатқандай оқитын. Дауыстап оқыған кездерінде кітапты бізбен сөйлесіп жатқандай көретінмін. Кітаппен тіл табыса оқудың ләззатын алған құлпынай ағашы мен болам.

Добавить комментарий