ӨЗЕКТІ

Берекесі қашқан заманауи экономика

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

“Тек менікі болсын” деген түсінік сауда әдебін, жөн-жоралғысын бұзумен қатар, халал азық тұтынуға да зиянын тигізуде.

Қазіргі экономикалық ахуалға бағыт беруші “молшылық экономикасы” деген түсінік, адам қажеттілігінің өтелуінде пайда теориясын негізге алады. Пайда теориясының өзегінде өз пайдасын көздеуші адамның амалы жатыр. Рационалды адам өндіру, тұтыну шешімін қабылдағанда біріншіден өз пайдасын ойлайды. Бұл түсінік капиталистік экономика жүйесінің пайда болуына және дамуына түрткі болған.

Аталмыш экономикалық жүйе көп жерде өмірдің және ризық-несібенің берекесін қашыратын құрылым қалыптастырған. Өйткені тек қана пайда ойлаған көзқарас бәрінен бұрын өз құлқы үшін еңбектеніп, өзі үшін дүние-мүлік жиып, тек өзі ғана тұтынсам деп ойлайды.

Ал адамның өз қоғамын және басқа тіршілік иелерін көзге ілмей, “өзімшіл” әрекетке баруы мүдде қайшылығына, көре алмаушылыққа, ашкөздікке ақырында қоғамдық құрылымның бүлінуіне әкеп соқтырды. Сөйтіп экономикалық берекенің түбіне жетті. 

Бұл жайт мына хадисте анық айтылады: “Расында, бұдан кейін сендердің бастарыңа жоқшылық келеді деп қорықпаймын. Алайда сендер үшін қорқатын бір нәрсем бар. Oл сендерден бұрын келіп-кеткен үмметтердің алдына дүние нығметі жайылғанда, олардың бірін-бірі күндегеніндей, сендердің алдарыңа да нығметтер келгенде, сендердің де бір-бірлеріңе жауығуларың. Сендердің де солар секілді опат болуларың”. (Сахих Бұхари)

Қазіргі экономикалық жүйе былыққа батқан. Өкініштісі, бұл мәселе ет және ет өнімдерін тұтынуда әбден ушыққан. Тіпті тегі беймәлім неше түрлі азық “Ислами қағидаларға сай” деген таңбамен мұсылмандардың алдына тартылады.

 

Тұтыну кезінде үнеммен әрекет ету ризықтың берекесін арттырады. Бүгінгі батыс елдеріндегі экономикада әуелі бір тауар өндіріледі, сосын ол тауардың нарқы белгіленеді. Базар нарқының қалыптасуы үшін сән мен жарнама қажетке жарайды. Сән мен жарнама күнде телеарналар мен интернеттен беріледі. Өндірілген қаншама тауарға шын қажеттілік болмаса да, соларды “қажет секілді” етіп көрсетеді.

 

Мәселенің бұдан бөлек тұтынушылық жағы бар. Зиянды заттарды көп тұтыну бір жағынан адамдарды тұрмыс тапшылығына, бір жағынан созылмалы ауру түрлеріне ұрындыруда. Өйткені қазіргі жасанды өнімдер бояғыш, дәмдеуіш және ұзақ мерзімге сақтайтын химиялық заттарға толы. Ондай өнімді өндірушілер көбірек пайда табу үшін адам денсаулығын бір шетке ысырып қойып, көпке шыдайтын, түсі, орамасы көз тартар әдемі өнім ұсынғанды жөн көреді.

Пайда көздеудің салдарынан жұмыс уақыты жайлы түсінік те астан-кестең болған, тынығу және ғибадат үшін жаралған түнді де ақша табу көзіне айналдырғандай. Көңіл көтеру, құмар ойын және басқа заңсыз әрекеттер түн мезгіліне ауысқан.

Қазіргі экономикалық жүйе жеке тұлғаны алдыңғы орынға шығарып, жұртты жалғыздыққа ұшыратты. Адамдар жалғыз отырып ас ішіп, жалғыз өзі демалып, жалғыз басы көңіл көтереді, тіпті жалғыздан-жалғыз өсіп, өмір сүріп, өмірден өтетін күйге жетті.

Мұның бәрі шындық болумен қатар, біз де осы жүйенің ішінде өмір сүріп жатырмыз. Өмір мен ризықты берекесіз ететін, міне, осындай әрекеттер мен ұстанымдар. Осыларды білгеннен соң, ендігі тұрмыс-тіршілігіміздің берекесін кіргізу үшін нендей амалдар жасауға болады? 

Экономикалық өмірімізді берекеттендірудің жолдары

Өмірдің әр саласында бет түзер жарық жұлдыздай дініміздің құлшылығы мен бізге берер дұрыс бағыты бар, бұлар тұрмысымыздың берекесін кіргізуіне де тікелей қатысты. Осыларды бұлжытпай ұстанған жағдайда күнделікті өмірде де адаспайтын боламыз. Ал бұлар қандай нәрселер?

Жұмыс пен демалыс уақытын реттеу

Жұмысқа күнделікті жұмыс уақытын реттеу арқылы кірісу керек. Алла Тағаланың күн мен түнді жаратуының мәнін ұғынып, күнді таң сәріден бастау қажет. Өйткені таң сәрі ризық таратылатын мезгіл. Еті көп тұтынылса да, тез көбейетін қой малының сәресі уағында ояу болуы, бұл мәселенің ап-ашық дәлелі. Жұмыс күнімізді бисмилләмен және дәрет алып бастау ісіміздің берекесін арттырады. Жұмыс біткен соң, демалуды да ұмытпау керек. Уақтылы ұйықтап, түнде тыныққан жөн. 

 

Пайда көздеудің салдарынан жұмыс уақыты жайлы түсінік те астан-кестең болған, тынығу және ғибадат үшін жаралған түнді де ақша табу көзіне айналдырғандай. 

 

Халал ас табатын мамандық таңдау 

Халал жолмен нан табатын маман иесі болу – материалдық әрі рухани берекеге қол жеткізудің басы. Адал саудамен айналысу сондай берекелі істің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) “Ризықтың оннан тоғызы саудада” деп, саудаға ынталандырған. Сауда жасаудың жолына қатысты “Саудада берекет бар, ал оған өтірік, қиянат араласқан жағдайда берекесі қашады” (Сахих Бұхари) деп, сауданың жөн-жосығын анықтап көрсетеді.

Тұтынушылық ұстанымын қалыптастыру

Теледидар мен интернеттің адам өмірінің әр саласын жаулауы күнделікті өмірде ішіп-жеу, киіну, жұмыс, тіпті демалыс дағдыларымызға да бағыт беретіндей дәрежеге жетті. Бұл тұрғыда үй ішінің берекесін кіргізуде әйел азаматтардың рөлі маңызды. Сериалдар мен жарнамаларға еріп, соған еліктейтін әйел үйде ысырапқа, қалай болса солай ас ішуге жол беріп, берекенің қашуына себеп болады. Бұған қарсы ол, “әйел үйдің берекесі” деген ұстаныммен, үйдің ішін жәннат бағына айналдыра алады.

Тұтынушылықта шектен шықпау

Тұтыну кезінде үнеммен әрекет ету ризықтың берекесін арттырады. Бүгінгі батыс елдеріндегі экономикада әуелі бір тауар өндіріледі, сосын ол тауардың нарқы белгіленеді. Базар нарқының қалыптасуы үшін сән мен жарнама қажетке жарайды. Сән мен жарнама күнде телеарналар мен интернеттен беріледі. Өндірілген қаншама тауарға шын қажеттілік болмаса да, соларды “қажет секілді” етіп көрсетеді. Осылайша орынсыз тұтынушылық басталады. Шынында өмірімізге берекет беретін амал-әрекеттің бірі тұтынушылықта үнемшіл болу. Үнемшіл болу – орынсыз тұтынудан бой тарту, ысырап жасамау және кірісімізді үнеммен жұмсау.

Табыс және бөлісу

Өмірдің берекесін кіргізетін тағы бір нәрсе табыс пен кірген кірісті бөлісу. Мұның жолы әртүрлі болуы мүмкін. Шәкірт тәрбиелеу, зекет, садақа, қайырымдылық шаралар, жомарттық секілді маңызды қоғамдық қатынас түрлері соған жатады. Қайырымдылық амалдың “орнымен болғаны” ризық-берекені арттырады.

Зекет пен садақа жоқ-жітікке беріледі. Кедей адамдар көп нәрсеге мұқтаж болғандықтан, мұндай топтағы адамдар қолына түскен нәрсені бірден тұтынуға бейім келеді. Экономикалық әдебиеттерде “маржиналды тұтыну” деп аталатын мұндай бейімділік тұтынуды, талапты және соған орай нарықты тоқырауға ұшыратпайды. Нарықта тауар молайып, береке артады. 

Жомарттық, басына іс түскенге көмек және Алла ризалығы үшін қарыз (пайызсыз) беру байлықтың бір қолға жинақталмай, көпшілік қауымға таралуына себеп болатындықтан, бірлікті арттырып, қоғамдық келісім, үйлесімнің сәнін келтіреді. Берекелі қоғам тұрмысының іргетасын дайындайды.

Бүкіл осы айтылғандардан шығатын қорытынды мынадай; рухани және материалдық өміріміздің берекесі кіру үшін жаңа экономикалық бағыт, бағдар іздеп керегі жоқ. Өз тәртібімізді күнделікті өмірде жүзеге асыру жеткілікті.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0