ДЕНСАУЛЫҚ

БАЛЫҚ ҚОРАНЫҢ ТЕРЕҢДІГІ немесе ханбалықтың әңгімесі

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Құс шаруашылығындағы тауықтарды білетін шығарсыз? Кәдімгі тауық сияқты, бірақ шыққан тегін танымастай күйге жеткен. Ол байғұстар төрт дуалдың ортасында, күн көзін көрмейді, шалғын шөптің не екенін білмейді. Олар тауық қорада, ал біз балық қорада өсеміз. Біз судамыз, ал суымыз ауда. Сол жерде толып жүрміз. Ал жеке мен болсам, мейманханаға келгендер не жейтінін көрсін деп қойған болса керек, залдың ортасындағы аквариумда әрлі-берлі теңселіп тұрғаным. Естуімше, “Жегенге түздегі балық дұрыс па, асырандысы ма?” деп бас қатырып жүрген көрінесіз. Жолығудың сәті осылай түскен екен, ендеше мәселенің мән-жайын айтып өтейін. 

Мен де кәдімгі балықпын.

Зертханалық тәжірибе өнімі емеспін. Құдіретті Алла жаратқан табиғи балыққа жатамыз. 10-нан астам түріміз бар, салқын суға құмармыз. Кейбіріміз теңізде, кейбіріміз көлдер мен өзендердерде тіршілік етеміз. Кейбіріміз тұщы суды, ал кейбіріміз тұзды суды жақсы көреміз. Орташа 25-30 сантиметрдей боламыз. Бұрын мұндай танымал емес едік. Мақтанғандай болмайын, қимылымыз епті, шапшаң. Көрінген қармаққа түсе бермейміз. Қармақ салатын жерлерде жүруіміз де тым сирек. 

Oл кездерде балық шаруашылығы деген болған емес. Балықты дүкендерге теңіз, сулардан аулап әкелетін. Балық көп кезде “қайраңға шығып жатыр” деуші еді. Кейін ғой бәрі өзгерді. Мына сендер, адамдар, су атаулының түбіне жететін болдыңдар. Бүкіл қалған-құтқан қоқысты суға ағызасыңдар. Тіршілікке жарамды су қалмады. Бізді қойшы, өзен-көлге бас сауғаладық, ал ана теңіз балықтарының халі нешік? Құрып барады. Теңіз аздық етіп, “балықты өзіміз өсірейік” деуге көштіңдер. Теңіз түбіне топырақтан қамақ жасап, айнала ау-тормен қоршадыңдар. Міне, балық қора солай пайда болған. Ал, теңізі жоқтар ше? Oлар көлге қора салды. Басымызға бұлт төнді. Барлық балық тұщы суда өмір сүре алмайды, әрине. Қораларыңа бірыңғай ханбалықтан тоғытып, бағып жатырсыңдар. Дұрыс қой бәрі, дегенмен, табиғилықтан дым қалмады. Иә, кәдімгі балықпын, бірақ, талай нәрсеге қанықпын.

Aнтибиотикке төзімділіктің артуына балық шаруашылықтары да жауапты

3 жылдай болды. Осында ақ халатты біреулер келген. Мен ол кезде достарыммен бірге балық қорада жүретінмін. Біздің қорадан су алды. Тек су ғана емес, өздерімен бірге мені, тағы бірнеше досымды да алды. Бәрімізді зертханаға апарды. Ине салды, бірақ онша ауыртқан жоқ. Байқағаным, әлгі адамдар да біз секілді бірдеңенің дұрыс еместігін біледі. Соны тапқысы келеді. Естіген құлақта жазық жоқ, не естімедім мен… . Жаңағы адамдар жалғыз біздің қорадан ғана емес, айналадағы судың бәрінен сынама алған екен. Нәтижелерін айта бастасам, аңқиған аузыңды жаба алмай қаларсың әлі.

Біз қамақ-қорада жүргенде, анда-санда ауырып қалатынбыз. Көзің ашып, мұрының сорғалап, бүкіл қылтанағым сырқырап маза кететін. Бірде, байқасам, тіпті бүкіл қора халқы науқас. Бәрі бір-бір балдыр орамалмен жүрген кездер болды. Түрі жаман, мынау ұзаққа созылатын шығар дегенбіз, жоқ, бірден жазылып кеттік. Жазылуын жазылдық, бірақ, бәрінің бойы дел-сал. Жаңағы зертханада білдім ғой. Сөйтсем, сол кезде бізге дәрі беріпті. Ал дәрінің дозасы көп болып кеткен. 

Және ол бізге берген бірінші дәрілері емес екен. Өйткені, біз топырлап тар жерде тіршілік ететіндіктен, суда бактерия қаптап кететін көрінеді. Содан анда-санда суға, жемге антибиотик қосып тұратын болған. Ал ол антибиотиктер суда қаншама ай әсерлі күйден арылмайды екен. Тіпті, біздің қоралардың кесірінен айналадағы теңіз, сулар да былғанған. Сөйтіп, әлгі дәрілердің салдарынан біздің де, маңайдағы басқа сулардың да бактериялары антибиотикке төзімді болып алған. Төзімділік 70-80 %-ға жеткен. Тіпті, кей антибиотикке қарсы 100 %-дық төзімділікке ие болған. Яғни бұл бактериялар бізді не болмаса адамдарды ауыртатын болса, антибиотикпен емдеу мүмкін емес дәрежеге жеткен. Төзімділік артқан сайын, дәрінің дозасын да арттырған. Суда антибиотик мөлшері көбейген соң, біздің бойымызда дәрі қалдығы бірігетін болған. Мұндай қалдық пен уытты заттар бізді жеген адамдарға да жұғатын көрінеді. 

Ханбалықтың кеңесі: “Түз балығын жеңдер!”

Біздің өндірушілерге құлақ салсаң, қорадағы балықтың басқа балықтардан кем соғар жері жоқ.  Оған қоса, түзден ауланған балық бізден екі-үш есе қымбат. Әрі қорадағы балықтар семіздеу болатындықтан, түздікінен дәмдірек. Aлайда, шын мәнінде олай емес. 

Біз табиғи ортада қорегімізді өзіміз табамыз. Дамыл таппай қозғалып, айналып жүреміз. Басқа балықтарға жемтік болмау үшін де дамылсыз қашамыз. Үнемі қимыл үстінде болатындықтан, бойымызға май жыйылмайды. Ал шаруашылықта қуықтай қорада тұрамыз да қоямыз. Жем іздеп әуреге түспейсің, бәрі дайын. Қозғалмағасын, әрине, май басады. Майлы болғасын дәмдірек көрінеміз, бірақ, оның зияны да бар. Семірген сайын, бойымызда біріккен уыт та көбейе түседі. Тура адамдар секілді, бізде де уытты заттар май ұлпасында қордаланады. 

Негізі, бұл түз балықтарында да кездесуі мүмкін. Кір судан, қалаға немесе моторлы құрал, қондырғыларға жақын жерден ауланған балықтың бойында айтарлықтай зиянды заттар түзіледі. Ондай балықтарда сынап тәрізді ауыр металдар көп болады және адамға жұғады. Адам ағзасынан оңайшылықпен шықпайды. Әсіресе үлкен балықтарда ұзақ өмір сүргендіктен және талай балық оған жем болғандықтан, ауыр металл мен канцерогенді заттардың қоры онда мол болады. Бұл тұрғыда түз балығы мен қол балығы ұқсас. Алайда, балық ашық теңізден, айдын шалқардан ауланса және мүмкіндігінше кішірегі таңдалса, бұл қатерден басы бүтін құтылу мүмкіндігі бар.

Tоң/тунец балықтың қанша тоннасы?

Енді бәрін айтып тұрып, бірін тастап кеткенім жарамас. Зертханада “консервіленген” балық дегенді естідім. Ақ халаттылар оларға да зерттеу жүргізді. Осынша жасқа келген балықпын, бірақ, қаңылтырмен қапталған балық көрмеппін. Мұхит суларында өмір сүретін тоң/тунец деген бір ағайынымыз бар екен. Өзі әжептәуір ірі. Адамдар соны бөлшектеп, қауашаққа толтырып консерві жасаған. Мен білгендерімді айтып берейін.

Тоң/тунец өте ірі болғандықтан бойында жиылған сынап мөлшері көп болады екен. Мұнымен қатар, балық тұрған сайын гистамин деп аталатын зат түзіле береді. Консервіленген балықтарда гистамин мөлшері ұлғая береді. Алдын алу үшін қолданылатын нәрселер зияны жағынан гистаминнің өзінен қалыс қалмайды. Бір қауашақ консервіленген балықтағы гистамин мөлшері уытты деңгейде болмаса да, уақыт өте келе адам тінінде бірігіп обырға соқтыруы мүмкін. Уытты деңгейде гистамин қабылдау күшті бас ауру, гипертония, жүрек айну, құсу, іш өту арқылы басталып, аллергиялық реакцияларға, миға қан құйылуына, өлімге себеп болуы мүмкін. Теңіз өнімдерін тұтынудан гистаминнен улану АҚШ-та ең жиі кездесетін үш аурудың бірі екендігі мәлім.

Бір зерттеуде фабрикадан алынған 50 дана консервіленген тоң/тунец балығының сынап теңгейі жоғары мөлшерге жақын екені, ал біреуінде уытты деңгейден асып кеткені мәлім болды. Үлгілердің 16-сында нәжіс текті (фекал) колиформ бактериясы, 11-інде өте улы, тіпті болуы мүлде тиісті емес E.Сoli бактериялары табылған. Тағы бір жұмыста сардина, скумбрия және тунец консервілеріндегі гистамин мөлшерінің 2000 промиледен (ppm) артық екені анықталған.

Ханбалықтың соңғы кеңесі

Денсаулыққа пайдалы деп тоң/тунец балық қосылған салат жегенше, шалқар теңіздің жібі түзу балығын жеген дұрыс. Ол да көңілден шықпаса, бәрі ойластырылған шаруашылықта өскен қолдың балығын жеген жөн. Дәрі қолдану тәсілі балық шаруашылығындағыларға тегіс таныс. Онсыз болмайды, басқаша Еуропаға шығара алмайды. 

Көп сөйлеп созбайын. Мен манағы зертханадан кейін шаруашылыққа оралдым. Ал қожайын мені естелік үшін деп мейрамханадағы аквариумға салып қойды. Анда-санда уланып қалмасын деп, суды да тазартып тұрады. Осынау бес-алты жылдық өмірімде мына түріммен айдын жүзін бір көрмей өтем-ау, соған күйінем. Әйтпесе бір дәу балықтың таңғы асына айналарсың немесе өңешіңе пластмасса сияқты бір нәрсе тұрып қалып та өліп кетуің мүмкін. Ондай өлімнен гөрі адамға қорек болып, бәлкім құлшылығы толық, Алланы зікір етуден қол үзбейтін біреудің асқазанын жұбатқанды жөн көремін. “Тағы басқа ақылды кеңесің бар ма?” дейтін болсаң, құдды ұшқан құстай, мен де бүкіл ілім-білімді құдірет иесіне тапсырдым. Барып соған жүгініңдер. 

Жолдарың болсын!

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0