ӨЗЕКТІ

Азға қанағат ете білу

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

“Азға қанағат етпеген көпті таба алмайды”. “Аз болсын, бірақ саз болсын.” Аталарымыз мұны бекерге айтпаған. Бұл сөздер қазір өмірлік ұстанымға айналып отыр. Минимализм, азға қуанып, бақытқа бөлену – қолда бардың қадірін білу деген сөз.

Азға қуану мен талғам жайлы тартыс көне дәуірлерден бастау алады. Ежелгі Грекияда өмір сүрген Платонның есімін естімеген жан жоқ шығар. Платонның басқа пікірлеріне қарағанда қызықтырақ көрінетін бір ойы бар, ол  «Екі әлем ұғымы». Платонның бұл ойы бойынша “Идеялар әлемі” (оймен танылатын әлем) және “Материялар әлемі” (сезіммен танылатын әлем) деп аталатын екі әлем бар. Мұның бірі біз өмір сүріп жатқан феномендер әлемі, ал екіншісі көзге көрінбейтін рухымыз мына дүниеге келместен бұрын тұрған жері – идеялар әлемі. Платонның ойынша, ең көркемі, ең жақсысы үнемі идеялар әлемінде болады және біз тек соның көлеңкесіндей ғана сұлулыққа жете аламыз. Мына өмірде ең әдемінің артынан жүгірудің мәні жоқ. Платон мұны айтқанда, әлбетте, күш салып, талап қылмауды меңзеп тұрған жоқ, тек мына өмірдегі ең таңдаулысын іздеудің қажетсіздігін сөз етуде.

Бір күндік ризық мөлшері

Платонның ойын Ислам ғұламалары да зерделеген. Рухтар әлемі мен материялық әлем ұғымы барынша түсіндірілген.

Жақсы, неліктен Платон мен оның “екі әлемі” жайлы сөз еттік? Мақсатымыз бүгінгі біздің тұтынушы болуға ес кете ұмтылуымыздың, қашан да ең көбін иемденсем деген ашкөзділіктің артық екеніне көз жеткізу. 

Бұған қатысты келісті ойдың үлгісі Мәуланада бар. “Теңізді бір кесеге құйар болсаң, қанша сияды? Бар болғаны бір күндік ризықтай ғана”. Үй бастан-аяқ киім-кешекке, ішіп-жемге, жиһазға толы болса, одан не өнеді? Үстімізде жалғыз киім, отыратынымыз жалғыз орындық, қарын тойдыратынымыз бір тілім нан. Адамдар тек ең көбімен ғана бақытқа жетуге болады деп ойлайтындықтан, соған жүгіреді. Алайда кейбір елде «көпке қол жеткізу» түсінігі өзгере бастағалы қашан.  Жапонияда “Аздан қашан да артық қалады” деген ойға сүйенетін минималист өмір үлгісін жақтаушылардың саны күн санап артып келеді. Токиода жүз елу түйір затымен өмір сүріп жатқан Фумио Сасаки мәселені бір ауыз сөзбен былай түсіндіреді: “Бірдеңе алғанда өзіңізді бақытты болғандай сезінесіз. Ал негізінде, неңіз кем, үнемі соны ойлап жүресіз. Қазір қолымдағы аз барыммен өзімді бақытты сезінемін.” 

Жарнамалар көпке итермелейді

Минималист өмір үлгісін ұстанушылардың бірі – «Минималист ханым» деген атпен танылған Франсин Джей. Джей өз сайтында ұсыныс, кеңес айтумен шектелмей, бұған қоса осы тақырыпта кітап жазған. «Азбен бақытты болу» атты кітапта заттарымызды қалай азайтатынымыз, азайтқан соң аз затпен қалай бақытқа жетуге болатыны баяндалады. Автор еңбегінде “Aз ғана асым, ауырмайды басым” деген мақалға сүйенеді. Әрі себебі мен нәтижесін қалдырмай баян қылады.

Жедел ақпар дәуірінде, әрине, бұл оңай емес. Жарнамалар бізге үнемі қымбатын, артығын ұсынады. Өзімізді мінезіміз арқылы емес, сыртқы көрінісіміз арқылы танытуға итермелейді. “Адам көркі шүберек”, “Алғашқы әсер өте маңызды” деген сөздермен мұны шегелей түсіп, адамдардың бұған кереғар бірдеңе ойлауына жол бермейді. Сөйтіп адамдар сыйлықтың орамасына, адамды киіміне қарап бағалайтын халге жетеді.

Қолдағы барды қашан бағаламақпыз?

Күнде кешқұрым жанатын жарықты бағалау үшін электр қуаты үзіліп, бір жыл жарықсыз қалуымыз керек пе? Үстіміздегі қалың күртенің бағасын аязды күні далада қалғанда ғана білеміз бе? Ондай күн туғанша, біздің көзіміз жарығы одан да мол әсем үйге, одан өзге екінші, үшінші күртеге түсіп үлгереді. Рас, негізінде, қолдағы затты байқау үшін әуелі  қолында ол да жоқ адамдарды көру керек. Олардың қолдарында не барын көргеннен кейін өзіміздегі барға назар аударамыз.

Адам деңгейі мінезбен, ахлақпен, ар-ұжданмен таразыға тартылатын дәуірден ақшамен өлшенетін дәуірге жеттік. Қасыңдағы адамды мінген көлігінің маркасына қарай бағалайтын деңгейге келдік.

Қанағат тұтқасынан мықтап ұста!

Не істеу керек деген сұраққа келсек, адамдарды үйіне, көлігіне қарай дәрежеге бөлудің, сынап-мінеудің ең оңай, әрі ең керексіз нәрсе екендігін айтуға болады. Не істеген жөн? Қанағат ету керек. Бұлай ете алмай сол көптің артынан ілесе жөнелгенде тежегіш ретінде бізге жалғыз-ақ нәрсе жеткілікті – шын байлықтың не екендігі. Қанағат – сарқылмас қазына.

Қанағаттың қамалын Ахмет Рыфаттың “Тасвир Ахлақ” атты еңбегінен табамыз: “Адам табиғатында  жоғары билік пен байлыққа ұмтылыс болғанымен, ойлаған дәрежеге жетіп, байлыққа кенеле алмауы – адамның бекерге өкініш толы уайым-қайғыға батып, зардап шегуіне себеп, адамгершілігі мен абыройына нұқсан. Сондықтан, ондай шексіз арманға беріліп, шақшадай басты шарадай еткенше, осы күйін қанағат тұтып, өзінен төмен дәрежедегілерге қарап шүкір еткен әлдеқайда пайдалы, тыныштық пен жан рахатын сыйлайды.” 

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0