ҒЫЛЫМ & БІЛІМ

– 40 градус аязда оқу-білімнің қызуы. МОҢҒОЛИЯ

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Тау арасында бұраң қаққан жол қырбық қар бетінде сайраған ізін қалдырып, жол соқты жолаушыларын беткейден төменгі Баяннұр кентіне алып келді. Ел астанасы Ұланбатырдан 1700 км жердегі шағын елді мекеннің тыныс-тіршілігін көзбен көру ұмытылмас сәттер сыйлағаны рас.- 13 градуста 30 шақырымдық мектеп жолында сөмке арқалаған оқушылармен 5 минут қатар жүру, 10 бала оқитын сыныптың сабағына қатысып, ойындарына араласып, достықтарынакуә болу және үйлерінде қонақта болу кімді болса да бей-жай қалдырмас еді.

Аспан көкпеңбек, айнала көз жетер жерге дейін аппақ, жылуы жоқ жарқыраған күн, шеті-шегі жоқ қу дала; адамды жайбарақаттық, жалғыздық күйге бөлеп, табиғаттың алған тынысын сезгендей боласың.  Беткейдегі үйір жылқысы мен түйесі, қой бастаған серкесі мен отары, қарақұсы мен қыраны – бәрі бейжай, тым жайбарақат көрінеді. Тосын табиғаттың төсінде тірлік үшін текетірес те өзгеше.

Ұланбатыр, Баян-Өлгей, Баяннұрдың тіршілік-тынысы бізге алыс та болса, жақын. Жылқысын шаңынан, қой-ешкісін жонынан, зеңгі малын аяқ алысынан таныған далалық жұрт ықылым заманнан адамзат тарихында өз ізін қалдырып келеді. Мына жер мың жыл бұрынғы табиғи қалпымен сақталып бүгінге жеткендей әсер береді. Жаздағы 35-40 градус ыстық пен қыстыгүнгі 35-40 градус аяз арасында 70-80 градустық айырма болғанмен, киіз үйі, төрт түлігі, ауыз әдебиеті мен ұлттық мәдениеті айнымай сақталған ерекше өңір. Бір ғана оқу-білімінің жайы адамды селқос қалдырмайды.

 30 шақырымнан мектепке қатынайтын заманымыздың қаһармандары

Баяннұрға 30 шақырым жердегі Жақажан ауылында тұратын Ақжол мен ағасы Бердібек үйден сабаққа жексенбі күні түс болмай шығады. Екінші сыныпта оқитын Ақжол ағасынан бір елі ажырамайды. Ал Бердібек жетіншіде оқитындықтан, бір жылдан бері жатақханада тұрады. Ол үйдің үлкені және он күндік қысқы демалысында 150 бас ешкі, 68 қой, 5 сиыр мен 12 жылқыға қараған. Айтуынша, жылқының қайда жүргенін білсе жетеді, ал басқа малдың соңында таңнан кешке дейін еріп жүрмесең болмайды.

Жай барып, аралап көрген аздық етеді. Байыбына бару үшін тағы сәл жақындап, тұман тарқаған соң байқалатын сезім күйіне бойлау керек. Бердібектің сыныптас достарымен таныстық. Оны бір үйдің балалары секілді. Әр баланың үйінде 200-дей ұсақ мал, 50 сиыр, 10 сарлық (тибет сиыры), 10 жылқы және 5-6 түйеден бар. Сабақтан бос кездерінде бәрі мал бағады. Таңертең 8-де шығып, кешкі 7-де қайтады. Күндізгі -13, -15 градус суықтың өзі өңменнен өтеді. Ал олар тұзды шай, кепкен қызыл ірімшік пен нан алады да, еш ойланбай шыға береді. Әрине, олардың суықтан қорғайтын пұшпақ тымақтары, түбіт кеудешелері мен байпақтары бар. Аяз қарыған беттері қызарып, суықты елеп те тұрмаған сыңайлы.

Жапан түзде жүрсе де, шын тәлімгер іздеуден танбайтын әке

Бердібектің сыныптас досы Қонысбай үйіне шақырды, асық ойнағандарын көрсетпек. Бұл жақта да асық ойнау кең тараған. Көшпелі жұрттың асық жимаған кезі жоқ. Асық ойнап жатқанда Қонысбайдың әкесі Елеусіз аға келді. Елеусіз аға егіздің сыңары екен. Сыңары шетінеп, ата-анасы екіншісінен де үміттерін үзеді. Алайда, әжесі қолына алып, көрер жарығы бар балаға ырымдап Елеусіз деп ат қойған екен. Елеусіз аға кәрі, қоңы қашқан сиырлардың жабуын алып, қасымызға келді, бірге отырып тұзды шай ішіп әңгімелестік.

Мал бағып жүрсе де, көзі ашық, көкірегі ояу әрі еңбекқор жан екен. Өз бетінше ізденетіні көрініп-ақ тұр. Кеңес үкіметінен кейінгі жылдарда қолына түскен діни кітаптардан оқып үйреніп, ауылында екі жылдай имам болады. Жалғыз баласы есейіп, ержетіп оқыған, тоқығанды ауылының имамы болса деп армандайды. Ұланбатырда, қажет болса, Мекке мен Мәдинада оқытқысы келеді. Ұлының бұрынғыдай интернетте отырмайтынына дән риза. 

Елеусіз ағаның айтқан мына сөзі естен шығар емес; “Мен мынаған куә болдым: Ескі аурухана Құран әліппесін оқытатын жер болғалы, ауыл жастарының  көшедегі жүрістеріне дейін өзгерді, ауылда бұрынғыдай арақ ішілмейді”. 

Баланың мектебіне жақын жерге көшіп барады

Баян-Өлгей халқының негізгі бөлігі қазақтардан тұрады. Қаланың екі қабатты үйлері Алтай тауының беткейін қаптап, Қобда өзенін жағалай бой көтерген. Қаланы айнала шоғыр-шоғыр орналасқан киіз үй саны қаладан аз емес секілді. Жапан далада сондай табиғи көрінетін киіз үйлер мына жерде басқаша көрініс тапқан. Әйтсе де, олардың көбі асқақ арман жетегімен талай белден асып келген жастар. Балаларының оқуы үшін малдарын сатып, қаланың түбіне келіп қонған. Негізінде ауылдан көшпей, балаларын мектеп жатақханасына жатқызуына болады екен, бірақ анасы Айғаным бұған келіспеген.

Бір жерге шоғырланған, ағайынды 4-5 үйдің біріне кірдік. Отбасындағы алты жанның үшеуі оқушы. Үйдің бір қапталы оқушылардың кітаптарына, сөмкелері мен мектеп киімдеріне арналған. Алғаш көрген адамға мына жер мұражайдағы макет үй секілді, бірақ, олай емес. Әркімнің орны, қалай қарай жантаятыны, қайда отыруға болады, қайда болмайтыны рет-ретімен белгілі. Әкелері Бақыт балаларының таңертең 8-де таңғы астарын ішіп, мектепке кеткендерін айтты. Ертеңгілік -23 градус аязда 10 минутта мектепке жететініне дән риза. Ең үлкен қорқынышы – оларды өскенде Ұланбатырда қалай оқытпақ. Сыңайы киіз үйлерін онда апарып тігу мүмкін емес. Ұланбатырда ағайындары болмағандықтан, әзірге жалғыз жол жатақханаға жатқызу не 3-4 бала бірігіп үй жалдау. Айғаным анасының мұның екеуіне де көңілі толмайды, бірақ қазір қолдан келер шара жоқ. 

 

Жалғасын «Адам және өмір» журналының 16-шы санынан оқыңыздар…

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0