ДІН ЖӘНЕ ӨМІР

Түркістанда ТАЙҚАЗАН

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі көне жәдігерлердің бірі – Тайқазан.  Талай сырды ішіне жасырған тайқазан әлі күнге дейін көпшіліктің қызығушылығын оятып келеді. Тайқазан 1399 жылы Яссы қаласының батыс жағына қарай 27 шақырым қашықтықта орналасқан Қарнақ елді мекенінде Әмір Темірдің тапсырмасымен ұста Абдулазиз бин Шарафуддин Табризи тарапынан жасалған. Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауидің шағын мазарының орнына сәулетті кесенесін тұрғызғаннан кейін тайқазанды 6 шырағданымен кесенеге сыйға тартады.

Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр. Диаметрі 242 см, биіктігі 162 см. Деректер бойынша құрамы: мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір сынды 7 түрлі металдан жасалған.

Тайқазанның сыртқы бөлігі оюлармен өрнектеліп, үш қатар арабша жазулармен көркемделген. Бірінші қатар – қазанның жоғарғы бөлігінде айнала арабша “сүлүс” жазуымен Құран Кәрімнің Тәуба сүресінің 19-аятынан үзінді жазылған:

“Сендер қажыларға су беріп, Мәсжід Харамды жөндеуді Аллаға және ахирет күніне иман етіп, Алла жолында күрескендердің ісімен тең келеді деп ойлайсыңдар ма?”

Аят пайғамбар (с.ғ.с) хадисімен жалғасады: 

“Кімде-кім Алла Тағала жолында су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды.”

Одан кейін қазанның кім тарапынан, кімге арналып жасалғаны, аяқталған жылы жазылған: 

“Бұл су құятын ыдысты Шайхул Ислам, әлемдегі шайхтардың сұлтаны, Шайх Ахмет Ясауидің (қ.с.) мазары үшін ұлық әмірші, көптеген елдің тізгінін ұстаған, Рақымды Патшаның (Алланың) айрықша қамқорлығын иеленумен ерекшеленген Әмір Темір Көреген жасауға бұйрық берді. 20 шаууал 801. (25 маусым 1399 жыл)

Екінші қатар он ірі құбба (емшек) жəне он өрнекті тұтқамен жиырма бөлікке бөлінген. Екі бөлігінде арабша “сүлүс” жазуымен шебердің өз аты-жөні жазылған:

«Аса бай Алланың пақыр құлы, ұста Абдулазиз ибн Шарафуддин Табризи жасады». 10 бөлігінде “куфи” жазуымен парсы тілінде:  «Мүбарак бад» деп жазылып, «құтты, берекелі болсын» деген мағынаны білдіреді. Ал қалған 8 бөлігі ою-өрнектермен көркемделген.

Үшінші қатарда Алланың құдіреті жайлы “куфи” жазуымен «Әлаа әл-мүлк лиллаһ» яғни, «Құлақ салыңдар, барлық жаратылыс, мал-мүлік Алланыкі» – деп жазылған. Бұл жазу 22-рет қайталанады.

Тайқазан не мақсатта жасалғандығы туралы ғалымдардың түрлі көзқарастары мен пікірлері бар. Қазанға жұма күндері су толтырылып, жұма намазынан кейін айналасына дәруіштер алқа құрып отырып зікір салған. Зікірден соң, қазандағы суды қасиетті су ретінде адамдарға ұсынған. 

Негізінде осындай үлкен қазан жасау көне дәуірлерден бері жалғасып келген дәстүр екені мәлім. Қарақазан немесе тайқазан деп аталатын мұндай қазандарды жасаудың терең діни-философиялық мағыналары бар. Қазан – береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны. Мұндай қазандар, ұлы билеушілердің, қасиетті әулие кісілердің, лауазымды қолбасшылардың қабіріне қойылатын. Бұл – қабір иесі ауқатты, руханияты жоғарғы деген мағынаны берген. Осылайша әулие кісілерді зиярат ететіндер олардың рухани дастарқанынан дәм татып, өзінің рухани әлемін байытатын болған.

Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарындағы Құран аятынан және Пайғамбар (с.а.у.) хадисінен оның су құю үшін арналғандығын түсінуге болады. Сонымен қатар бұл қасиетті сөздер адамдарға қызмет етудің (материалдық және рухани жақтан) маңыздылығына да меңзеп тұр. 

Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он рет қайталанып жазылған: «Мүбарак бад» деген сөз «құтты болсын, берекелі болсын», дегені. Бұл осы қасиетті жерге келіп, алып жатқан рухани азықтарың «құтты, берекелі болсын» – деген мағынаны береді.

Үшінші қатардағы «Әлаа әл-мүлкү лиллаһ» – «Құлақ салыңдар, барлық жаратылыс, мал-мүлік Алланыкі» – деген сөз, Мұнда “бүкіл жаратылыстың иесі Алла, барлық мал-дүниенің нағыз иесі бір Алла. Ей адамзат баласы! Жалған дүниеде тәкаппарлыққа берілмей, бұл дүниенің өткінші екенін түсін”, деген терең діни-философиялық мағына бар.

Тайқазан тек көне жәдігер ғана емес, еліміздің әсіресе жас ұрпақтың діни-ұлттық, рухани-мәдени дүниетанымын нығайтуына қажетті аса құнды байлығымыз. 

Қазір тайқазан еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, қазандық бөлмесінде неше ғасырларды басынан өткеріп, өзінің құтты орнында сәуле шашып тұр. Тайқазан егеменді еліміздің тыныштығы мен бірлігінің,  құт-берекесінің нышаны ретінде халқымыздың ең үлкен рухани байлықтарының бірі болып есептеледі. 

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0