ДЕНСАУЛЫҚ

Тісі саудың іші сау

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Өміріміздегі өзгерістер, тамақтану тәртібіміз, дамыған технология және тұрмыста пайдаланылатын химиялық заттар ауыз қуысы мен тіске тікелей ықпал етері сөзсіз. Мамандар қант, шоколад сияқты тәтті тағамдардан кейін тісімізді щеткамен ысып немесе ұртымызға су толтырып жақсылап шаю керек екенін жиі ескертеді.

Алайда, біз бұған қаншалықты мән беріп жүрміз? Жоқ әлде бір нәрсенің қадір-қасиетін оны жоғалтқаннан кейін ғана түсінуді әдетке айналдырдық па? 

Әдемі, сау тістер сізге жайнаған күлкі сыйлаумен қатар, көптеген аурулардың да алдын алады. Мән бермей жүрген бір кішкентай шіріген тісіміз жүрек-қантамыр аурулары, ревматизм, бүйрек пен бауыр дерттеріне, тіпті қатерлі ісікке де апаруы мүмкін.

Олай болса, тістерімізге күтім жасаудың қандай жақсы тәсілдері бар? Ауыз және тіс гигиенасын қалай дұрыс сақтауға болады? Тіс саулығы арқылы бүкіл ағзамыздың бүлінуіне қалай тосқауыл бола аламыз?  Осы сұрақтар төңірегінде біз дәрігер стоматолог Атамбаев Жомарт Даниярбекұлымен сұхбаттасқан едік.

– Тамақтану ауыз қуысы мен тіске қалай әсер етеді?

– Тағамдарды тіс гигиенасы тұрғысынан екі топқа бөлуге болады. Тістің бүліну қаупін арттыратын тағамдар және тіске қауіпсіз тағамдар. Тістің бүліну қаупін арттыратын тағамдар қатарына тіске жабысатын тағамдар (чипсы, шоколад, газдалған сусындар т.б.) жатады. Ал тіске қауіпсіз тағамдарға сүт және сүт өнімдері мен талшықты қоректер кіреді (көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар т.б.). Тістің бүлінуіне жол ашатын тағамдарды жегенде ауызда қышқылдық орта қалыптасады да тістің бұзылуына әкеп соғады.

– Тісіміз неге шіриді?

– Ауыз ішінде қалған тамақ қалдықтарын уақыт өте келе бактериялар қорек ете бастайды. Ал бактериялар бұл қалдықтарды еріту үшін қышқыл бөледі. Бөлінген қышқыл тіске сіңеді де тістер біртіндеп ери бастайды. Осылайша тіс шірігі пайда болады.

– Күйзеліс тіс шіруіне себеп бола ма?

– Күйзеліс ауыз қуысы мен тіске тікелей және жанама түрде әсер етеді. Тікелей әсеріне келер болсақ, күйзелісте жүрген адамдарда тісті шықырлату (бруксизм) өте көп кездеседі. Тісті шықырлату жақ буындарына кері әсер етеді, тістің эмальін кетіреді, қызыл етке жақын жерлерде қабынулар пайда болады. Бұл қабынулар бактериялардың қатысуынсыз пайда болатын шіріктер. Жанама әсерін айтар болсақ; күйзелісте жүрген адамдарда тамақтану тәртібі бұзылады да, тіс тазалығына мән бермеушілік көбірек байқалады. 

– Тіс шіруінің алдын алуға бола ма? 

– Тіс күтімінде тазалық өте маңызды. Шіріктің алдын алу үшін күнделікті тіс тазаларда щетканы дұрыс пайдалану керек. Тісті дұрыс әдіспен күн сайын ең аз дегенде 2 рет, 2 минуттай  щеткамен ысқылау керек. Тамақ қалдықтары мен бактериялардың тіс арасында қалып қоймауын қадағалаған жөн.

– Дұрыс әдісті түсіндіріп бересіз бе?

– Дұрыс тіс ысқылау әдісі: құрғақ тіс щеткасына бұршақтың көлеміндей тіс пастасын жағып, азу тістердің сыртқы жақтарын ысқылаудан басталады. Щетканың басын қызылиек сызығына 45 градус бұрыш етіп ұстап, қызылиектен жоғары қарай ысқылау керек. Тістің ішкі жақтаулары да сол тәртіппен қызылиектен жоғарыға қарай ысқыланады. Нақтылап айтсақ, әдетте біз тісімізді көлбеу (горизанталь) бағытта ысқылаймыз. Ал, бұл қызылиектің қабынуына себеп болады. Сол үшін тісті тік (вертикаль) бағытта ысқылау керек. Тістердің арасы арнайы тіс жібімен тазаланады. Дұрыс тазаланған тіске құрт түспейді. Өйткені тіс пастасы тісті қажетті заттармен қамтамасыз етеді. 

– Тіс ысқылау тәртібіне көңіл бөлмеу тіс шіруінен басқа қандай ауруларға жол ашады?

– Тамақтан кейін ауыз қуысында қалған қалдықтар толық тазаланбаса, түкірік құрамындағы минералдармен  бірге тіс тасы пайда болады. Тіс тасы тістерге жалғанған талшықтардың қабынуына жол ашып, тіс етінің қанауына және жағымсыз иістің шығуына себеп болады.

– Тіс тазалау қай жастан басталады?

– Тіс тазалығы сәби күннен басталады. 0-2 жасқа дейін баланың ауыз қуысы гигиенасы ата-ананың бақылауында болу керек. Ата-ана баланы тамақтандырған сайын тістерін ылғалды шүберекпен немесе балаларға арналған арнайы тазалаушы құралдармен тазалап, аз мөлшерде су ішкізеді. 3-4 жасынан бастап баланы өз бетімен тісін тазалауға бейімдеу керек. Бұл дегеніңіз түгелдей тізгінді балаға беріп, оны бақылаусыз қалдырып қою деген сөз емес. Бұл жас мөлшері еліктеу шағы болғандықтан ата-ана бала үшін ең жақсы үлгі болып саналады.  Осы кезеңде баланы тіс дәрігеріне көрсетсеңіз, тіс саулығының қаншалықты маңызды екенін баланың да сезінуіне ықпал етесіз. 5-6 жасынан бастап баланың тіс ысқылауын қадағалайтын кесте құрып, соған сай балаға кішігірім сыйлықтар беру арқылы қызығушылығын оятып, тістерінің өте таза, әдемі екенін айтып тұрсақ, баланың мұны әдетке айналдыруына үлес қосар едік. 

– Ауыз қуысы мен тіс гигиенасында мисуақтың рөлін атап өтесіз бе? Алғашқы тіс щеткасы туралы не айтар едіңіз?

– Араб түбегінде өсетін эрак ағашының бұтағынан жасалатын мисуақ, ғасырлар бойы табиғи тіс тазалау құралы ретінде пайдаланылып келді. Оның орташа ұзындығы бір қарыс, қалыңдығы кіші саусақтың көлеміндей. Мисуақтың ішінде өзіндік пастасы бар деуге болады. Мисуақ ішіндегі сұйықтықтың бактерияларды өлтіретін қасиеті бар. Тәртібіне сай қолданылатын болса, ауыз қуысы мен тіс гигиенасын бір өзі қамтамасыз ете алады. Бұдан тыс қақырықты жою, көру қабілетін жақсарту, ой-өрістің дамуы және ас қорыту жүйесін жақсартатын қасиеттері де бар.  Ең алғашқы тіс щеткалары доңыз сияқты түрлі жануарлардың қылдарынан жасалған. ХІХ ғасырдың басында микроскоптың ойлап табылуымен хайуан жүндерінде микробтардың бар екені анықталады да оның орнына синтетикалық щеткалар шығарыла бастады. 

– Мисуақты қолдану тәртібін айта кетсеңіз.

– Алдымен қалай дайындау керектігін түсіндірейін. Мисуақтың басынан 1 см қабығы алынып, азу тістердің көмегімен бас жағы жұмсартылады. Мұны апта сайын қайталап отыру керек. Мисуақты қолданудан бұрын және кейін міндетті түрде сумен жуу қажет. Мисуақты бас бармақ пен шынашақ астында қалатындай оң қолмен ұстап, тіс пен тілді ысқылаймыз. Мисуақты пайдаланып болған соң басын жоғары қаратып бір ыдысқа салып қою қажет. Мисуақ кішірейіп 4 елі қалғанда қолданыстан шығады. Өйткені микроб пен кір ағаштың түбіне жиналады.

– Пайғамбарымыз (с.а.у) күніне қанша рет мисуақ қолданғанын білесіз бе?

 – Бұл сұрақты мамандарынан сұраған дұрыс болар. Дегенмен, жауап беріп көрейін.Пайғамбардың (с.а.у) күніне қанша рет мисуақ қолданғаны нақты айтылмаған. Бірақ бес уақыт намаз үшін дәрет алғанда, мешіттен шыққанда, үйіне кіргенде, тіпті тәһәжжүд намазының әр екі рәкатында дәрет жаңалап, мисуақ қолданғаны жайында деректер бар. Осы тұста мына хадис шәріпті де айта кетейік. Айша анамыз (р.а.) айтады: «Алла Расулінің мисуақ қолданғанын көргенде, оның мұншалықты тамаша мисуақ қолданғанын бұрын көрмегендей әсер алатын едім!» – деген екен.

– Әңгімеңізге рахмет! 

 

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0