ЖАНҰЯ

Той көйлектің әуресі

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Жас жұбайлар отбасыларымен қалыңдық киімін алуға барады. 

Келіншек: 

– Жақсы болды, ақыры 35 мыңға түсірдік˗ау. Әдепкіде 65 мың деп тұрмады ма? Жездем керемет саудаласады екен. 

Күйеу жігіт:

– Расымен кәдімгідей жеңілдік жасады. 30 мыңға жуық түсіріпті ғой. Неке көйлегін тіпті қымбатқа сатады ғой осылар.

Келіншек:

– Біздікін су тегін десе болады. Қалыңдық көйлегінің 150, тіпті 200 мыңдық түрлері де бар.

Күйеу жігіт:

– Ана Зейнеп деген құрбың бар еді ғой, сол жалға алған дегенсің. Қаншаға жалға беретінін айтып па еді?

Келіншек:

– Біз де жалға алайық деп тұрмаған шығарсың тағы да? Мұны сөйлесіп едік қой әбден. Саған артық шығындай көрініп тұрған шығар, ал мен үшін, шынымды айтайын, олай емес. Барлық бойжеткеннің арманы бұл. Айналып келгенде, бір˗ақ рет тұрмыс құрам ғой. Мен үшін өте маңызды.

Арадан табаны күректей бес жыл өткен. Екі жастың дүниеге қос сәбиі келген. Қолындағы кітапты парақтап отырған отағасы тазалық жасап жүрген жұбайының күйіп˗піскен даусын естіп, не болып қалды деген оймен шаңсорғыштың даусы шыққан бөлмеге барды. Әйелі кілемнің үстіне баяғы неке көйлегін жайып қойған, тысына дейін басып қалған шаңын сорып әуре боп жатыр. Күйеуінің келіп қарап тұрғанын байқап шаңсорғышты өшіріп, наразы дауыспен:

– Мына көйлек мені әбден шаршатты. Жер˗көкке сыймайды. Бекерге тасумен жүрміз әрі˗бері. Мұндайын білгенде баяғыда жалға ала салар едім. Жалға алғаныңды кім біліп жатыр соны. Бар кигенім бес˗алты сағат қана. Соған бола қаншама ақша құрттық.

Мұндай жай талайларыңызға таныс та шығар. Той кезінде жұмсалатын қаржыны есептегенде, киім˗кешектен бастап кеткен шығынның басым бөлігі, әлгі неке көйлегі секілді бекер жұмсалған артық шығын екенін аңғаруға болады.

Жүргізілген зерттеулер мәселенің біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі проблемаларға жол ашатындығын көрсетіп отыр. Ажырасу ең көп орын алатын аймақтарда жүргізілген зерттеу, мұның ең үлкен себебі аста-төк той жасау әдеті мен тойға жұмсалған шығын екендігін көрсеткен. Бар болғаны басқалардан (туған-туыс, көрші-қолаң, т.б.) қалыспау үшін «қанға сіңген әдетпен» яки жұрт алдында мақтан үшін атқарылған шаралар үйленген соң жас жұбайларға әжептәуір салмақ салады. Бұл жай, үй ішінде тыныштық қашуына себеп болып, армандаған бақыттары экономикалық дағдарысқа ұшырайды.

Киім-кешек әбігері

Үйлену тойы қарсаңында керексіз шығын мен әдеттің түрі көп. Оның әр бірін жеке-жеке қарастыруға уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Сөз реті қалыңдық көйлегінен басталған соң, енді сол киім-кешекке кетер шығынды мысалға алып, қалыңдық көйлегінің қалай әдетке айналғанын тілге тиек ете сөзімізді сабақтайық.

Қалыңдықтың ақ көйлегі алғаш ХІХ ғасырда Еуропада сәнге айналған. Ол кездерде той-томалақтарда әйел заты күміс түстес киім киетін болған. Кейінірек кең етек жайған әппақ той көйлек сәні арада көп өтпей біз жаққа да жеткен. Әппақ қалыңдық көйлегінің нақты қай жылдары сәнге айналғанын дөп басып айту мүмкін болмағанымен, 1898 жылы Кәмалаттин пашаға тұрмысқа шыққан Наима ханшаның ақ көйлек кигені мәлім.

Бізге керегі қалыңдық көйлегінің түсі мен қалай әдетке айналғанынан гөрі, оның экономикалық өмірімізге тигізер әсері болмақ. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Некенің ең қайырлысы оңай, әрі шығынсыз болғаны» деп бұйырған. Үйленген адамның өз шамасына қарай тәуір киінгені дұрыс, солай болуға тиіс те. Өйткені, бұл үйленетін жандар үшін айырықша күн. Алайда той мен той қарсаңында атқарылар шаралар ысырапшылдық деңгейіне жетпеуге тиіс.

Бұрын тұрмыс-тіршілігімізде болмаған кейбір нәрселер уақыт өте келе әдетке айналып, ғұрыптық сипатқа ие болған. Асыра айтқандық емес. Өйткені, әдет-ғұрыптың өзі еліктеуден басталуы әбден мүмкін. Мысалға бүгінгі костюм-шалбар ертеректе біздің өмірімізде болмаған, әйтсе де кәдімгідей дәстүрге айналып, осы әдетті қазір ұстанып келеміз. Ұзату көйлегі, қалыңдық көйлегі, күйеу жігіттің костюмі деген сықылды толып жатқан басқа киім түрлерін де осы қатарға жатқызуға әбден болады. Осындай мәселелерде өте мұқият болған абзал, өйткені ысырапты әдет-ғұрыппен түсіндіру әсте дұрыс емес.

Отбасы

Той қарсаңында жұмсалар қаржы келін мен күйеудің бақытты шаңырақ құрып, басты қажеттіліктерін өтеу мақсатында болуға тиіс. Мәселен, екі жақтан белгілі бір кісілер бас қосып жас келінге киім-кешек және әшекей бұйымдар алу үшін дүкен аралап шығады. Бұл өте жақсы әдет. Той алдында біраз киер киімі алынып жас келіннің нақты қажеті өтеліп, келімді-кетімді қонақ кісілердің алдында қысылмай жүріп-тұруы оң жолға қойылады. Әрі мұның жас келіннің көңіліне мықты демеу екені де рас.

Алайда сатып алушының түсінігі мен екі жақ отбасының араға килігуі осы әдемі ғұрыптың өзін жағымсыз жайға айналдырып жатады. Белгілі бір дүкендерге ғана (негізінен сән-салтанаты келіскен, қымбат) баруды талап етіп, маркасы мен сәнін ғана ойлап қымбат заттарды алдыру және келіннен басқа да кісілерге қосымша бірдеңелер алдыру айтарлықтай салмақ салар экономикалық шығын. Мұндайға жағдайы келетіндер де, келмейтіндер де бар. Және күйеу жақтың жағдайы келіп тұрса да шектен шығудың еш жөні жоқ.

Осыған ұқсас келеңсіздіктерді атастыру, қыз ұзату жоралғыларынан да тізіп шығуға болады. Бір-екі сағат қана киетін көйлек үшін біреудің бір айлық жалақысын санап беруді қандай әдет-ғұрыптың, қандай қисынды ойдың аясына сыйғыза аласыз? Сапалы, әрі әдемі киіммен де қыз ұзату тойын атқаруға болады. Және де мұндай киімді тойдан кейін де киюге болады. «Жұрт не дейді?» дегеннен гөрі «Құдіреті күшті Алла не дейді?» деп ойланған дұрыс. Әйтпесе кім көрінгенге еліктеп, бәсекеге түсіп шабылып әрең деп көтерген жас шаңырақ көп ұзамай ортасына түсуі ғажап емес. Отбасының үлкендеріне осы мәселеде үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алыс-берісте ұтып шығуды ойлаудың орнына, балаларының үй болуына жәрдемдесу әлдеқайда пайдалы болмақ. Ата-аналар балаларын ойлап әрекет етуге тиіс. Күйеу балалары той өткен соң қарыздан құтыла алмай қиналып жүргенде, қыздары  жаңа көтерген шаңырақ астында шын шаттыққа бөлене ала ма?

Таққан әшекей мен алған киімді әйел заты «өзіне берілген баға» ретінде қабылдайтынына шүбә жоқ. Айналасындағы көргендерімен салыстыра қарайтыны да рас. Үйленуді көздеген жігіт пен отбасы бұл жайды назардан тыс қалдырмай, бәріне түсіністікпен қарағаны жөн-ақ. Қолда бар қаржыны жеткізіп, ысырапқорлыққа жол бермей, бәрі екі жақты келісім аясында атқарылса құба-құп. Ата-аналардың «Біздің далаға тастай алмай жүрген баламыз жоқ!» деген ұстанымнан бас тартып, көкейге қонымды, ретімен жөн сілтесе нұр үстіне нұр болар еді.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0