МАРКЕТИНГ

Көпшілікке еру

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Адамдардың біреудің істегеніне еліктеп, соны қайталауы әдебиетте арнайы “тобыр психологиясы” деп аталады. Мұның ең айқын үлгісін қойлар көрсететіндіктен, “қой психологиясы” деп аталатын кездері де бар.

Темір жолдан бастап өткен бір қойдың артына еріп көпшілігінің пойыз астына түсіп қырылғандығын естіген шығарсыз. Қой жарықтыққа қатысты тағы бір хикая; шопан бір табын қойдың алдында келе жатқан қойдың аяғынан қағып қалады. Қой рефлекспен секіріп кетеді. Әлгі қойдың артынан келе жатқан бүкіл қой жап-жазық болса да, жаңағы жерге келгенде шорши секіруге кіріседі. Негізінде олардың өйтуіне еш себеп жоқ.

Соломон Аш және оның ойлары

Танымал американдық психолог Соломон Аш жоғарыдағы суретті тәжірибеден өтушілерге түгел көрсетіп сұрайды: 

“Қай нұсқа көріп тұрған сызықпен бірдей?” 

Дұрысы, адамдардың C нұсқасын таңдауы керек болған, алайда, тәжірибеден өтушілердің 76 пайызы A және B нұсқаларын белгілеген. Сонда, көзге анық болса да, олар дұрыс жауап орнына неліктен қате нұсқаларды таңдады? Мәселенің кілті тәжірибенің жасалу үлгісінде болған. Тәжірибеден өтушілер сегіз кісілік топпен қабылданады, осы сегіздің тек біреуі ғана тәжірибеден шын өтуші екен. Қалған жетеуі болса, тәжірибе жасаушы топ мүшелері болады. Әр қабылдауда тәжірибеден шын өтуші кісіні 6-шы қылып отырғызып, эксперимент жасаушы топтың мүшелері үнемі қате нұсқаны атаған. Өзінің алдындағы қатысушылардың жауабын естіген тәжірибеден өтуші де тобыр психологиясына сай әрекет етіп, біле тұра қате нұсқаның бірін таңдаған.

Қорытынды нәтижеге таңырқаған топ жетекшісі тәжірибеден өтушілермен жүзбе-жүз кездесіп, біле тұра неліктен қате жауапты таңдағандарын сұрайды. Көбі  “басқа қатысушылардан бөлек нұсқаны атасам, ыңғайсыз жағдайға қалармын, мен байқамаған бірдеңе болуы мүмкін” дейді. Ал кейбіреулері болса, басқалардың қате жауап бергенін біле тұра, “көппен көрген ұлы той” деп, жаңсақ жауапты таңдағандарын мойындаған. 

Бұл жерде де жалпы адам баласының жалғыз қалудан қорқып көпшілікке еретіндігі байқалады.

Бұл бір жағынан, қоғамдық тәртіп ережелері мен үкімдеріне бойсұнудың көрсеткіші. Айналып келгенде, кейде адамдар көпшіліктің қабылдаған шешімі қате болса да, соған келісіп жүре береді.

Ұжымдық сана

Тобырды құраған адамдар кім болса да бәрібір; мәдени және экономикалық ахуалдары, мінез-құлқы, ақыл-ойы ұқсас болса да, болмаса да, бір топты құрайтындықтан, оларда әлдебір ұжымдық рух пайда болады. Ұжымдық санада жеке тұлғалардың ой қабілеттері де, кісілік болмыстары да жойылады. Бір текті еместер біркелкі тобырға сіңіп, ортақ бағамдаумен әрекет ету мәжбүрлігі қалыптасады.

Тобыр психологиясы дегенде, негізінен бір топ адамға бағыт беру ойға оралады. Негізінде, адам топтанып, бір жерге жиылмаса да тобыр психологиясы қалыптаса береді. Басқа-басқа жақтарда тұратын қаншама адамды ақпарат құралдарының арқасында тобыр секілді бір жаққа бағыттау осының ең айқын мысалы.

Қалай атасақ та, мұның жаман жағымен қатар, жақсы жағының да барын естен шығармаған жөн. Мәселен, біреудің банкте ешкім ескертпесе де кезекте тұрғандардың артына барып кезек алғанын ойлаңыз немесе ешкім ескертпей-ақ жолдың оң жағымен барып, сол жағымен қайту дегендей… Бұл ереже баяғыдан бар және бар болып қала бермек. Егер олай етпегенде, қоғамдық өмірдің реті қашар еді. Өйткені, әр қоғам өзінше әлеуметтік нормалар қалыптастырады. Oл қоғамға кейін келген жеке адамдар болса, осы тобыр психологиясының арқасында қоғаммен біте қайнасып кетеді.

Тобыр психологиясы пайдаланылатын жерлер

Тобыр психологиясы өмірдің кез келген саласында кездесуі және қолданылуы мүмкін.

• Бір өнімнің не қызметтің бағасын белгілеуде (Құс тұмауына қарсы дәріні саудалау).

• Саяси мәселелерде (Саяси үгіт-насихат түгел соған негізделеді). 

• Лаңкестік оқиғаларда.

• Сән үлгісі мен өмірлік ұстанымда (Сізді байқамау мүмкін емес…) 

• Оқуда (100 % үлгерім…) 

• Ақпарат құралдарында (Халық бейтарап емес…) 

• Ішіп-жемде

• Денсаулықта 

• Спортта 

• Кез келген қоғамдық толқу, арандату секілді істерде қолданылады.

Адам топтанып, бір жерге жиылмаса да тобыр психологиясы қалыптаса береді. Басқа-басқа жақтарда тұратын қаншама адамды ақпарат құралдарының арқасында тобыр секілді бір жаққа бағыттау осының ең айқын мысалы.

Әлемде болып жатқан оқиғаларға көз жіберіп осы психологиямен жоспарланған талай оқиғаны табуға болады. Халықаралық қатынастарда тобыр психологиясы қажетке жиі жарайды. Алайда, тым шебер пайдаланатындықтан, аңғарып көре білу үшін нағыз маман болу керек.

Қандай да бір сауданы жүргізіп, сұраныс қалыптастыруда да тобыр психологиясы пайдаға асады. Мәселен, “Мен қолдандым, мынадай әдемі болдым, сіз де қолданып әдемі болыңыз” деген форматтағы жарнама қызметтері.

Еш қажетіне жарамаса да супермаркетте жұрт алып жатқан тауарды сатып алу сияқты бұл психологияның жағымсыз жақтары да жоқ емес. Қолданыстағы рогатка жарамсыз зымыраннан қауіптірек екенін естен шығармаңыз. Тобыр психологиясын біз барынша тігісін жатқызып түсіндіргенмен, ниеті бұзық топтардың қолында қоғамдық наразылыққа жол ашатында жойқын күш бары да рас. Үндістанда болған мына оқиға біздің нені меңзеп тұрғанымызды айқындап тұрғандай:

Құрбан айт күні сәлделі, сақалды, шапан киген екі адам бір сиырды жетелеп, үнділер тұратын көшемен өтеді. Тас қылып байлаған сиырды сүйрелеп барады. Әрине, үнділердің жас жігіттері алдарынан шығады, “Не істейсіңдер мына сиырды?” деп сұрайды. Ана екеуі бірден “Біз – мұсылманбыз, бұл сиырды соямыз” деп жауап береді. Жас жігіттер ашумен айғайға басады: “Уа, халайық, мыналарды қараңдар, тәңірімізді құрбан етпекші!” Сиыр жетелеген екеу де айғайлайды: “Уа, мұсылмандар, көмектесіңдер, енді бізге құрбандық та шалдырмайтын болды!” Бір демде жұрт жиыла бастайды. Мына жақтан үнділер, ана жақтан мұсылмандар ағылады. Келтекпен, пышақпен бір-біріне бас салады. Қақтығыста жүздеген адам мерт болады. Бірақ, жанжалда сиыр жетелеген екеуді сол маңнан көрген ешкім жоқ. 

Ал екеуін тұрғындар соңғы рет басқа елдің елшілігінде көрген екен десек, таң қала қоймайтын шығарсыз.  

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0