ДІН ЖӘНЕ ӨМІР

Имам Ағзам Әбу Ханифадан (р.а.) БАҒА ЖЕТПЕС НАСИХАТТАР

Google+ Pinterest LinkedIn Tumblr

Имам Әбу Юсуфтың анасы баласының болашақта бір мамандықты игеріп, өз қолы өз аузына жеткенін қалайтын. Осы оймен оны бір тігіншінің жанына көмекші етіп орналастырады. Алайда, Имам Ағзам (р.а.) Әбу Юсуфтың ілім үйренуге деген құштарлығын байқап, оны жанына шақырып алады. Оған ілім үйретеді. Әбу Юсуф жылдар бойы ғұламаның алдында дәріс алады. Қоштасар сәт келген кезде, ұстаз шәкіртіне бірнеше насихат айтады. Әбу Юсуф оны жазып алып әрдайым жанында алып жүреді. Бұл насихаттар Әбу Юсуфтың «Китаб әл-Хараж» атты еңбегінде де кездеседі.

Адалдық пен байсалдылық

1. Ешқашан ешкімді өзіңнен төмен санама. Салмақты бол, барлығына құрмет көрсет. Адамдармен қатты аралас-құралас болма. Қажет кезінде олар сені өздері тауып алатын болсын.

2. Сенімен кездесуге келгендерге жылы қабақ таныт. Оларды қарсы алып, жақсы қарым-қатынас құр. Сұраған сұрақтарына жауап бер. Жауабың қысқа болсын. Сөзді ұзатып шұбырта берме. Жауаптың ұзын болуы сұраушының ойын шатастырады.

3. Ілімді терең меңгеріп, фиқх үйренгісі келген шәкірттердің білімге деген құштарлығын арттыру үшін оларды өз балаңдай жақсы көр. 

4. Ғалымы көп елге барсаң, жұрттың бәрін жаныңа жинаймын деп әлек болма. Сол жердің тұрғындарының бірі ғана бол. Егер осылай жасасаң, олар сенің атақ үшін еңбектенбегеніңді білетін болады. Ал олай жасамасаң, жергілікті ғалымдар сені, ұстанған жолыңды сынға алып, халықты саған қарсы қояды.

5. Егер ғалымдар бір мәселе жайында сұраса, оларға нақты дәлелдерімен бірге жауап бер. Оларға жауап бергеннен кейін талас-тартысқа түспе.

6. Жаман қылықтарын білсең де, ешбір адамды жамандама. Керсінше, оның жақсы жақтарын іздестір. Адамдардың жақсы жақтарын айт. Егер әлгі адамның жамандығы діни жақтан болса, және сен оны көрсең, басқалар оның артынан еріп, қателікке ұрынбау үшін қателігін айт. 

7. Халықтың арасында болсаң, саған құрмет көрсетіп, алға шығармайынша өз бетіңмен алға шықпа. Дәл сол сияқты, сені құрметтеп, ұсыныс жасалмаса, алдарына шығып имамдық жасама.

Өмірлік ұстаным мен бағыт-бағдар

1. Алдымен ғылым ізден. Сосын адал жолмен табыс тап. Одан кейін үйлен. Егер білім жолында жүріп табыс табумен де айналысатын болсаң,  екеуін бірдей орындай алмай, ғылымды жарты жолда тастауға мәжбүр боласың. Ал білім алудан бұрын табыс табуды мақсат  тұтсаң, дүние істері сені айналдырып, бар уақытыңды алып қояды да, уақытың зая болады. Білім алмай жатып үйленер болсаң бала-шаға қамына кірісіп кетесің. Олардың қажеттіліктерін өтеймін деп, білімді тоқтатуға мәжбүр боласың.

2. Он жыл табыссыз, ас-сусыз қалсаң да ілім үйренуді тоқтатпа. Өйткені, білім алуды тоқтатқан күннің өзінде де  тапшылық көруің мүмкін.

3. Ғылымда бір мәселені шешерде мұқият ойлан. Асықпай, жан-жақты зерттеп, шешімін табуға тырыс.

4. Пікірталасқа түссең, еш уақытта қорқып, үрейленбе. Бұл сенің мәселені дұрыс түсініп, сіңіруіңе кедергі келтіреді. Әрі ойыңды дұрыс жеткізе алуыңа да кедергі болады.

5. Істеріңді өз мамандарымен шешуге  тырыс. Бұл сенің білім мен тәжірибеге деген құрметіңді және өз ісінің мамандарына деген сеніміңді арттырады. Бұған қоса қажетің оңай табылып, шығының азаяды. 

6. Мансап пен абыройды жақсы көретін, пайда, атақ үшін көргенсіз, ұят істермен айналысудан тайсалмайтын кісілердің әңгімелерін тыңдама. Олармен араласпа. Ондай адамдар сенің дұрыстығыңды білсе де, оны саған айтпайды. Айламен сені жеңіп, ұялтуға тырысады. 

7. Ғалымдардан бір фиқх мәселесі жайлы сөйлесуге барсаң, жақсылап дайындалып бар. Білгендеріңді жан-жақты, дәлелдерімен қоса айт. Жақсы білмейтін мәселені айтпа. Әйтпесе, тыңдап отырғандар сенен қарағанда олардың білімдері көбірек екен деген ойда қалады.

8. Бір мәжілісте отырғанда сұралған сұрақтарға пәтуа беруге болатын болса, жауап бер. Егер олай болмаса, себебін айт та қысқа қайыр. Қарсыласың сұраққа өзінше жауап беріп, өзгелерді үйретіп кетпеу үшін ол жерден кетіп қал. Мәжілісте өз адамдарыңның бірін қалдыру арқылы қарсыласыңның білімін, дәрежесін және не айтқысы келгенін біліп аласың.

9. Шәкірттеріңнен бірі бір жерде уағыз айтса, ол жерде болмауға тырыс. Ол сені көріп ұялып, сөзінен жаңылуы мүмкін. Уағызға өзің сенген бір адамды қатыстыр. Шәкіртіңнің уағыздарына халықты тарт.

Көркем мінез бен құлшылық

1. Жолда жүргенде үнемі алдыңа қара.

2. Орынсыз күлме. Базарға көп барма. Базарда, көшеде және көпшілік орындарда бір нәрсе жеме.

3. Қарапайым халыққа да, білімді, беделді адамдарға да үлкен-кіші барлығына жақсылық жасап, насихат айт.

4. Әйеліңнің жанында басқа әйелдер туралы айтпа. Егер олай жасасаң, әйелің саған құрметсіздік қылады. Ол да басқа ерлер жайында айтқаным дұрыс екен деп ойлауы мүмкін.

5. Намаздардан соң орындай алатындай бір амал таңдап, оны үнемі орындауға тырыс. Мысалы намаздан кейін Құран Кәрім оқы. Немесе Алланы зікір етіп, бергендеріне шүкір ет.

6. Өлшеп сатылатын нәрселерді өзің өлшеймін деп әбігерге түспе. Сатушының өлшеп, тартқанына сен.

7. Мені де дұғаңның ішіне қосуды ұмытпа.

Басшылармен   қарым-қатынас

1. Басшыңа отқа жақындағандай жақында. Отқа қатты жақындасаң  күйіп кетсің. Ал алыс қалсаң жылуын ала алмайсың.

2. Бір мәселемен сені шақырмайынша алдына шықпа. Үнемі құзырына кіріп-шыға берсең қадірің қалмайды.

3. Сұлтанның қасында сен танымайтын бір ғалым болса,  олардың жанына барма. Сенің білімің одан төмен немесе жоғары. Екі жағдайда да ол адам сені төмендеткісі келуі мүмкін.

4. Басшың саған ғылымға, фиқхқа қатысты бір қызмет айтса, ойлан. Өзіңе, мазхабыңа сай деп ойласаң қабылда. Егер сені және мазхабыңды көзге ілмейтін мәселе болса қабыл етпе.

5. Басшыңмен сөйлескің келсе, сөзіңді оның жанындағы адамдар арқылы жеткізбе. Онымен тікелей өзің жүздес. Басшыңның жанында қадірің жоғалмасын десең, оның жанындағылардың қасына жуыма.

6. Басшың жақын адамдарымен бірге болғанда, сен ол жерде болмауға тырыс. Ал егер сені шақыртып алса, олардың арасында болғаныңды жұртқа айтпа. Егер айтар болсаң, жұрт туындаған мәселелерін саған тапсыруы мүмкін. Оларды орындасаң басшыңа ұнамай қаласың. Ал орындамай қойсаң, халық сені кіналай бастайды. Екеуі де абыройыңды түсіреді.

7. Басшыңнан дінге қайшы іс көрсең оны тәтті тілмен ескерт. Мысалы былай деуге болады. “Сіз бізге басшысыз. Сізге бойсұнамыз. Тек шариғатқа үйлеспейтін мына бір мәселені айтпай кетпеске болмайтын сияқты”. Мұны бір рет айтуың жеткілікті. Ескертуіңді қайталай берсең, басшың ұрсып, қиын жағдайда түсуің мүмкін.

Пікірлер жабық.

  • Тіркелу
Lost your password? Please enter your username or email address. You will receive a link to create a new password via email.
Сіздің жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаймыз
0